Геродот тобы

5-сынып. «Қазақстан тарихынан әңгімелер»

Бұл сабақ — курсқа кіріспе. Оқушылар тарих ұғымымен, тарих ғылымының қалыптасу жолымен, Қазақстан тарихының дүниежүзілік тарих құрамындағы орнымен танысады. Сабақта оқулық құрылымы, шартты белгілер, даталар мен анықтамалардың маңызы көрсетіледі, сондай-ақ карта және жұмыс дәптерімен жұмыс басталады.

Сабақтың тақырыбы

§1. Тарих пәні туралы

Сабақтың түрі

Аралас

Әдістер

СТО технологиясы, әңгімелеу, тест, мәтінмен жұмыс, мағынаны табу, кесте толтыру

Пәнаралық байланыс

География, математика, әдебиет, бейнелеу өнері

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: «Қазақстан тарихынан әңгімелер» курсының мазмұны мен маңызын түсіндіру; тарих ғылымының жалпы ғылым ретінде қалыптасу тарихымен таныстыру.

  • Дамытушылық: оқушыларды өз ойын жүйелі жеткізуге, пікір айтуға дағдыландыру; ойлау қабілетін дамыту.

  • Тәрбиелік: тарих пәнінің өткенді саралап, болашақты бағдарлаудағы рөлін ашу; Отанды сүюге, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекілік

Оқулық, карта, сызба, суреттер, слайд материалдары.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқу құралдарын тексеріп, түгелдеу.
  • Әнұран орындау; мәтінін және әнін жазған авторларды сұрау.
  • Оқушылардың назарын сабаққа шоғырландыру.

II. Қызығушылықты ояту (сұрақ-жауап)

Біз қайда тұрамыз?
Қазақстанда.
Астанамыз қай қала?
Астана.
Ол бұрын қалай аталды?
Ақмола, Целиноград.
Алғашқы адамдар қанша жас өмір сүрген?
Нақтысын бірден білу қиын; оны тарих ғылымы зерттеп, бізге түсіндіреді.

Осы сұрақтар арқылы оқушыларға тарих пәні өткенді танып-білуге көмектесетінін түсіндіреміз. Сондықтан оқулықтағы әр тақырыпты мұқият оқу маңызды.

Оқулықпен алғашқы танысу

  • Оқулықтың құрылымы мен мазмұнын шолу, мұқабадағы мағынаға назар аударту.
  • Авторларды жаздырып қою, оқулықта ерекше белгіленген даталар, анықтамалар, шартты белгілер туралы түсіндіру.
  • Қазақстан Республикасының Әнұраны мәтінімен таныстыру: Әнұранды жатқа білу — Отан алдындағы парыз екенін ұғындыру.
  • Туған жерді, елді сүюге, құрметтеуге және ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

III. Мағынаны тану (жаңа тақырып)

Сабақ жоспары

  1. Пәннің құрылымы: «Қазақстан тарихынан әңгімелер» курсы.
  2. Тарих ұғымы. Тарих пәні.
  3. Тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуы.
  4. Тарихты оқып-білу не үшін қажет?
  5. Қазақстан тарихы — дүниежүзілік тарихтың бір бөлігі.

Оқулық авторлары

  • Ж. О. Артықбаев
  • Ә. Ә. Сәбденбекова
  • Е. А. Әбіл

Шартты белгілер

  • Сұрақтар мен тапсырмалар
  • Өзін-өзі тексеру сұрақтары
  • Шығармашылық тапсырмалар

Кіріспе әңгіме: тарихшылар әлемі

Батыс әлеміне танымал Геродотпен қатар, Шығыста Сыма Цянь, Рашид ад-Дин сияқты ірі тарихи тұлғалар да болғанын атап өтеміз. Оқулықтағы және слайдтағы суреттер арқылы олардың еңбектеріне қысқаша шолу жасалады.

Алғашқы сабақтардан-ақ карта және жұмыс дәптерімен жұмыс басталады: қарапайым тапсырмалар арқылы Батыс пен Шығыс туралы түсінікті кеңейтіп, картадан бағыт-бағдар табуға үйретеміз.

Сонымен бірге Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы туралы қысқаша мәлімет беріліп, Мұхаммед Хайдар Дулати тұлғасына назар аударылады.

Топтық жұмыс (жедел оқу және талқылау)

Оқушылар суреттер бойынша топтарға бөлінеді. Әр топ өз тақырыпшасын 3 минут оқып, 2 минут талқылайды. Кейін топтан 1–2 оқушы қысқаша баяндап береді.

Геродот тобы

Тарих ұғымы

Сыма Цянь тобы

Тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуы

Рашид ад-Дин тобы

Тарихты оқып-білу не үшін қажет?

Мұхаммед Хайдар Дулати тобы

Қазақстан тарихы — дүниежүзілік тарихтың бір бөлігі

Маңызды ұғымдар

«Тарихтың қалыптасуы мен дамуы» тақырыпшасында шежіре, «тарих атасы» сияқты жаңа сөздерге ерекше тоқталамыз. Тарих айту дәстүрі тек Батыста ғана емес, қазақ халқында да болғаны; ауызша деректердің ұрпақтан-ұрпаққа сөз бен жад арқылы жеткені түсіндіріледі. Қазақ шежіресіндегі «Атамыз Алаш, керегеміз ағаш» тіркесінің мағынасы талқыланады.

Тапсырмалар топтамасы

1-топ: Кестеге тиісті сөзді жазыңдар

  • Шежіре — есте сақтау, жадыдағы білім, рухани қазына.
  • Шежіреші — әңгімелерді жаттап, елге айтып отыратын адам.
  • Аталы сөз — «Атамыз Алаш, керегеміз ағаш».

Анықтамалық деректер

  • Геродот (б.з.б. 484–425) — тарих туралы еңбектерімен белгілі.
  • Сыма Цянь (б.з.б. 145–86) — 130 тараудан тұратын «Ши цзи» («Тарихи жазбалар») еңбегінің авторы.

2-топ: Картамен жұмыс

Карталардан тарихшылардың ежелгі және қазіргі кездегі отандарын табыңдар.

3-топ: Уақыт бағанасын толтырыңдар

Р/с Кезеңдері Қамтитын уақыты
1 Ежелгі Қазақстан тарихы
2 Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы
3 Жаңа замандағы Қазақстан тарихы
4 Қазіргі замандағы Қазақстан тарихы

4-топ: Тарихшыларды сәйкестендіріңдер

  • 1247–1318 жж. — «Жами ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы»)

    Парсы тілінде жазылған. Ұлы дала өркениетінің көшбасшылары Алаша хан, Уыз хан туралы аңыз-деректер айтылады.

    Тиісті авторын жазыңдар.

  • 1499–1561 жж. — «Тарих-и Рашиди», «Жаһаннаме»

    Орта ғасырлардағы қазақтар, Қазақ хандығы туралы мәліметтер келтірілген.

    Тиісті авторын жазыңдар.

  • 1555–1607 жж. — «Шежірелер жинағы»

    XV–XII ғғ. Қазақ хандығы туралы деректер айтылады.

    Тиісті авторын жазыңдар.

IV. Қорытынды және ой толғаныс

Қорытындылау

Оқушылардың назарын оқулықтың мазмұны мен құрылым ерекшеліктеріне аударып, курс бойындағы негізгі тарихи оқиғалар әңгіме түрінде қарастырылатынын түсіндіреміз. Алғашқы сабақта белсенділігі төмен оқушыларды да қамтып, қолдау көрсету маңызды.

Бекіту тапсырмасы

«Бұл кім? Оның еңбегі қалай аталады?» — сурет бойынша жұмыс. Оқушылар өз ой-пікірін дәлелдеп айтады.

Негізгі түйін

Тарих сабағы — аса қызықты әрі маңызды пән. Әр сабаққа тыңғылықты дайындалсаңдар, бұрын білмеген көптеген деректермен танысасыңдар. Тарих — ең көне ғылымдардың бірі, бірақ оның маңызы ешқашан жойылмайды: кез келген ғылымды меңгеру үшін, ең әуелі оның пайда болу тарихын білу қажет.

«Ағаш тамырымен өседі, адам өз тарихымен өседі.»

Бағалау

Оқушылар сабаққа қатысу белсенділігіне және тапсырмаларды орындауына қарай бағаланады.