Сиыр төлі

Ашық сабақ: әдебиеттік оқу (3-сынып)

Сабақ тақырыбы: Төрт түлік туралы жырлар. «Торы құлын». «Сиыр»

Мақсаты (білімділік)

Оқушыларды төрт түлік төлдерінің атауларымен таныстыру; төрт түлік туралы түсінігін кеңейту; сабақ барысында сөздік қорын молайту.

Мақсаты (дамытушылық)

Мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту; төрт түліктің пайдасы туралы білімін толықтыру; тіл байлығын, ой-өрісін, іскерлік дағдыларын, шығармашылық қабілетін қалыптастыру.

Мақсаты (тәрбиелік)

Төрт түлікке құрметпен қарауға, еңбексүйгіштікке, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Көрнекілік және жабдық

  • Интерактивті тақта
  • Төрт түлік суреттері, үлестірмелер
  • Тапсырмалар, ойын түрлері

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап, түсіндіру
  • Мәнерлеп оқу, ой қозғау
  • Шығармашылық жұмыс, пікірлесу, әңгімелеу

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

1) Психологиялық дайындық

Балалар, бәріміз шаттық шеңберіне тұрайық. Көңіліміз қашан көтеріледі? (сыйлық алғанда, ойнағанда, ата-анамыз еркелеткенде)

Ендеше, бір-бірімізге жылы сөз айтып көрейік:

ақылдым сол қошақаным құлыншағым томпағым ботақаным алтыным ай-күнім жарығым періштем жұлдызым

2) Топқа бөліну

Бүгін сабақты топпен жұмыс түрінде өткіземіз. Үстел үстіндегі қима қағаздарды алып, өз орындарыңды табыңдар.

  • 1-топ: мысалдар
  • 2-топ: мақал-мәтелдер

Әр топ өз көшбасшысын сайлайды. Топ басшысына бағалау парағы беріледі: оқушылар тізімін жазып, тапсырмалар бойынша бағалап отырасыңдар.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Ұяшықтарды таңдау арқылы өткен сабақты еске түсіреміз. Бірінші ұяшықты кім таңдайды?

Егер толық жауап берсеңдер, жаңа сабағымыздың тақырыбы да ашылады.

10-ұяшық

Бесік жырының тәрбиелік мәні неде?

20-ұяшық

Бесіктің қандай пайдасы бар?

30-ұяшық

Бесік жырынан үзінді айтып бер.

40-ұяшық

Халық ауыз әдебиетінің түрлерін ата.

Тақтада қандай сурет шықты? Бұларды бір сөзбен қалай атаймыз? Төрт түлік.

III. Жаңа сабақ

Төрт түлік жырлары: «Торы құлын», «Сиыр». Төрт түлік туралы не білетінімізді ой қозғау арқылы анықтаймыз.

Ойын: «Төлін тап»

  • Жылқы төлі қалай аталады?
  • Түйе төлі қалай аталады?
  • Қой төлі қалай аталады?
  • Сиыр төлі қалай аталады?

Ойын: «Дауысынан ажырат»

Тыңдап көрейік: бұл ненің дауысы?

кісінейді боздайды маңырайды мөңірейді

Ерекше дауыс — түйенің боздағаны.

Топтық жұмыс (1-тапсырма)

1-топ

«Бұзауқан, ботақан, қошақан, құлыншақ» сөздері қандай ой туғызады? Қандай пікір айта аласыңдар?

2-топ

«Малдың иесі, пірі» деген тіркестер қандай ой туғызады? Осы ұғымдарды қалай түсінесіңдер?

Уақыты: 3 минут. Жауап ауызша немесе жазбаша ұсынылады.

Оқулықпен жұмыс (2-тапсырма)

1-топ

«Торы құлын» өлеңін іштей оқыңдар.

2-топ

«Сиыр» өлеңін іштей оқыңдар.

Түсініксіз сөздер кездессе, қарындашпен белгілеп отырыңдар. Уақыты: 1 минут. Әр топтан бір оқушы мәнерлеп оқып береді.

Түсініксіз сөздер мен сөздік жұмысы

«Торы құлын» мәтінінен

Жұп-жұмыр
Тып-тығыз, тығыршықтай, сымбатты, сұлу.
Бұлтиып
Еркелеген баладай томпиып, бұртиып тұрған күй.

«Сиыр» мәтінінен

Сәйгел, оқыра
Жаздың ыстық күндерінде сиырға тиетін сона тәрізді жәндік және соған байланысты мазасыз күй. Сиыр құйрығын шошайтып, көзін алартып, тым-тырақай қашып, мөңкіп, жөңкіп кетуі мүмкін.
Мөңку
Тулағыш күй: басын төмен салып, артқы аяқтарын көтере тебіну.
Жөңку
Үріккен малдың жүйткіп, жосып, кең далаға сыймай қашуы.

Дәптермен жұмыс

«Сәйгел», «оқыра» сөздерінің мағынасын дәптерге жазыңдар: сиыр малына тиетін сона тәрізді жәндік және соған қатысты жайсыздық.

Сергіту сәті

Орнымыздан тұрып, қысқаша сергіп алайық.

Топтық жұмыс (3-тапсырма)

1-топ

Тақтадағы құлын мүшелеріне қатысты теңеу сөздерді тауып, кестеге жазыңдар.

2-топ

Суретке қарап, сиырды сипаттаңдар.

Уақыты: 2 минут. Соңында жауаптарыңды тақтадағы үлгімен салыстырып тексеріңдер.

Сипат Теңеу / сипаттама үлгілері
Мүйізі айдай иілген, найзадай
Танауы көкке шүйірген
Желіні тырсиып, сүтке толы
Күйі семіз, күйлі, бүйірі шығып ыңқылдайды
Тілі ұзын, шөпті орып, күйзеп жейді
Түсі ала, қарақасқа, қызылала

IV. Сабақты бекіту

4-тапсырма: өнімдер кестесімен жұмыс

1-топ: сиырдан алынатын өнімдер. 2-топ: жылқыдан алынатын өнімдер.

Уақыты: 3 минут. Әр бағанды 3 оқушы жеке-жеке оқып береді.

Сиыр өнімдері (үлгілер)

  • Сүт тағамдары: қаймақ, айран, құрт, ірімшік, май, кілегей, сүзбе, қатық, сарысу
  • Тері-былғары бұйымдары: мәсі, кебіс, етік, шалбар, белдік, қайыс, қапшық
  • Ет тағамдары: қуырдақ, шұжық, түрлі ас түрлері
  • Тұрмысқа қажет: торсық, саба, тұлып, ішік, тон, сүйектен тарақ

Жылқы өнімдері (үлгілер)

  • Ет тағамдары: қазы, қарта, жал-жая, жал-құйрық, қарын
  • Қымыз: уыз қымыз, бал қымыз, түнеме қымыз, т.б.
  • Қыл-тері, тұрмыс бұйымдары: арқан-жіп есу, сүзгі тоқу, қобыз шегі, көпшік/бөстек жасау
  • Қосымша: тұяғынан дәрі, былғарыдан әмиян, сөмке, етік

Қымыз туралы қысқаша дерек

Қымыз — жалпы күш беретін, дәруменге бай сусын. Ол бие сүтінен (саумалдан) жасалады.

Пайдалы қасиеттері

  • Құрамында A, B, C, E дәрумендері бар
  • Тез сіңеді, зарарсыздандыратын қасиеті бар
  • Қан айналымын жақсартады
  • Ас қорыту үдерісін қалыпқа келтіреді

Жасалу және ашыту ерекшелігі

  • Алдымен саумал жиналады (бие күніне 4–6 рет сауылады)
  • Ағаш ыдыс бөтен иіс пен дәмнен қорғайды
  • Жылы жерде өздігінен ашиды (сүтқышқылды ашу)
  • Күштілігі сақталу ұзақтығына байланысты: 1 тәулік — жеңіл, 2–3 тәулік — қышқылырақ

Тағамдық құндылығы: 100 мл қымыз шамамен 40 ккал.

Қымыз туралы деректер ежелгі дәуірлерден белгілі; дайындау дәстүрі бүгінге дейін сақталған.

V. Сабақты қорытындылау

5-тапсырма: «Ақын болар ма екенсің?»

Өлең жолын жалғастырып көр. Уақыты: 3 минут. Әр топтан 1 оқушы өз өлеңін оқиды.

1-топ тақырыбы

«Ақ бұзауым»

2-топ тақырыбы

«Құлыншағым»

Бағалау

Топ басшылары бағалау парағы бойынша қорытынды бағаны ұсынады.

Үй тапсырмасы

  • «Торы құлын», «Сиыр» жырларын мәнерлеп оқу
  • Төрт түлік туралы эссе жазу

Рефлексия: «Жайлау композициясы»

«Жусаны мен жуасы бұрқыраған, өрісінде төрт түлігі шұрқыраған» — демекші, балалар, кең жайлауымызға не жетіспей тұр? (киіз үй, малдар, гүлдер, біз)

Ендеше, бәріміз бірігіп, жайлауымызды мал-жанға толтырып, жандандырып жіберейік.