Ыбырайдың табиғат лирикасына арнаған өлеңін ата
Сабақтың тақырыбы
Абай Құнанбаевтың «Қыс» өлеңі.
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларға қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты мәлімет беру.
Дамытушылық
Оқушылардың сөйлеу және тыңдау мәдениетін дамыту, мәнерлеп оқу техникасын жетілдіру, өлеңді құрылысына қарай талдау дағдысын қалыптастыру.
Тәрбиелік
Ұлы ақын шығармаларынан үлгі-өнеге алу, өнерді құрметтеуге және әдебиетті сүйіп оқуға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі, әдіс-тәсілдері және көрнекілігі
Сабақтың түрі
Танымдық-ізденіс сабағы.
Сабақтың әдіс-тәсілі
Сын тұрғысынан ойлау стратегиялары, топтық жұмыс.
Көрнекілігі
Абай Құнанбаевтың портреті, шығармашылығына арналған слайдтар топтамасы.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасып, сыныпты 3 топқа бөлемін:
-
I топ
Жүрек
-
II топ
Қайрат
-
III топ
Ақыл
Сабаққа кіріспес бұрын оқушылардан бүгінгі ауа райы туралы пікірлерін сұраймын. Әр жыл мезгілінің өзіне тән ерекшелігі бар: ауа райы құбылып, өзгеріп отырады. Ендеше, қазақ жұлдызшылары қыс мезгіліне қатысты ауа райын қалай болжағанына назар аударайық.
Айдың тууы, тоғысуы және аралық шағын байқап, бағамдай білген қазақ халқының көріпкелдері мен жұлдызшылары ауа райының өзгерісін дәл тауып, айтып отырған.
«Қырбастың қызылы»
Желтоқсан айының басында болатын алғашқы аяз осылай аталады. Сарыарқа өңірінде қыс ерте түсіп, қатты аяздар мен бұрқасын борандар басталады.
«Күннің таласуы»
Бұл мезгіл қаңтардың алғашқы күндеріне сәйкес келеді. Осы кезде күн жылып, ауа райы өзгеріп, қар жауады. Боран болуы да мүмкін.
«Қыс шілдесі»
Қаңтардың соңғы күндері қыс күшіне еніп, сақылдаған сары аяз орнайды. Қыстың нағыз қақаған уақыты «қыс шілдесі» деп аталады.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Ыбырай Алтынсариннің «Өзен» өлеңін мәнерлеп оқу және өлең құрылысына талдау жасау.
III. Үй тапсырмасын бекіту
- Ыбырай Алтынсарин қай жылдары өмір сүрді? (1841–1889)
- Қай жерде дүниеге келген? (Қостанай облысы, Затобол ауданы)
- Кімнің тәрбиесінде болды? (атасы Балғожа бидің)
- Қандай игі іс атқарды? (1864 жылы мектеп ашады)
- 1864 жылы ашылған мектепте қанша бала оқытты? (14 бала)
-
Бала оқытқанына қатты қуанған Ыбырай бір хатында не деп жазған?
«Он төрт бала оқытамын. Бала оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай тиістім. Балалар да менің айызымды қандырып, оқуды тез меңгеріп алды».
- Ыбырайдың табиғат лирикасына арналған өлеңін ата. («Өзен»)
IV. Жаңа сабақ
1) Қызығушылықты ояту
Оқушыларға «Желсіз түнде жарық ай» әнін тыңдатамын.
Сұрақ: Бұл әннің авторы кім? Жауап: Абай Құнанбаев.
2) Топтастыру стратегиясы
Абай Құнанбаев туралы не білесіздер? Оқушылардың жауаптарын тірек ұғымдар арқылы жинақтаймын:
- Ұлы ақын
- Сазгер
- Аудармашы
- Шешен
- Ағартушы
- Қоғам қайраткері
- Саясаткер
- Әділ би
- Табиғат жыршысы
- Қазақ әдебиетінің көшбасшысы
Н. Назарбаев: «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс».
3) «Түртіп алу» стратегиясы
Оқушыларға Абай туралы қысқаша дерек мәтінін таратып, дайындалуға 5 минут уақыт беремін. Белгілеу жүйесі:
| Белгі | Мағынасы |
|---|---|
| V | Білемін |
| + | Жаңалық |
| – | Білмеймін / келіспеймін |
| ? | Күдікті / таң қалдырды |
Абай Құнанбаев туралы дерек
Абай Құнанбаев 1845 жылы бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыстау бөктерінде дүниеге келген. Руы — Тобықты. Әулеті Тобықты ішінде ықпалды, билік жүргізген тұқымнан шыққан. Атасы Өскенбай — Тобықтының атақты биі. Әкесі Құнанбай ұзақ жыл Тобықты болысына старшын болып, бір кезеңде Қарқаралы округіне аға сұлтан болған.
Құнанбайдан Құдайберді, Тәңірберді (Тәкежан), Абай, Ысқақ, Оспан, Қалиолла, Смағұл атты ұлдары болған. Абай жас кезінен-ақ ерекшеленіп, ауыз әдебиетін, ертегі-аңыздарды, ескі әңгімелерді, жыр-қиссаларды ықыласпен тыңдаған. Әжесі Зере мен анасы Ұлжан — жас Абайдың әдебиетке құмарлығын оятқан жандар.
Ауыл молдасынан сауат ашқан Абай 10 жасында Семейге оқуға келеді. Әуелі Ғабдул-Жаппар, кейін Ахмет-Риза медресесінде оқып, үздік білім алады. Дін сабақтарымен қатар араб, парсы тілдерін меңгеріп, Низами, Сағди, Фердоуси, Хафиз, Физули сияқты шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады.
Оқуының соңында Семейдегі приходская школада үш ай орысша білім алады. Осы қысқа уақыт Абайдың орыс тілін өз бетімен игеруіне, әдебиет арқылы жаңа ой-сарын әкелуіне ықпал етеді.
Абай 1904 жылы 23 маусымда қайтыс болды. Сүйегі өз қыстауы Жидебайға жерленген. 1888–1890 жылдары табиғаттың төрт мезгіліне арналған «Қыс», «Жаз», «Күз», «Жазғытұрым» өлеңдерін жазды.
Абай аударма саласында шеберлік үлгісін көрсетті: ол тек сөзбе-сөз мағынаны жеткізумен шектелмей, көркемдік табиғатын сақтап, жаңаша сөйлетті. Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасын аударуы — соның айғағы.
Абайдың поэмалары — «Масғұт», «Ескендір», «Әзім». Бұл туындылар қазақ өмірінен тікелей алынбай, шығыстық сарынмен жазылған. Сондай-ақ ақынның 45 қара сөзі — ұлттық ой қазынасы. Әндері бүгінге дейін нотаға түсіп, классикалық туынды ретінде орындалып келеді.
4) Термин сөздермен жұмыс
Лирика
Адамның көңіл күйін білдіретін сыршыл өлең түрі. Лирика түрлері: саяси, махаббат, философиялық, табиғат, азаматтық.
Кейіптеу
Жансызды жанды кейіпте суреттеу, яғни жандының іс-әрекеті мен қимылын бере отырып бейнелеу.
5) Өлеңмен жұмыс
Өлеңді мәнерлеп оқу. Топтық тапсырмалар:
I топ — Қайрат
- Табиғат лирикасы туралы айту.
- Өлеңде кездесетін жаңа сөздерді теріп жазу.
II топ — Ақыл
- Өлеңнен кейіптеуді табу.
- Қыстың жеке көріністерін дербес алып қарастыру.
III топ — Жүрек
- «Қыстың сипаты» немесе «Қысқы ауыл» тақырыптары бойынша сурет салу.
- Ы. Алтынсариннің «Өзен» өлеңі мен А. Құнанбаевтың «Қыс» өлеңін салыстыру.
6) Өлеңге сатылай кешенді талдау
- Өлеңнің авторы
- А. Құнанбаев
- Өлеңнің тақырыбы
- «Қыс»
- Идеясы
- Қысқы табиғат көрінісі
- Жанр түрі
- Табиғат лирикасы
- Негізгі түйіні, тәрбиелік мәні
- Қазақ ауылының қысқы тұрмыс-тіршілігін, табиғат мінезін таныту.
- Кейіптеу
- Жансызға жан бітіріп, мінез бен әрекет беру арқылы сипаттау.
Шумақ
5
Тармақ
22
Бунақ
2
Буын
11
Ұйқас
ААБА, кезекті
Үлгі жолдар (қара өлең ұйқасы)
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Кейіптеу арқылы берілген қыс мінезі
Дем алысы — үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң қыс келіп, әлек салды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
V. Сабақты бекіту
«Еркін жазу» стратегиясы бойынша тапсырмалар:
I топ
«Табиғатым — мекенім» тақырыбында эссе жазу.
II топ
«Абай ата ізімен» қыс мезгіліне өлең шығару.
III топ
Тақырып бойынша 5 сұрақ әзірлеу.
VI. Үй тапсырмасы
Абай Құнанбаевтың «Қыс» өлеңін жаттау.
VII. Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі, топтық жұмысқа араласуы, өлеңді мәнерлеп оқуы және талдаудағы дәлдігі бойынша бағаланады.