Күнісіз қазақ көгінің, Шуағын шашқан халқына
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, №9 Майлықожа атындағы жалпы орта мектеп
Кітапханашы: Темирбекова Раушан Дүйсенәлиевна
Сабақтың мақсаты
Қазақ халқының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы туралы мағлұмат беру: оның туып-өскен жері, білім алған ортасы және қызмет еткен кезеңдері.
Елбасының өмір жолынан үлгі ала отырып, Отанды және халықты сүюге, ержүректілікке, азаматтыққа тәрбиелеу.
Егемен елдің патриоты болуға баулу.
Көрнекіліктер мен құралдар
- Техника: интерактивті тақта, компьютер, слайдтар
- Көрме: «Елін сүйген – Елбасы» кітап көрмесі
- Материалдар: ҚР Президентінің суреттері бар буклеттер
- Безендіру: шарлар мен гүлдер
Өмір жолы: негізгі кезеңдер
Балалық шағы мен алғашқы білім
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылдың шілде айында Алматы облысы, Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданындағы Шамалған ауылында дүниеге келген. Балалық шағы таршылық кезеңмен тұспа-тұс келді: үлкендерге мал бағуға, бау-бақша күтуге көмектесті. Өз естелігінде айтқандай, өсірген азын-аулақ өнімді сатып, отбасына қажетті заттар алу үшін есек жеккен арбамен теміржол стансасына бару үлкен мереке саналатын. Мектепте жақсы оқып, білімге ұмтылды, ата-анасын құрметтей білді.
Еңбек жолының басталуы
1958 жылы мектепті тәмамдаған соң Қарағанды металлургия комбинатының құрылысына аттанды. Кейін Украинаның Днепродзержинск қаласындағы №8 техникалық училищесіне оқуға түсіп, 1960 жылы бітірді. Сол жылы Теміртау қаласында еңбек жолын қара жұмысшы ретінде бастап, кейін Қарағанды металлургия зауытында шойын құюшы болып жұмыс істеді.
Қызмет баспалдақтары
1964–1965 жылдары Қарағанды политехникалық институтында оқи жүріп, өндірісте әртүрлі қызмет атқарды. 1969 жылдан бастап партия және комсомол құрылымдарында жауапты қызметтерге тағайындалды. 1970–1980 жылдары Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде басшылық қызметтерді атқарып, тәжірибе жинақтады.
Тәуелсіздік кезеңіндегі жауапкершілік
1989 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы, 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық президент сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Президент болып сайланды. Бұл — ел тарихында халық алғаш рет өз тағдырын сеніп тапсырып, басшысын таңдаған маңызды кезеңдердің бірі.
Тәуелсіз Қазақстанның рәміздері мен тарихи белестер
Мемлекеттік рәміздер
1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны туралы заңға қол қойылды. Рәміздер — елдіктің белгісі, ұлттың айрықша нышаны.
Ту
Көк аспандай көкпеңбек Қазақстан жалауы — ашық ниеттің, асқақ арманның, еркіндіктің нышаны.
Елтаңба
Шаңырақ, қанатты қос арғымақ — бірлік пен берекенің, кеңдіктің символы.
Әнұран
Елге деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген сағынышты ұлықтайтын ортақ үн.
Ел дамуына қатысты мысалдар
Елбасының халықпен етене байланысы, қиын кезеңдерден өту, елдігімізді әлемге таныту сияқты міндеттер уақыт талабымен қатар жүрді. Тәуелсіздік жылдары ел ішінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, тарихи тақырыптағы жобалар мен фильмдер жарық көрді.
Кинотуынды
«Елбасы жолы» фильмі үш бөлімнен тұрады: «Балалық шағымның аспаны», «Теміртау», «Отты өзен».
Өлең жолдары: ел, тәуелсіздік, азаматтық рух
Тәуелсіз ел Қазақстан — гүлстан,
Ақындары жыр арнаған алыстан.
Хан шатырымен мұндалап көрінсе,
Бәйтерегі көз тартады алыстан.
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға су алған...
Қазақ елі, желбіреп көк байрағың,
Гүлге оранды ауылың мен аймағың.
Нұрсұлтаның биіктерге бастады,
Ол көрсеткен нұрлы жолдан таймағын.
Тәуелсіздік — рухы күшті ғажап күн,
Артта қалды бодан болған азап күн.
Елім, жерім, қазағым деп тебіренем,
Өйткені мен — тәуелсізбін, азатпын.
Нақыл сөздер: толықтыр да, ойлан
Төмендегі сөйлемдердегі қалып қойған сөздерді тауып көріңіз.
1) Жақсыдан ... қалады.
бақ2) Білімді дамыта алмайтын елдің ... жоқ.
болашағы3) Тәрбие ошағы — ....
мектеп4) Қазақ қазақпен ... сөйлессін.
қазақша5) Біз үйренетін ұлттан ... ұлтқа айналуымыз керек.
үйрететін6) Ұлт болашағы ... қолында.
білімді ұрпақтыңҚорытынды ой
1991 жылдан бері еліміз өз болашағын берік қолға алудың нәтижесінде тыныш, берекелі өмір сүріп келеді. Сол кезеңдегі халық сеніміне адал болып, ел үмітін ақтаған тұлғаға халықтың айтары шексіз.
Біз бүгін мемлекетіміздің абыройы мен айбынын айқындаған тарихи кезеңдерге куә болған, тәуелсіз елдің жетістігін бағалай алатын ұрпақпыз. Ел дамуына бағытталған жасампаз еңбектің баянды болуы — бәріміздің ортақ тілегіміз.
Өсиет
Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңге жалғайтын, қазақ елінің болашағы үшін жауап беретін ұрпақ екенімізді ешқашан естен шығармайық.