Назарларыңызға рахмет
Ертеңгіліктің барысы
Бұл ертеңгілік — шәкірттердің тұңғыш оқулығы «Әліппемен» қоштасып, жаңа пәндерге қадам басатын сәтін әсем ән, өлең, ойын және көріністер арқылы мәнді де әсерлі етуге арналған.
Кіріспе сөз
Мұғалім қонақтар мен оқушыларды қарсы алып, «Әліппенің» білімге бастар алғашқы баспалдақ екенін атап өтеді.
Ортақ қуаныш
Оқушылардың бойы да, ойы да өсіп, оқу дағдысы қалыптасқаны — ата-ана мен ұстаз үшін ең үлкен қуаныш ретінде айтылады.
Мұғалімнің сөзі
Сахналық мәтінАрмысыздар, құрметті қонақтар, оқушылар! Шәкірттің қолына тұңғыш рет ұстап, бетін ашқан оқулығы — «Әліппе». Барлық ғылымның атасы, болашағымыздың негізі — әліппені аяқтау мерекесіне қош келдіңіздер! Ертеңгілігімізді бастайық.
Оқушылардың құттықтау өлеңдері
Қайырлы күн, уа, халайық!
Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар.
Білім іздеп, инемен құдық қазғандар,
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би биленіп, ән де бүгін шырқалар.
Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Хош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,
«Әліппемен қоштасу» тойымызға.
Сұрақ-жауап (хормен)
Мұғалім: Балалар, сендерге сұрақ қояйын. Жауабын бірге табайық:
«Іші толы әріпке, білімдегі жарық не?»
Хормен: Болашаққа жол ашар — ол сүйікті «Әліппе»!
Кейіпкер: «Әліппе»
Қоржынында дидактикалық материалдары бар
Әліппе: Армысыздар, жас достар! Армысыздар, ата-ана!
Оқушы: Төрлет, Әліппе, қонақ бол!
«Әліппеге» арналған өлеңдер
Әліппем менің, Әліппем,
Сені қолға алып мен.
Мектептің есігін аштым,
Ертеңгі сәуле жарықпен.
Алғаш мектепке келгенде,
Әріпті де білмеуші едік.
Қазір оқимыз ертекте —
Үйреткен оны Әліппе!
Әліппе деген — алтын жол,
Апарар сені алысқа.
Жеңіл емес, ауыр жол —
Тырыс, намысты қамысқа.
Бар кітапқа бас болған,
Әліппе — ғылым анасы.
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы.
Мектебің мынау, сыныбың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың.
Алфавиттің А тұрады басында,
Әрқашан да Ә тұрады қасында.
Байқадың ба? Б тұрады үшінші.
Ал осының сыры неде? Түсінші:
А — аналар ғой ардақты,
Ә — әкелер ғой салмақты,
Б — балалар ғой әдемі.
Біздің елде үшеуі де кәделі.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!
Ән: «Әліппе» — оқушылардың орындауында.
Ойын бөлімі: «Асық арқылы тапсырма»
Музыка қосылғанда балалар асықты бір-біріне береді. Музыка тоқтаған сәтте асық кімнің қолында қалса, сол оқушы тапсырманы орындайды.
- Карточкамен жұмыс: қоржыннан карточка алып, сұрақтарға жауап береді.
- Оқу тапсырмасы: қоржыннан мәтін жазылған парақты алып, дауыстап оқиды.
Пәнаралық байланыс: «Математика»
«Әліппе» балалардың тек әріпті танып қана қоймай, сөз құрап оқуға үйренгенін атап өтеді. Мұғалім «Математика — ғылымдардың атасы» екенін айтып, тақтада есеп шығарту арқылы білімдерін тексереді.
Мұғалім: Балалар, әріптерді танып, буын құрап оқи білгендерің — ата-ана үшін де, мен үшін де үлкен қуаныш. Есепті де жақсы шығардыңдар!
Оқушы: Иә, бүгін қуанышымызда шек жоқ. Өйткені біз тұңғыш сауатымызды ашқан «Әліппені» аяқтадық.
Алғыс айту сәті
Мұғалім оқушыларды «Әліппеге» алғыс айтуға шақырады.
Хормен: Рахмет саған, «Әліппе»!
Келгенімде алдыңа,
Қызыл арай гүл алып,
Жақын тарттың жаныңа,
«Шәкіртім» деп қуанып.
Сипадың да басымнан,
«Әліппені» ұсындың.
Бақытымның осыдан
Басталғанын түсіндім.
Әліппе даңғыл жол ашты,
Жаңадан пәндер жалғасты.
Сырын ұқтырған ұстазға —
Рахмет, ұстаз алғашқы!
Көрініс және ата-аналармен бөлім
Көрініс: «Отбасы» (Малика, Алан, Айша, Нұрлыхан).
Мұғалім ата-аналарға алғыс білдіреді және аналарды ортаға шақырады.
Аналар ойыны
5 анадан 2 команда құрылады. Тапсырма: «Жайлау» суретін салу. Қай команда тез аяқтаса — жеңімпаз атанады.
Би: Сынып оқушыларының орындауында вальс.
Жаңа қадам: «Ана тілі»
Әліппе: Достар, бүгіннен бастап менің жолымды әрі қарай жалғастыратын «Ана тілі» пәнімен танысасыңдар. «Ана тілін» ортаға шақырайық!
Ана тілі: Сәлеметсіңдер ме, балалар?
Туған елдің тілімін,
Ақылымен танылам.
Түсіндірер бәріне —
«Ана тілі» мен болам.
Келешекте сауатты азамат болатыныңа сенемін.
Ән: «Дос болайық бәріміз».
Қоштасу сөзі
Әліппе: Ал, енді мен сендермен қоштасамын. Сабақты жақсы оқыңдар!
«5» болсын алар бағамыз,
Біліммен бақыт табамыз.
Өнер-білім көп тоқып,
Өсе берсін санамыз!
Қош болыңдар, балалар!
Хормен: Қош бол, қош бол, құтты «Әліппе»!
Мұғалім: Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға «Ана тілін» аламыз.
Ата-ана, қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне балаңыз!
Қорытынды
Бағалау: оқушыларға жұлдызша таратылады.
Сөз: мектеп әкімшілігіне беріледі.
Сыйлықтар: ата-аналар балаларға арналған сыйлықтарын табыстайды.
Ертеңгілік аяқталды. Назарларыңызға рақмет!