Оқушылардың табиғат құндылығы туралы түсінігін дамыту
Шаттық шеңбері
Балалар, бәріміз шаттық шеңберіне жиналайық.
Өлең жолдары
Табиғат, сен — тіршілік, тұнып тұрған;
Сен — Күнсің, көтерілген күліп қырдан.
Сен — көлсің, сен — ормансың, сен — бұлбұлсың,
Адамға сұлулықты шын ұқтырған.
Мәтінмен жұмыс
Өсиет әңгіме
Ертеде бір қарияның үш ұлы болыпты. Олар әкесін өте жақсы көргені сонша, қарттың ұзақ та сау өмір сүруін армандап, «Денсаулықтың жолын қалай табамыз?» деп ұзақ кеңесіпті.
Ақыры ел арасынан «денсаулықтың мекенін» іздемек болады. Үлкен ұлы оны табиғаттың Саялы орманынан, ортаншы ұлы — Таза көлді елінен, ал кіші ұлы — Көрікті жер елінен кездестіріпті.
Ұлдарына риза болған қария үш ұлының еліне кезек-кезек барып тұрыпты. Сөйтіп, ол бақытты да баянды, ұзақ ғұмыр кешіпті.
Талқылауға сұрақтар
- Қарияның ұлдары денсаулықтың мекенін қайдан тапты?
- Саялы орман, Таза көл, Көрікті жер неліктен денсаулық мекені бола алады?
Негізгі ой
Таза ауа, таза су, пайдалы тағам және көтеріңкі көңіл күй — адам денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Тыныштық сәті
Балалар, көзімізді жұмып, табиғат аясында отырмыз деп елестетейік. (Үнтаспадан тыңдаймыз.)
Жұмбақ өлең
Бұлттар төніп,
Жерге шөгіп,
Дымқыл тұман басады.
Шөп сарғайып, өңі тайып,
Дала сұры қашады.
Балаларым, айтыңдаршы, бұл қай кезде болады?
Жауабы: күз мезгілі.
Шығармашылық жұмыс
Суретке қарап, «Табиғатпен біргеміз» тақырыбына қысқа әңгіме құрастырайық.
Бағдар
- Оқиға қай жерде өтеді?
- Табиғаттың қандай көріністері байқалады?
- Адамның табиғатқа қатынасы қандай?
Назар аударатын тұстар
Әңгімеде табиғаттың адамға беретін тыныштығын, сергітетін күшін және оны қорғаудың маңызын атап өтіңіз.
Дәйексөз
Бүгінгі сабағымыздың дәйексөзін дәптерімізге жазып алайық.
Табиғаттан нәр алған ғой жанымыз,
Ұсынайық жүрек нұрын бәріміз.
Жүректен — жүрекке
Балалар, барлығымыз шаттық шеңберіне тұрайық. Табиғат анаға арнап «Табиғат та бір кітап» өлеңін айтайық.
«Табиғат та бір кітап»
Тамаша ғой бүгін сен
Табиғатқа жүгінсең.
Құлақ түріп, көз тігіп,
Төңірекке үңілсең.
Еріп бұлттың ырқына,
Жоқ болады бір күн ай...
Табиғат та бір кітап,
Оқи алсаң, шіркін-ай!
Қорытындылау
Табиғат — денсаулықтың шынайы мекені. Ол адамға тыныс беретін таза ауа, қуат беретін су мен қорек, сондай-ақ жанды жадырататын сұлулық сыйлайды.
Табиғатты аялау — өз денсаулығымызды, өз болашағымызды қорғау. Табиғатты сүйейік, қорғайық, қадірлейік.