Әнші болыңдар, Кәдімгі күміс таңдай

Салтанатты жиынның ашылуы

Жүргізуші

  1. Қайырлы күн, құрметті ұстаздар! Сәлеметсіңдер ме, балалар!
  2. Бүгін біздің мектебімізде атаулы күндердің бірі — 5-сынып оқушыларын орта буынға қабылдау мерекесі.
  3. 5-сынып оқушыларын және олардың сынып жетекшілерін қошеметпен қарсы алайық!
  4. 5 «А» сынып жетекшісі — Хихметова Гульназ Каировна.
  5. Енді сөз кезегін 5-сынып оқушыларына берейік.

Оқушылардың жыр жолдары

5 «А» сыныбы өздерінің ұйымшылдығын, өнері мен тәртібін өлеңмен жеткізді.

Ділназ

Жұп жазбастан жүреміз, Біздің сынып — мақтаулы. Өйткені біз сүйеміз, Әрдайым тәртіп сақтауды. Біздің сынып — мақтаулы.

Ерасыл

Оқуда да алдамыз, Біздің сынып — өнерлі. Жақсы үйреніп алғанбыз, Талай би мен өлеңді. Біздің сынып — өнерлі.

Арайлым

Еңбекте де қолы епті, Ынтымақты, досқа ыңғай. Біздің сынып — әдепті, Біздің сынып — осындай. Біздің сынып — осындай.

Маңызды сәт

Жаңа үмітпен, жаңа армандармен сіздер 1 қыркүйекте алғаш рет орта буын оқушысы болып мектеп табалдырығын аттадыңдар. Білім теңізінде мектеп кемесімен алғашқы қиындықтарды жеңіп келесіңдер. Енді нағыз бесінші сынып оқушысы болу үшін салтанатты ант беретін уақыт келді.

Орта буын оқушысының анты

5-сынып оқушылары достары мен ұстаздарының алдында мектеп ережелерін сақтауға салтанатты түрде ант берді:

Ант мәтіні

Дамир

Мектеп тәртібін бұзбауға, оқулықты қаптауға, тақпақты тез жаттауға ант етемін!

Жансая

Дәптерге таза жазуға, үй тапсырмасын орындауға ант етемін!

Ермек

Күнделікті дұрыс толтыруға, түтікпен қағаз атпауға ант етемін!

Лаура

Ешкімнің аяғын баспауға, гүлдерді өсіріп, баптауға ант етемін!

Жандарбек

Есікті қатты жаппауға, мектеп мүлкін бүлдірмеуге ант етемін!

Арман

Сабақтан ешқашан қашпауға, ешқашан ысқырмауға ант етемін!

Тимур

Жаман сөз айтпауға, сыныпта тыныштық сақтауға ант етемін!

Жұлдыз

Кабинетті шашпауға, мектеп формасын ұқыпты ұстауға ант етемін!

Ерасыл

Үлкендерді сыйлауға, кішіге қамқор болуға ант етемін!

Арайлым, Ділназ

Үй жұмысын ешкімнен көшірмеуге, күнделіктегі «екіні» өшірмеуге, ұстаз еңбегін ақтауға, бесінші сыныпты үздік аяқтауға, Қушоқы жалпы білім беру мектебінің оқушысы деген құрметке лайық болуға ант етеміз!

Барлығы:

Ант етеміз! Ант етеміз! Ант етеміз!

Қорытынды

Енді сіздер — нағыз орта буын оқушылары. Алдымызда жаңа пәндер, жаңа талаптар және жаңа мүмкіндіктер тұр.

Жоғары сынып оқушыларынан ақ тілектер

Тілек

Күйші болыңдар, Бал тамған бармағынан. Биші болыңдар, Шығып бір арманнан. Әнші болыңдар, Кәдімгі күміс таңдай. Батыр болыңдар, Айбатты арыстандай. Ғалым болыңдар, Тілдескен даналықпен. Әлемге мәлім болыңдар, Ашқан көп жаңалықпен. Көзінен күлімдеген Бір ұшқын сеземін мен. Алдымен білім деген Бәйгеден озып келсең. Оқудың озатына Арман да таяу болар, Білімнің боз атына Мінбеген жаяу қалар.