Анықтауыштың сұрақтарын ата
Тақырып және мақсат
Тақырыбы: «Тілімде менің сыры терең жаным бар».
Мақсаты
- Жас жеткіншектердің бойына халқының қадір-қасиетін сіңіру.
- Оқушылардың ана тілін жетік меңгеруіне ықпал етіп, тілге деген сүйіспеншілігін арттыру.
- Еліміздің елдігін танытатын өшпес мұра — тіл екенін ұғындыру және оны көздің қарашығындай сақтауға шақыру.
- Ұлтжанды азамат болып қалыптасуына әсер ету, тілдің қадір-қасиетін бойына дарыту.
Көрнекілігі: ұлағатты сөздер, нақыл-өсиеттер.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
«Қазақ тілі — рухани байлығымыздың қайнар көзі» деп бекер айтылмаған. Қазақ елінде, қазақ жерінде қазақ тілі өркендеуі тиіс. Оған барлығымыз үлес қосуымыз керек. Ол үшін ана тіліміздің қадір-қасиетін танып, дәріптеп, насихаттай білейік.
Қазақ тілінің байлығы мен икемділігін орайын тауып, қисынын келтіріп қолдана білсек, сөзіміздің тұп-тура бал татитынына ешкімнің күмәні болмас. Елбасы өз жолдауында: «Ұлттық тіл — қазақ ұлтының рухани, мәдени байлығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші құрал» деп атап көрсеткен. Ендеше, сіздерге үлкен сенім артып, сәттілік тілейміз.
Жүргізушілер сөзі және сайыстың ашылуы
І жүргізуші
Ана тілім — әрекетімнің азығы,
Бар ғаламды тануымның қазығы.
Ой-санамның өсуінің куәсі,
Ғасырлардың кейінгіге әз үні.
«Тілден терең теңіз жоқ» атты 7-сынып оқушылары арасында өтетін топтық жарысқа қош келдіңіздер!
ІІ жүргізуші
Сүйсіндірсін сіздерді —
Өнерлері өреннің.
Білімге қол созатын,
Шақырамыз ортаға
«Тіл жанашыры» және «Білімділер» топтарын ортаға шақырамыз.
Әр адамның азаматтық қасиеті мен мәдениеті — өз халқын, өз атамекенін қалай сүйетінімен және өз ана тілін қаншалықты білетінімен өлшенеді. Олай болса, бар қазақтың рухын көтеретін «Атамекен» әнін асқақтата шырқайық!
Әділқазылар алқасы және топ таныстыру
Өнер, білім, өнеге тұнған дарын — өнерліге әрдайым тән. Өнерді әділдікпен бағалайтын әділқазылар алқасымен танысайық.
Сайысқа келген екі топ кезектесіп өздерін таныстырып өтсін. Өнер қуған сайыскерлердің бір басына өнері де, білімі де жетер деп сенеміз.
1-бөлім: «Біліміңді байқап көр»
Жарыс шарты бойынша әр топқа 10 сұрақтан қойылады. Жауаптың дәлдігі, толықтығы және жылдамдығы ескеріледі. Сұрақтар өтілген тақырыптар бойынша беріледі. Іске сәт!
І топқа сұрақтар
- Зат есімнің түрленуі.
- Оңаша және ортақ тәуелдену дегеніміз не?
- Анықтауыштың сұрақтарын ата.
- Күшейтпелі шырай дегеніміз не?
- Есімдік мағынасына қарай неше түрге бөлінеді?
- Етістің түрлерін ата.
- Қазақ тілінде жалғаудың неше түрі бар?
- Салыстырмалы шырайға мысал келтір.
- «Ауылыма» сөзі септелудің қай түріне жатады?
- Пысықтауыштың сұрақтарын ата.
ІІ топқа сұрақтар
- Жай септеу және тәуелді септеу дегеніміз не?
- Толықтауыштың сұрақтарын ата.
- Сын есімнің шырайы дегеніміз не?
- Салыстырмалы шырай дегеніміз не?
- Күшейтпелі шырайдың жасалу жолдары.
- Сан есім мағынасына қарай неше түрге бөлінеді?
- Болымсыз етістіктің жұрнақтарын ата.
- Күшейтпелі шырайға мысал келтір.
- Жұрнақ түрлерін ата.
- Есімдікке мысал келтір.
2-бөлім: «Аталы сөзге тоқтаған қазақпыз»
Бұл бөлімде екі топ сөз құдіретін, тілдің ұлылығын танытатын көрініс көрсетуі тиіс.
ІІ жүргізуші
Кейінгі ұрпақ жырларын жаттап қанықты,
Үлгі тұтып бәйтеректей сан алыпты.
Көкірегі ояу, сезімді ұрпақ қайдасың?
Өлең оқып, өзіңді-өзің танытшы.
Мәнерлеп оқу мен жатқа айту дағдысы да осы бөлімде ескеріледі.
3-бөлім: «Салт-дәстүрді білеміз бе?»
Әр топқа 5 сұрақтан беріледі. Әр сұраққа 1 ұпай қойылады. Қарсылас топ жауап бере алмаған жағдайда, жауап беріп, тиісті ұпайды еншілеуге болады.
І топқа сұрақтар
- Үш арсызды атап бер.
- Ерулік деген не?
- Бастаңғы деген не?
- Тұсаукесер дегеніміз не?
- Үш жақсыны атап бер.
ІІ топқа сұрақтар
- Естірту дегеніміз не?
- Үйленгенде ұлға берілетін үлес қалай аталады?
- Үш жетімді ата.
- Бата және оның түрлері.
- Жігіттің үш жұртын ата.
Тіл туралы толғаныс
Қазақ тілі — өзінің даласындай кең пішілген, жайдары да дархан тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Тілдің биязы мақамы — домбыраның күмбір қаққан сазындай.
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Асан қайғының осы сөзіне сүйеніп, «Ана тілі — жүрек үні» тақырыбында тілдің жан-жақтылығына талдау жасайық.
Қорытынды
Жеңімпаздарды анықтап, сайыс қорытындысын шығару үшін сөз кезегі әділқазылар алқасына беріледі.
Өз тілімізді жете білу арқылы ғана өз халқымызды әлемге таныта аламыз. Олай болса, тіліміздің жұлдызын биіктетейік!
Келесі кездескенше сау-саламат болыңыздар!