Сабақтың көрнекілігі. Дәстүрлі сабақ

Сабақ тақырыбы мен мақсаты

Сабақтың тақырыбы

Қазақ ою-өрнегін ою әдістері.

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды ұлттық ою-өрнек элементтерімен таныстыру, ою-өрнек ою шеберлігін дамыту және эстетикалық ұқыптылыққа баулу.

Білімділік

Ұлттық ою-өрнек түрлеріне сипаттама беру.

Дамытушылық

Ойлауды және танымдық дағдыларды дамыту.

Тәрбиелік

Жеке жұмыс жасауға дағдыландыру, көркемдік талғам мен икемділікті қалыптастыру, ою-өрнек арқылы халық өнерін құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабаққа дайындық

Қажетті құралдар

  • Түрлі түсті қағаз
  • Қалам
  • Өшіргіш
  • Желім
  • Қайшы

Көрнекілік

Ою-өрнек үлгілерінің түрлері және сызба-нұсқалар.

Сабақ түрі

Дәстүрлі сабақ

Сабақ типі

Аралас сабақ

Әдістер мен байланыстар

Сабақ әдістері

Түсіндіру, сұрақ-жауап, сарамандық жұмыс.

Пәнаралық байланыс

Тарих, бейнелеу өнері.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу және қатысымды тексеру.
  • Сабаққа қажетті материалдар мен құрал-жабдықтарды тексеру.
  • Техника қауіпсіздігі талаптарын еске салу.

II. Теориялық бөлім

Қазақ халқының қолөнерінде кең қолданылатын, көне әрі күрделі өнер түрінің бірі — ою-өрнек. Ол сәндік қолданбалы өнердің барлық саласында алғашқы элемент ретінде кездеседі және бұйымның эстетикалық қана емес, тұтынушылық мәнін де айқындайды.

Ою-өрнек өнерінің дамуында әр дәуірдің өзіндік белгілері болады. Сонымен қатар халықтың географиялық орналасуы, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері өрнек үлгілерінің түрленуіне әсер етіп, олардың уақыт өте байып, дамуына ықпал етті.

Анықтама

Ою-өрнек — геометриялық және бейнелеу элементтерінің жүйелі ырғақпен қайталанып, үйлесімді құрылуы.

«Ою» сөзін латынның ornamentum (орнамент) ұғымымен, ал «өрнек» сөзін орыс тіліндегі узор сөзінің баламасы ретінде қарастыруға болады.

Ою-өрнектің негізгі топтары

Композициялық құрылымына қарай ою-өрнек үш топқа бөлінеді:

Өсімдік тектес

Жапырақ, гүл, бұтақ тәрізді табиғи элементтерге негізделген өрнектер.

Зооморфтық

Жануарлар бейнесі немесе олардың мүшелерін ишаралайтын өрнектер.

Космогониялық

Аспан денелері мен ғарыштық түсініктерге қатысты өрнектер.

Көп қолданылатын атаулар мен үлгілер

1) Аспан құбылыстарына байланысты

Ай, күн, жұлдыз, айшық, Құс жолы және т.б.

2) Зат атауларына байланысты

Балға, балта, тарақ, балдақ, қармақ және т.б.

3) Эпиграфиялық өрнектер

Жазуды өрнекке айналдырып, белгілі бір заттың бейнесіне келтіре көркемдеп, астарлап жазу.

4) Таңбаға қатысты элементтер

Ру таңбалары, ел таңбалары және малға салынатын ен-таңбаларға байланысты: тұмар, айшық, шөміш, шылбыр, көсеу, ашамай және т.б.

Өңдеу тәсілдері

Ою-өрнек — бұйым бетін әшекейлеуге арналған нақыш. Әшекейлеу үшін шеберлер әртүрлі тәсілдерді қолданады:

Оймыштау

Бедерлеу

Шеку

Қашау

Тістеу

Құрау

III. Сарамандық бөлім: қағаздан ою қию

Халық нақылы: «Оюы көптің өрнегі көп, өрнегі көптің ермегі көп».

Қадамдар

  1. 1 Шаршы қағазды алып, үлгі бойынша екіге бүктеңіз.
  2. 2 Қағазды қайта бүктеп, төрт қабаттап үшбұрыш пішінін жасаңыз.
  3. 3 Үшбұрыш бетіне болашақ өрнектің сұлбасын сызыңыз.
  4. 4 Ақ және қара бөліктердің шекарасын қуалай, қайшымен ойып қиыңыз.
  5. 5 Қағазды ретімен жазып, ою үлгісін шығарыңыз.

Негізгі ұғымдар: өрнек, өріс және «са»

Өрнек

Оюдағы бояумен белгіленген (негізгі бейне) бөлік.

Өріс (фон)

Өрнекті қоршап тұрған фондық бөлік.

«Са» жүргізу

Өрнек пен өрістің арасына жіңішке сызық түрінде үшінші түсті енгізу. Бұл екі түстің айқын көрінуіне көмектеседі.

Композиция құрастыру

Қиып алынған ою элементтерін көбейтіп, белгілі бір тәртіппен орналастыру арқылы күрделі композиция жасауға болады. Осы әдіспен әртүрлі жазық пішіндерге (шаршы, ромб, үшбұрыш, шеңбер және т.б.) ою-өрнек композициясын құрастырып, үйлесімді шешім табасыз.

IV. Оқушылармен жұмыс

Дайын үлгіні пайдаланып, қағаздан ою-өрнек қиып, желім арқылы негізге жапсыру.

V. Сабақты бекіту сұрақтары

  1. 1 «Ою-өрнек» сөзі қандай ұғымды білдіреді?
  2. 2 Ою-өрнек неше топқа бөлінеді?
  3. 3 Ою-өрнекті оюдың негізгі әдісі қандай?

VI. Қорытындылау

Оқушылардың орындаған жұмыстарын талдау, нәтижесін салыстыру және бағалау.

VII. Үйге тапсырма

Ою түрлерін ойып, орындауды жаттықтыру.