Бала тәрбиесі ана сүтінен басталып өмір бойы қалыптасатын құбылыс
Сәби күлкісі — болашақтың үні
Сәби күлкісі — сыңғырлаған жүрек үні. Жүрегі мен жаны таза, мұңсыз, қуанышты, албырт бала күлкісі… Сенің күлкің қандай пәк еді?! Иә, сен бақыттысың. Әрине, бақыттысың! Сен бақытты болуға жаратылғансың.
Өйткені сен — ХХІ ғасырдағы Тәуелсіз Қазақстанның азаматысың. Сен озат технологиялар дамыған жаңа дәуірде, жаңа кезеңде өмірге келдің. Сенің болашағың алда. Сенің алдыңда үлкен-үлкен тарау жолдар тұр.
Педагогтің миссиясы: шыбықты түзу өсіру
Сен бүршігін жаңа жарған тал шыбықтайсың. Сені өсіріп-өрбіту, қанатыңды қатайтып, негізгі әрі тура жолға салу — ата-анаңнан кейін педагог-ұстаз-тәрбиешінің міндеті.
Тәрбие — өмір бойы жалғасатын үдеріс
Бала тәрбиесі ана сүтінен басталып, өмір бойы қалыптасатын құбылыс. Ұлы ойшыл Абайдың «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, ұстаздан болады» деген сөзінде терең мағына бар.
Өйткені санасына сызат түспеген, періште көңілді сәбиді өмір баспалдағына жетелеп, білім мен тәрбиенің ақ желкеніне отырғызып, рухани дүниесін байытып, біліммен нәрлендіретін абзал жан — педагог-ұстаз.
Отбасының іргетасы
Ақ сүтімен тәніне қуат беріп, бесік жырымен тербеткен ана; асырап-сақтаған әке — тәрбиенің алғашқы мектебі.
Ұстаздың жылуы
Отбасы тәрбиесінен кейін бала бойына жан жылуын дарытып, бағыт беретін тұлға — ұстаз.
ХХІ ғасыр педагогіне қойылатын талап
Ұстаз — өзінің уақытын өзгенің бақытына сыйлайтын адам. Сондықтан қазіргі заман педагогіне жүктелер аманат пен сенімнің өлшемі — ешбір заңғар биікпен салыстыруға келмейтін жауапкершілік.
Менің санамда әрдайым мына ой жаңғырып тұрады: «Мен — ХХІ ғасырдың, жаңа заманның педагогімін. Мен жас шыбықты тіктеп, діңгегін берік етіп өсіретін бағбанмын».
Бұл жауапкершілікті көтеру үшін маған не қажет?
- 1 Сауаттылық және кәсіби білімнің тереңдігі
- 2 Біліктілік және үздіксіз даму
- 3 Ізденімпаздық және жаңашылдыққа ашық болу
- 4 Тәжірибе алмасу және әріптестік мәдениет
- 5 Іскерлік және мақсатқа жүйелі жету
- 6 Шығармашылық және балаға жақын тіл табу
Ақ қағаздай жүрек: алғашқы ізді әсем түсіру
Менің алдымда — бетіне сия түспеген ақ қағаздай, жүрегі таза сәбилер. Ақ параққа алғашқы сөзді қалай әдемі әрі мағыналы етіп бастасаң, жалғасы да соншалықты жарасымды болатыны секілді, бұл балалардың жүрегіне білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағын да мен дәл солай әсемдеп түсіруім керек.
Өйткені бүгінгі балғын бүлдіршіндер — келешек қоғамның иелері. Сол болашақ иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол ұрпақ етіп тәрбиелеу — қоғам алдындағы борышымыз.
Құндылық пен ұстаным
Ұрпақ тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ел саясатындағы бағыт-бағдарды ұстана отырып, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына негізделген жалпыазаматтық құндылықтарды дарыту жолында мен өз білімімді үздіксіз жетілдіріп, бәсекеге қабілетті жаңа заман педагогі болуға ұмтыламын.