Пішіндер бізде қонақта

Білім саласы: Таным

Тақырыбы: «Пішіндер бізде қонақта»

Мақсаты: балалардың пішіндер туралы білімдерін кеңейту; пішіндерді ажыратып, дұрыс атай білуге үйрету. Бақылау арқылы айналадағы заттардың пішіндерімен ұқсастықты салыстырып, ажырата білуін жетілдіру. Ой-өрісін кеңейту, ойлау және сөйлеу дағдыларын дамыту, ұқыптылыққа тәрбиелеу және қарапайым сұрақтарға дұрыс жауап беруге дағдыландыру.

Амандасу

Арайлап таң атты,
Алтын сәуле таратты.
Жарқырайды күніміз,
Жарқырайды даламыз.

Қайырлы таң, балалар!
Қайырлы таң, апайлар!

Әңгімелесу және сұрақ-жауап

Тәрбиеші балалармен қыс мезгілі туралы әңгімелесіп, табиғат құбылыстарын бақылауға бағыттайды. Балалар қыс туралы тақпақ айтып, күннің адамға беретін пайдасын еске түсіреді.

Сұрақтар

  • Тәрбиеші: Балалар, жылдың қай мезгілі?
  • Балалар: Қыс мезгілі.
  • Тәрбиеші: Қыс туралы қандай тақпақ білесіңдер?

Бір топ бала далада,
Қардан соқты аққала.
Мұрны қызыл, үп-үлкен,
Көзі көмірқап-қара.

  • Тәрбиеші: Ұйқыдан оянғанда терезеден нені көреміз?
  • Балалар: Күнді көреміз.
  • Тәрбиеші: Күн бізге не береді?
  • Балалар: Жылу мен жарық береді.

Тәрбиеші балаларды шеңберге жинап, бір-біріне күлкі сыйлауға шақырады. Балалар шеңбердің күнге, допқа, шарға ұқсайтынын айтып, көңіл-күйлерін көтереді.

Тосын сәт: Қуыршақ Сәуле қонақта

Есік қағылып, ішке қуыршақ Сәуле кіреді. Тәрбиеші амандасып, балаларға қонақты таныстырады. Сәуле өзімен бірге достарын ертіп келгенін айтып, пішіндер туралы жұмбақ жасырады.

Жұмбақ 1: Үшбұрыш

Атына сай, балалар,
Үшбұрыш — үш жағы бар.
Ол пішінді кім табар?

Жауабы: Үшбұрыш.

  • Үшбұрыштың үш бұрышы бар.
  • Түсі: сары.
  • Көлемі: үлкен және кіші.
  • Ұқсастығы: үйдің шатырына, тұмарға.

Жұмбақ 2: Төртбұрыш

Төрт бұрышы бар,
Төрт қабырғасы бар —
Бұл қай пішін?

Жауабы: Төртбұрыш.

  • Ұқсастығы: терезеге, тақтаға, жастыққа және басқа заттарға.
  • Түсі: қызыл.

Шығармашылық тапсырма: «Мысықты құрастыр»

Сәуле көңілсіз болып қалады: ол мысығын сағынғанын айтады. Тәрбиеші балаларға төртбұрыштардан мысықтың бейнесін құрастыруды ұсынады. Тақтаға мысықтың үлгі суреті ілінеді, балалар соған қарап жұмыс жасайды.

Тікірейіп құлағы,
Елден бұрын тұрады.
Бойын жазып керіліп,
Беті-қолын жуады.

Сәуле балалардың еңбегіне қуанып, алғысын білдіреді.

Жұмбақ 3: Дөңгелек

Допқа өзі ұқсайтын,
Ерекше бір пішін бар.
Атын оның атаңдар.

Жауабы: Дөңгелек.

  • Түсі: көк.
  • Ұқсастығы: допқа, алмаға, күнге және басқа заттарға.

Көмек көрсету: «Батпырауықты жөндейік»

Сәуле балалармен ойнау үшін батпырауық ала келгенін, бірақ оны үзіп алғанын айтады. Тәрбиеші балаларды көмектесуге шақырады. Балалар батпырауықты қайта құрастырып, жалғауға көмектеседі.

Қорытынды

Тәрбиеші балаларды жасаған жұмыстары үшін мақтап, батпырауықтың қандай пішіндерден құралғанын сұрайды. Балалар үшбұрыш, төртбұрыш және дөңгелек пішіндерін қайталап, олардың айналадағы заттармен ұқсастығын атап өтеді.

Қоштасу шеңбері

Қол ұстасып тұрайық,
Шеңберді біз құрайық.
Көріскенше, күніміз жақсы,
Сау-саламат болайық.

Қимылды ойын

«Өз түсіңді тап».