Оқушыларды сынып бөлмесіне орналастыру
Оқырмандар конференциясы: Арасанбай Естенов шығармашылығы
Бұл конференция 3–4 сынып оқушыларына арналған. Негізгі мақсат — оқушыларды А. Естеновтің балаларға арналған шығармаларымен таныстыру, оқылған мәтіндердің танымдық және тәрбиелік маңызын ұғындыру, ой-өрісті дамыту және кітап оқуға қызығушылық қалыптастыру.
Қатысушылар
3–4 сынып оқушылары
Формат
Оқырмандар конференциясы
Басты идея
Оқу, ойлау, тәрбие
Жоспар
- А. Естеновтің өмірі мен шығармашылығына шолу
- Өлең, тақпақ, жаңылтпаш: «Ермегіміз жалықпас»
- «Әдептілік әліппесі»
- «Ойнайық — ойлайық»
- Қорытынды
Өту барысы
Конференция ұйымдастыру кезеңінен басталады: оқушылар сынып бөлмесіне орналастырылады. Кейін мұғалім кіріспе сөз сөйлейді.
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Арасан — кезінде шипалы суымен бүкіл Кеңес Одағына танылған шағын ауыл. Табиғатымыз, шипалы суымыз, жер байлығымыз — біз үшін әрдайым мақтаныш. Бұл өңірден көптеген атақты тұлғалар, ғалымдар, ақын-жазушылар, мемлекет қайраткерлері шыққан. Бүгінгі сабақта сондай тұлғалардың бірі — ақын әрі жазушы Арасанбай Естеновтің шығармашылығына арналған оқырмандар конференциясын өткіземіз.
1-бөлім: А. Естеновтің өмірі мен шығармашылығы
Михеева Анжела: Арасанбай Естенов 1953 жылы Арасан ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Барлыбек Сырттанов атындағы орта мектепті бітірген (ол кезде — Арасан орта мектебі). 1980 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Аудандық газетте қызмет атқарып, кейін «Жазушы» және «Білім» баспаларында редактор болған. 2003 жылдан бері «Баянжүрек» баспасының директоры әрі құрылтайшысы.
Проза
- «Ауыл таңы»
- «Баянжүрек баурайында»
- «Тасжарған ерте көктейді»
- «Айжаңғырық»
- «Жансауға»
- «Перішtелер патшалығы»
Балаларға арналған өлең кітаптары
- «Әліппемен қоштасу»
- «Мектептегі мейрамдар»
- «Жеті киелі сан»
- «Таудай болып өсеміз»
Марапаттары мен мүшелігі: 1993 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының лауреаты (2007, 2008). Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
2-бөлім: Өлең, тақпақ, жаңылтпаш — «Ермегіміз жалықпас»
Ақын шығармашылығының өзегі — балаларға арналған өлеңдер, тақпақтар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, санамақтар. Бұл бөлімде солардан үзінділер тыңдалады.
Өлеңдер
Диляра:
Қазағымның пейілі — Қасиеті, мейірі. Киелі жер сусында Қазағымның пейілі. Өрнектеулі туында Бейбітшілік ұраны — Жарқыраған алтын күн. Ал қанатты қыраны — Еркіндігі халқымның.
Балғын:
Мен ғарышкер боламын, Жұлдыздарды жағалай, Айға барып қонамын. Тұңғыш Тоқтар ағадай Мен ғарышкер боламын.
Диляра:
Спорт — сенің серігің, Саулығың мен сенімің. Спортпенен шыңдалар Жігерің мен ерігің.
Балғын:
Жыр-жанды қазағым, Шырқатып жаз әнін. Жазира жайлауда Бойларын жазады. Қарттары зиялы Жастарын жияды. Шежіре сырларын Жадыңа құяды.
Диляра:
Қуыршағым Зина, Үйдің ішін жина. Зейнеттегі әжеңе Зор қуаныш сыйла.
Балғын:
Үш арсыз: Біріншіден — ұйқы арсыз, Екіншіден — күлкі арсыз. Ыржаң қаққан орынсыз Күлегештің сыйқы арсыз. Үшіншісін санап қой — Нысабы жоқ тамақ қой. Осы үшеуін тежеуге Бала жастан талап қой.
Жұмбақтар
Юля:
Жарып жарғақ жөргегін, қызыл моншақ тергенің. (Анар)
Лаура:
Суда жатып өнеді, суда батып өледі. (Тұз)
Юля:
Бірде доп та, бірде орақ. Күндіз жоқ та, түнге қонақ. (Ай)
Лаура:
Жақын етіп алысты, тындырады бар істі. (Телефон, факс)
Юля:
Көп күймеден құралған, жұлдызқұрттай шұбалған. Қос ішекті шегіп ап, атсыз жүрер бұл арбаң. (Пойыз)
Лаура:
Ақ моншағым үзілді, қара жерге тізілді. (Бұршақ)
Юля:
Бұтағына шынардың шығып алып қызардым. (Шие)
Лаура:
Тұнығынан көк көлдің сөнбей жатқан шоқ көрдім. (Жұлдыз)
Жаңылтпаштар
Жұлдыз:
Әсем әнді Әсел айтты. Әсел әнді Әсем айтты. Әсерлі әнді Әсем де айтты, Әсем әнді бәсең айтты.
Жұлдыз (жаңылтпаш-есеп):
Жондағы жалқы талқыны Қолдағы жалпы талқыға қоссa, Алты талқы болғаны. Жондағы жалқы талқысыз, Қолдағы жалпы талқының Саны қанша болғаны?
Жауабы (Рауза): Қолдағы жалпы талқының саны — бесеу.
3-бөлім: «Әдептілік әліппесі»
Бұл бөлім «Әдептілік әліппесі» деп аталады. Себебі ақын қазақ әліпбиінің ретімен жазылған «Әдептілік әліппесі» атты өлеңдер топтамасын ұсынған.
Тақтаға түрлі заттардың суреттері ілінеді. Оқушылар оларды «сатып алады», бірақ ақшаға емес — адамгершілік қасиеттер туралы өлең айту арқылы. Әр зат белгілі бір құндылықпен байланыстырылған.
Үлгі тапсырмалар
- Қонжық ойыншық — мейірімділік
- Ертегі кітабы — ізеттілік
- Ә. Қастеевтің портреті — кішіпейілдік
- «Бәйтерек» кәдесыйы — әдептілік
- Жылқы суреті — адалдық
- Бойтұмар — имандылық
- Аққу суреті — зейінділік
- Торсық — елгезектік
- Бөлме гүлі — жинақылық
Оқушылар «Әдептілік әліппесі» өлеңдер топтамасынан үзінді оқып, өз таңдаған затына лайық қасиетті дәлелдейді.
4-бөлім: «Ойнайық — ойлайық»
Бұл бөлімде А. Естеновтің шарадалары бойынша ойын ұйымдастырылады.
Берікбек, Рауза:
Бірінші боп — басқы сан, Екіншіде — мүшеңіз. Үшінші боп — басты дәм, Қала құрар үш егіз.
Жауабы: Екібастұз
Екі-ақ әріп бір санға Тіркей салсаң дөңесті, Жатқан құмда құрсауда — Қаланы тап, сен, ескі.
Жауабы: Үштөбе
Бірлік санға кемелді Қойсаң қойдың тезегін, Ойын болып ежелгі Қазақ елін кеземін.
Жауабы: Тоғызқұмалақ
Киелі сан кез келіп, Баукеспе ұры, әккіге, Атау шықты өзгеріп, Дәу шөмішке шақ, міне.
Жауабы: Жетіқарақшы
5-бөлім: Қорытынды
Бүгінгі оқырмандар конференциясында А. Естенов өлеңдерінің балаларға жақын тақырыптарға — мектеп, туған ел, жақсы әдеттер мен адамгершілік құндылықтарға арналғанын байқадық.
Оқушыларға ұсыныс: жерлес ақынның кітаптарын кітапханадан алып, толық оқып шығу; ұнаған өлеңдерден жатқа айту; жұмбақ пен жаңылтпаштарды сыныпта бірге талдау.