Ұқсас сандарды ата

Сабақ жоспары Ойын сабақ Сауат ашу + математика

Сабақтың тақырыбы: «Не? Қайда? Қашан?»

Бұл сабақ ойын түрінде ұйымдастырылып, балалардың сауат ашу, математика және жалпы танымдық дағдыларын бекітуге бағытталған. Тапсырмалар кезең-кезеңімен орындалып, әр тапсырма орындалған сайын жасырылған кейіпкердің әрпі ашылады.

Білімділік

  • Өтілген дыбыстарды бекіту, буынға бөлу, сөз құрау.
  • Жұмбақ шешу, жаңылтпаш айту.
  • Сандарды тану, есеп шығару, геометриялық пішіндерді ажырату.

Дамытушылық

  • Ойлау қабілетін дамыту, шапшаң әрі дұрыс жауап беруге үйрету.
  • Дүниетанымын кеңейту, байланыстырып сөйлеуді жетілдіру.

Тәрбиелік

  • Әдептілікке, сыйластыққа тәрбиелеу.
  • Өзгенің пікірін тыңдай білуге баулу.

Көрнекіліктер

Кеспе әріптер Текшелер Сандар Геометриялық фигуралар

Сабақтың барысы

Балалар, бүгінгі сабағымызға қонақтар келіп отыр. Қане, амандасайық: «Сәлеметсіздер ме?»

Шаттық шеңбері / ұйымдастыру

Қатар-қатар тізіліп,

Оқушыға лайық.

Қолымызды түсіріп,

Түп-түзу боп тұрайық.

Бірінші қатар жай отыр,

Екінші қатар тез отыр.

Ойынның басталуы

Бүгін сабақты ойыннан бастаймыз. Үстелдің үстінен нені көріп тұрсыңдар?

Зырылдауық Кәмпиттер

Тақтада ертегі кейіпкерінің аты жасырылған. Оны кәмпиттегі тапсырмаларды орындағаннан кейін ғана білеміз.

Ереже

  • Тәрбиеші зырылдауықты айналдырады.
  • Әр тапсырма орындалса — бір әріп ашылады.
  • Сабақ соңында жасырылған сөзді бірге оқимыз.

1-тапсырма: Уақыт және күнтізбе

Ашылатын әріп: Қ
  1. 1.Жыл мезгілдерін ата.
  2. 2.Ай аттарын ата.
  3. 3.Бір аптада неше күн бар?
  4. 4.Бүгін аптаның қай күні?

Апта күндері туралы тақпақ

Дүйсенбіде доп ойнадық қорада,

Сейсенбіде серуен құрдық далада.

Сәрсенбіде сурет салдық сәнді етіп,

Бейсенбіде би биледік әндетіп.

Жұма күні жидек тердік қыратта,

Сенбі күні кино көрдік қызықты,

Жексенбіде үйде болып дем алдық,

Осылайша өте шықты бір апта.

2-тапсырма: Сандар әлемі

Ашылатын әріп: О
  1. 1.Тура және кері сана.
  2. 2.Сандардың көршісін тап.
  3. 3.Жұп және тақ сандарды анықта.
  4. 4.Бірліктер мен ондықтарды ата.
  5. 5.Ұқсас сандарды ата.

Санамақ

Бір дегенім — билік, барлық іске кілт,

Екі дегенім — ерік, еркіңді берік.

Үш дегенім — үміт, шақырады күліп,

Төрт дегенім — талап, босқа жатпа қарап,

Бес дегенім — бірлік, бірліксіз жоқ тірлік.

Алты дегенім — арман, асуларға тартар,

Жеті дегенім — жігер, жеңіске бастар.

Сегіз дегенім — сенім, сенген табар елін,

Тоғыз дегенім — талғам, оқуменен алған,

Он дегенім — өзім, бәрін білер кезім.

Тәрбиешінің бағалауы

Жақсы, жарайсыңдар! Тапсырма орындалды — келесі әріп ашылады.

3-тапсырма: Сауат ашу сұрақтары

Ашылатын әріп: Ж
  1. 1.Дыбыс дегеніміз не?
  2. 2.Дыбыстар нешеге бөлінеді?
  3. 3.Дауысты дыбыстардың түрлері қандай?
  4. 4.Дауыссыз дыбыстардың түрлері қандай?
  5. 5.Әріп дегеніміз не?
  6. 6.Әліпбиде қанша әріп бар?
  7. 7.Сөз дегеніміз не?
  8. 8.Сөйлем дегеніміз не?

4-тапсырма: Жұмбақтар мен жаңылтпаштар

Ашылатын әріптер: А, С, А

Жұмбақ (әріп тап)

Қарда бар, борда жоқ.
Жарда бар, орда жоқ.

Жауабы: А

А әрпінен басталатын сөздер

Балалар «А» әрпінен басталатын сөздер ойлап айтады.

ата ана алма аққу

Жаңылтпаш

Алғыр аттар — арғымақтар,
Арғымақтарды әркім мақтар.

Жұмбақ (әріп тап)

Сауысқанды, сағызды,
Сарымсақты, сәбізді
Сапсыз, бірақ тәрізді —
Бастап тұрған қай әріп?

Жауабы: С

5-тапсырма: Математикалық есептер

Ашылатын әріп: Н

Есеп 1

Тал басында тізіліп,
Он жапырақ тұр еді.
Жел соқты да үзіліп,
Ұшып кетті екеуі.
Ізінше оның жұлынып,
Түсті тағы бесеуі.
Тұр әлі де ілініп —
Жапырақтың нешеуі?

Жауабы: 3

Есеп 2

Шығармақ боп неше есеп,
Жиналғанда бес есеп.
Үшеуі ұйықтап отырды,
Ынталысы неше есеп?

Жауабы: 2

Жұмбақ-есеп

Бір-бірімен жарысқан: 2 аю, 1 арыстан, 2 қоян, 3 түлкі. Бәрі нешеу?

Жауабы: 8

Тәрбиешінің бағалауы

Жақсы, жарайсыңдар! Келесі әріп ашылады.

Сергіту сәті

Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары орындалады: бой жазу, қол-аяқ жаттығулары, тыныс алу.

6-тапсырма: Сурет бойынша әңгіме құрастыру

Ашылатын әріп: А

Балалар суретке қарап, оқиғаны ретімен әңгімелеп береді: кейіпкерлерді сипаттайды, әрекеттерін атайды, қорытынды жасайды.

7-тапсырма: Оқу

Ашылатын әріп: С

«Біздің балабақша», «Менің Отаным» сөздерін оқып шығу.

8-тапсырма: Сұрақ-жауап

Ашылатын әріп: Ы
  1. 1. Кеңістікті бағдарлай аласың ба? (оң жақ, сол жақ, жоғары, төмен)
  2. 2. Жабайы жануарларды ата.
  3. 3. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» (мақалды толықтыр).
  4. 4. Мемлекеттік рәміздерді ата. (Ту, Елтаңба, Әнұран)

9-тапсырма: Отбасы мүшелерін ажырату

Ашылатын әріп: Р

Берілген сөздерді суреттегі отбасы мүшелерінің қайсысына қатысты екенін тап: ата, әже, әке, ана, аға, әпке.

Жасырылған сөз

Барлық әріптерді біріктіріп оқимыз:

НӘТИЖЕ

ҚОЖАНАСЫР

Қожанасырды ортаға шақырып, өз өнерімізді көрсетеміз.

Өнер көрсету

«Бала тілегі» әні хормен орындалады.

Сабақты қорытындылау

Балалар белсенді қатысты, тапсырмаларды ретімен орындады, білімдерін көрсетті. Қорытынды ретінде мадақтау және қысқаша кері байланыс беріледі.