Шала мейір шала байқайды Сабақтың барысы
Сынып: 5
Сабақ тақырыбы: Термин сөздер
Білімділік
Термин сөздер туралы түсінік беру, бастауышта алған білімді еске түсіру.
Дамытушылық
Алған білімді есте сақтауға дағдыландыру, сөйлеу дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік
Тапсырмалар арқылы бір-бірін тыңдауға, сыйлауға тәрбиелеу.
Көрнекілік
- Термин сөздер жазылған плакат
- Әртүрлі жетондар
Сабақтың эпиграфы
«Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі мейірленеді. Шала мейір шала байқайды.»
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасу, түгелдеу, сабақтың мақсат-міндеттерімен таныстыру.
Тіл туралы ой ашар:
Қазақ тілі — өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым — дара тілім.
Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді құрметтеп, сабағымызды бастаймыз.
2) Үй тапсырмасын тексеру
Алдыңғы сабақтағы тапсырмалар сұралады, қателер талданып, қысқаша қорытынды жасалады.
3) Жаңа сабақ: «Термин сөздер»
Әрбір тілдің сөздік құрамында жалпыға ортақ сөздермен қатар, ғылым мен техниканың, өндіріс пен шаруашылықтың белгілі бір саласына ғана тән арнаулы сөздер де болады. Ғылым мен техниканың түрлі саласына қатысты қолданылатын мұндай сөздер термин сөздер деп аталады.
Термин сөздердің негізгі сипаттары
- Ғылым мен техниканың әр саласына тән болуы керек.
- Дара, бір ғана мағыналы болуы керек.
- Көптеген терминдер әлем тілдері халықтарына ортақ болып келеді.
Термин сөздерді кейде арнаулы сөздер деп те атайды. Терминдердің пайда болуы ғылым мен техниканың атауларына тығыз байланысты: ғылымы мен техникасы дамымаған қоғамда термин туралы әңгіме де шектеулі болады.
Белгілі бір тіл аясында қолданылатын терминдерді жинақтап, жүйелейтін ғылым терминология деп аталады. Қазақ терминологиясы бүгінде жан-жақты қарастырылып, қарқынды түрде жүйеленіп келеді. Қазіргі таңда терминдерге арналған жетпістен астам сөздік жарық көрген.
Мысал
Әдебиет терминдері: поэзия, сатира, опера, образ, т.б.
4) Оқулықпен жұмыс
193-жаттығу: математика, география, биология, тарих пәндері бойынша термин сөздерді жазу.
Мысал
Математика терминдері: квадрат, куб, косинус, т.б.
5) Өзіндік тапсырмалар
- Әртүрлі тақырыптағы терминдерді қолданып, шағын мәтін құрастыру.
- Ата-ананың кәсібіне қатысты термин сөздерді пайдаланып, шағын әңгіме жазу.
6) Суретпен жұмыс
Оқушылар суретке қарап сөйлем құрап жазады және сөйлем ішінен термин сөздермен байланысын анықтайды.
7) Мәтінмен жұмыс
«Егер сен өнерден ләззат алғың келсе, онда өнер жөнінде білімдар адам болуың керек.»
«Музыканы сүю үшін ең алдымен, оны тыңдай білу керек.»
«Көркемөнер біздің ішкі дүниемізге, жан жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді.»
Сұрақтар
- Әр сөйлемдегі негізгі ойды өз сөздеріңмен тарқатып айтып беріңдер.
- Өздерің білетін өнер түрлерін атап, әрқайсысына қатысты термин сөздерді топтастырып жазыңдар.
- Өздерің сүйетін өнер туралы қысқаша әңгімелеңдер.
8) Сабақты бекіту
- Термин сөздер дегеніміз не?
- Термин сөздердің кәсіби сөздерден айырмашылығы қандай?
- Қазақ тіліне тән терминдерден мысал келтіріңдер.
9) Бағалау
Белсенділік көрсеткен оқушылар біліміне қарай бағаланады.
10) Үй тапсырмасы
201-жаттығу: шаруашылық түрлеріне қатысты термин сөздерді жинақтап, карточка жасап келу.