Ағаш суреті
Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы
Жалпы білім беретін Бұлан орта мектеп–балабақша кешені
Бастауыш сынып мұғалімі: Хамедиева Жанаргүл Максимқызы
Тақырыбы
Достық пен жолдастық
Түрі
Тренинг элементтері аралас танымдық сағат
Әдіс-тәсілдері
- Сын тұрғысынан ойлау стратегиялары
- Сұрақ–жауап
Мақсаты
- Достың адам өміріндегі маңызы мен достықтың шынайы белгілерін түсіндіру.
- Оқушыларды әдеби тілде сөйлеуге дағдыландыру; қоршаған ортаны дұрыс түсінуге, өмірге көзқарасын қалыптастыруға және өз ойын дәл жеткізе білуге көмектесу.
- Достыққа адал болуға, имандылыққа, сыйластыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Интерактивті тақта
- Нақыл сөздер
- Сызбалар
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
Психологиялық дайындықТренинг: «Бір-бірімізге жылы сөз арнаймыз»
— Әрбір адам?
Туысым, досым, жұрағат.
— Әрбір сабақ?
Үйрену, ұғу, ұлағат.
— Әрбір ісім?
Тірлік, тірек, адалдық.
— Әрбір сөзім?
Шындық, бірлік, адалдық.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Балалар, біз бір-бірімізге жылы сөз арнап, достығымыз бен бірлігімізді білдірдік. Бүгінгі «Достық пен жолдастық» тақырыбындағы сабағымыз — өмірімізге сән беретін, адам бойындағы ғажайып сезім туралы.
Негізгі ой: достық — адамның рухын көтеретін, сенім мен сыйластыққа негізделген құндылық.
II. Негізгі бөлім
Сұрақ–жауапТалқылау сұрақтары
- Кім достық туралы мақал-мәтел біледі?
- «Достық» ұғымын қалай түсінесіңдер?
Оқушылардың жауаптары (үлгі)
- 1-оқушы: Достық — ізгі ниетті адамдардың бір-біріне жақсылық жасауға серттесіп, ниет қосып, іс-әрекетте ортақтасуы. Достық — ізгі қасиет.
- 2-оқушы: Достықтың нәрі — оның қадіріне жете білуде. Достық — киелі ұғым.
- 3-оқушы: Жаны таза, жүзі жылы, жөні түзу, ақылды әрі парасатты болу — нағыз достықтың белгісі.
- 4-оқушы: Достықтың сенімі — адамдардың бір-бірін қажетсінуі мен шынайы құрмет тұтуы.
- 5-оқушы: Адал достық — өмірлік нұсқа, ал амал достықтың өрісі қысқа.
- 6-оқушы: Достасу, серік табу адамның бақытына бақыт қосады.
Мұғалімнің тұжырымы
Достық — аспандағы жарық жұлдыз, теңіздегі гауһар тас сияқты. Жұлдызды да, гауһар тасты да ешкім кірлете алмайды. Достық адамды асқақтатады, шабыт береді. Нағыз достар бір-бірінің қуанышына да, сәтсіздігіне де ортақтасады.
Ал жалған достықтың ғұмыры қысқа: онда шынайылық та, кемшілікті түзетуге ниет те болмайды.
Ғибратты әңгіме: Әйтімбет шешен
Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бірде замандастары одан: «Достық нешеу?» — деп сұрайды. Шешен: «Достықтың екі түрі болады: адал достық және амал достық» — дейді. Сонда жұрт: «Екеуін қалай ажыратамыз?» — деп сұрағанда, ол: «Адал достық — өмірлік нұсқа, амал достықтың өрісі қысқа» — деп жауап беріпті.
Ойландыру сұрағы: Бұл сөзді қалай түсінесің?
Шығармашылық тапсырма
Достықты бір нәрсеге теңеп көрейік: таңдаған теңеудің суретін салып, неге дәл соны таңдағанымызды түсіндірейік.
Ән
«Дос болайық бәріміз»
Қосымша сұрақ: Дос қандай болу керек? (топтастыру)
«Мақал — сөздің маржаны»
Мақал-мәтелдерТеңге
Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын.
Ағаш
Ағаш тамырымен, адам досымен мықты.
Тұз
Досы жоқ адам — тұзы жоқ тағам.
Жол
Жолдасын тастаған жолда қалар.
Нан
Тістем нанның қадірін тарыққанда білерсің, анық достың қадірін зарыққанда білерсің.
Аққу
Аққуды атпа, досыңды сатпа.
III. Қорытынды
РефлексияЖұмыс түрлері
- «Алақан» тренингі
- I топ: 5 жолды өлең құрастыру
- II топ: РАФТ жазу
- Жағдаяттарды шешу
Жағдаяттар (талқылауға)
- Досың саған өкпелі. Неге екенін білмейсің. Екі күн болды сені көрсе қашқақтайды. Не істейсің?
- Досың сенің жақсы көретін киіміңді күйдіріп алды. Қандай шешім қабылдар едің?
- Досыңды үлкен балалар қорқытып жатыр. Сенің әл-қуатың жетпейді. Не істейсің?
- Досың өзінен кіші баланың телефонын тартып алды. Сынып жиналысында бұл мәселе талқыланып жатыр. Ол сенен көмек күтеді. Не айтар едің?
- Жаңа досың бұрынғы досыңмен араласпауды өтінді. Тек өзімен ғана дос болғаныңды қалайды. Не істейсің?
- Досың саған қимас ағаң сыйлаған сувенирді ұнатып қалды. Қайта-қайта қызықтап қарай береді. Досың сұраса, берер ме едің?
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Қорыта келгенде, айтарым: достықты қадірлей біліңдер. Досыңның кемшілігін кешіре біл, ал қажет болса, ізгілікпен түзетуге көмектес.
Достық сезім нұр құяды сезімге,
Досым үшін тойым дағы, төрім де.
Қуаныштың кептері боп самғаған,
Дос көңілдер шырқай берсін өмірде!
Адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер, адамгершілік нормалары, елдің татулығы — бәрі де осы достықтан бастау алады. Сол бастау сендердің бойларыңда берік қаланды деп сенемін.