Алғыздың еріксізден қолға қалам, Өмірден ерте кеткен замандасым

Мақсаты мен тәрбиелік мәні

  • Маңғыстаулық қоғам қайраткері, «Парасат» қорының ұйымдастырушысы Сайын Нәдірұлы Шапағатовтың өмірі мен еңбек жолын таныстыру.
  • Ұлт жанашырының қоғамға қосқан өлшеусіз еңбегін деректер арқылы ашып, оқушылардың қоғамдық өмірге көзқарасын дамыту.
  • Сайынның шығармашылық қырын танытып, өлеңдерін жаттау арқылы рухани талғамын арттыру.
  • Өнегелі ғұмырын үлгі етіп, патриоттық сезімді, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Слайдтар, бүктемелер, фото-деректер, шарлар.

Сабақтың түрі

Ашық тәрбие сағаты, әдеби-монтаж.

Өту форматы

Үнтаспа, бейнеслайд, жүргізушілер сөзі, өлең оқу, хор орындауы.

Сайын Шапағатов: өмірі мен қоғамдық қызметі

Балалық шағы мен қалыптасуы

Сайын Нәдірұлы Шапағатов 1940 жылдың 4 қаңтарында Маңғыстауда, Каспий теңізі жағасындағы Тельман ауылында (Сығынды ауылдық кеңесі) дүниеге келді. Зерек, сезімтал, қоғамшыл болып өскен Сайын мектепте үздік оқып, қоғамдық жұмысқа ерте араласты: 6-сыныптан спорт секциясын басқарды, 8-сыныптан мектеп бітіргенге дейін оқушылар комитетінің төрағасы болды.

Білімі мен еңбек жолы

1957–1962 жылдары Алматы тау-кен институтын, 1969 жылы Мәскеуде Губкин атындағы мұнай-газ өндірісі институтын тәмамдады. 1962 жылдан бастап Каспий аймақтық тау-кен комбинатында, Маңғыстау мұнай бірлестігі жүйесінде өндірісте және бөлім басшылығы қызметтерінде еңбек етті. Кейін облыстық, қалалық, аудандық партия, комсомол және кәсіподақ ұйымдарында басшылық қызмет атқарды.

«Парасат» бастамасы және өңір үшін тарихи өзгерістер

1989 жылғы Өзен оқиғасынан кейін ел ішіндегі бірлік пен татулықты сақтау, қызбалыққа жол бермеу мақсатында Сайын Шапағатов «Парасат» қоғамдық ұйымын құрды.

Қоғамның араласуымен Маңғыстау облысы 1990 жылы қайта құрылды, ал 1991 жылдың қыркүйегінде Ақтау қаласы тарихи атауын қайта алды.

Өнерге қамқорлық

Сайын Шапағатов сауатты саясаткер ғана емес, өнертанушы ретінде де танылды. Ел ішіндегі өнерлі жандарды халыққа таныстырып, «Парасат» қоғамының төңірегіне көптеген өнер қайраткерлерін топтастырды: Ж. Елеусінов, М. Панаев, С. Адай, С. Нұржан, Ж. Қоңқашов, А. Көмеков, Қ. Оразов, Ғ. Әріп, Т. Мыңжас, Д. Аралбаев, Қ. Демеубергенов, А. Рамазанова, Г. Науырша, Б. Ахметова, Т. Айтжанова, О. Тоғызбаева және басқалар.

Спорт жанашыры

Ол спортты да ерекше қолдады. Әсіресе қазақ күресі мен самбо спортына жүйелі түрде көңіл бөліп, жастарды жігерлендіретін бастамаларға дем берді.

Поэзиядағы үні: Сайынның өлеңдері

Сайын Шапағатов бос уақытында өлең жазуға да ден қойған. Оның «Ақмаржан қала», «Ауылым», «Туған елім», «Әсер», «Ұстазға», «Жол», «Жаңбырдан соң», «Көктем» сияқты жырлары туған жерге сүйіспеншілік, еңбекке құрмет, азаматтық сезім тақырыптарын өрнектейді.

«Ұстазға»

Ой қаптап, өрістете сана бүгін, Есіме түседі ерке бала күнім. Өмірдің ең сырына еркіндетіп, Құюға жалықпаушы ең жан азығын. Қақтырдың қанатымды ұлы өмірге, Құрғақ сөз, құр көңілмен жүремін бе? Еңбекпен еншілес қып баулығансың, Еңбекпен шалқып сосын жүремін де. Кеудемде гүл еккенсің, солмасын деп, Әрқашан өмір жайлы толғансын деп. Бақыттың бал кесесін батып ішіп, Қиядан қияларға самғасын деп. Қалыпты шалғай бүгін балалығым, Алаулап жастық оты жанады мың. Түлеген сенен талай ұстаз аға, Бірімін жарқын заман адамының.

«Ауылым»

Ойнағанмын мен дағы, Қызғалдақты белесте. Оймақтай із құмдағы — Менің ізім емес пе? Орала қалсам кейде бір, Ауылым — ыстық ұясың. Анама ұқсап бейнебір, Жаныма күш құясың.

«Көктем»

«Кел» — дейді таудың самалы, Кешікпей алма бағына. «Кел» — деп маған қалады Көктемнің қызғалдағы да. «Кел» — дейді маған бұлақ та, Күмбірлеп аққан тас жарып. «Кел» — дейді сонау жырақта Қалықтап жүрген ақша бұлт.

«Туған елім»

Көшіріп құба жонның ала шаңын, Әсемсің жайған көктем алашаңын. Ып-ыстық, о туған жер, бір өзіңнің Қойнына сыйған бәрі тамашаның. Көк сағыммен жалғасқан, жамырасқан, Шипагер далам — сенің адыраспаның. Жанымды қуанышқа құндақтаған, Туған ел, не бар сенен қадірі асқан?

«Әсер»

Қиялдың күй сандығын сен ақтарып, Көңілдің кетті құсы қанаттанып. Толқынға арман үшін ала қашқан, Отырмын ұзақ мезгіл қарап қалып. Есетін күндегідей жел де тымық, Каспийім жатыр міне тербетіліп. Сезімнің шын белгісі сияқты бір, Шіркін-ай, қарағанда ерте тұрып. Бөленіп келем күйге мен, Жанымнан ұшып бір ұшқын. Тентек жел құйын билеген, Толқынмен бір сәт ұғыстым. Атырау шалқар айдыным, Көрсетші маған еркіңді! Шағала қанат ақ шатыр, Сағынып келем желкенді.

«Жаңбырдан соң»

Өкпек жел — суық жүрісі, Қорғасын бұлтты айдаған. Күмбірлеп аспан күбісі, Найзағай піскек ойнаған. Шатырды қайтем қорғалап, Нөсермен ойнап өсіп ем. Мөп-мөлдір тамшы сорғалап, Құйылды бұлттың төсінен. Аспанның төсі ашылып, Жасанды дала — күн күліп. Моншағын үзіп тал шыбық, Торғайлар алды сілкініп.

Естелік және елдік құрмет

1992

Маңғыстау облыстық ономастика комиссиясының 1992 жылғы 26 қарашадағы шешімімен Түпқараған ауданындағы Тельман селосына Сайын Шапағатов есімін беру ұйғарылды.

1998

1998 жылғы 20 қарашада Ақтаудағы 5-шағынауданда, №29 үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Бұл үйде Сайын Шапағатов өмірінің соңғы кезеңінде тұрған.

Есімінің берілуі

Ақтау қаласындағы №59 балабақшаға Сайын Нәдірұлының есімі берілді.

Қайғы мен құрмет: естелік жырлар

Сабыр Адай Ақжүніс — «Ажал адам талғамайды деу қиын» (Сайын Шапағатовқа)

Домбыра қондыра ма шер-күйін, Енді кім бар ұғындырар ел күйін, Сайын кетті Сары далаға сыймай, Ажал адам талғамайды деу қиын. Келген мұңды қалай кейін серпейін, Ер-азамат еңіретті ерте үйін. Сайын ба еді, қайың ба еді құлаған, Ажал адам таңдамайды деу қиын. Әлі талай көтерілер жел-құйын, Жел-құйынын жетегіне ер, желпін. Жайсаңымды жазалаған түріне Ажал адам таңдамайды деу қиын. Төңкерілген қазан сынды кең аспан, Жұлдыздардың жазар жыры — не дастан. Ажал адам таңдамайды, жайсаңым, Ажалына паң қараған о бастан.

Сәуірбек Отаров, Ақтау қаласы. «Маңғыстау» газеті, 26 тамыз 1992 жыл.

Бексұлтан — «Өмірден ерте кеткен замандасым» (Сайын Шапағатовқа)

Пенде боп дүниеге жаралғасын, Сірә хақ — өлімнен құр қалмассың. Алғыздың еріксізден қолға қалам, Өмірден ерте кеткен замандасым. Есімің шықпас мәңгі санамыздан, Айырылдық біз зиялы дарамыздан. Елім деп еңіреген есіл ерді, Сұм жалған ерте әкеттің арамыздан. Білімдар абзал жанды дара едің, Кішілерге ақылшы, пана едің. Алғаш боп Маңғыстауға «Парасаттың» Аянбай іргетасын қаладың. Намыс қып арқаладың ердің жүгін, Жүгірдің халқың үшін таппай тыным. Тағдырдың байламына не шара бар, Елің отыр қоштасып енді бүгін. Түсе алмайтын ешкімнің ұлтанына, Жоғалмай бойындағы бар қасиет — Дарасын артта қалған ұрпағына.

Тәтеш Айтжанқызы, Жаңаөзен қаласы. «Маңғыстау» газеті, 14 қаңтар 1992 жыл.

Рысжан — «Ескерткіш»

Дәуірлерді жаңғыртып ара-тұра, Перзент болып туады дара тұлға. Көзін жұмып кетсе де, лебі қалар Дүниенің самұрық қанатында. Олар ылғи жүреді жел өтінде, Ел бесігін жаралған тербетуге. Кетсе де өзі қыр асып, жаны жасып, Ізі сайрап жатады жер бетінде. Сайын аға — ондайлар ұшқыны еді, Қайсар, шешен, қиялы ұшқыр еді. Ел-жұртының әманда қамын ойлап, Оған деген сезімі ыстық еді. Қиналғанның сүйеніші, жанашыры, Мұраты үшін халқының алас ұрды. О, ағайын, маңдайын желге төсеп, Алға түскен кімің бар аға сынды? Бұқараны хакімге теңестірген, Ағаның жұрт есімін тегіс білген. Айырылдық біз қой жылы, желтоқсанда Маңғыстаулық саяси күрескерден. «Парасат» игі істерге бастау болсын, Ізбасары мұқалмас жастар болсын. Жалпақ қабат дүние көпке бармас, Арғы жағын ұстайтын жастар болсын.

Айсырға Қилыбаева. «Маңғыстау» газеті, 27 қараша 1992 жыл.

Ел жүрегіндегі орын: қоштасу сөздері

Мақаш Тәтімовтің естелігі

«Өз арамызда енді Сайын Шапағатов сияқты белсенді азаматтың жоқ екеніне сену өте қиын. Сайынның қазасы жүрегімді қатты қақыратып жіберді, өйткені оны жақсы білетін едім. Меніңше, Сайынның атын ел мәңгілік сақтап қалу — маңғыстаулықтар үшін парыз. Өзінің туып-өскен Ақтау маңындағы, Каспий жағалауындағы Тельман ауылы төл перзентінің атымен аталса, бұл әділетті болар еді. Сайынның есімі тек халықтан шыққан қайраткер ретінде ғана емес, белгілі мұнайшы ретінде де Ақтауда, Жаңаөзенде, Жетібайда көшелерге берілсе деймін — ер есімі ел есінде қалсын десек. Бақұл бол, қайран Сайын! Жатқан жерің жарық, тәнің жәннатта болсын!»

Мақаш Тәтімов, Алматы қаласы. «Азат» газеті, 21 желтоқсан 1991 жыл.

Өзге ұлт өкілдерінің азасы

«К сожалению, я не знала Саина Надировича раньше. Но после его смерти весь город заговорил о нем... Вот этими словами я выражаю свою скорбь и боль...»

В. И. Воробьева — арнау өлеңнен үзінді

Ты знал — этот мир непрост, Ты звал — за тобой шли в рост. Не ведал, не думал никто, Что страшное слово — погост. Коснется тебя, Саин, Любимый! И брат! И сын! Ушел ты — увидевший свет, Мечтавший, чтоб был согрет Тем светом простой народ. Ушел, как яблони цвет. А память жива, Саин, Любимый! И брат! И сын! О! Сколько скорбящих лет Оставил твой огненный след. Останешься в наших сердцах: Светилам забвения нет. Ведь имя твое — Шапагат. Любимый! И сын! И брат.

Туған қалаға арналған ән: «Ақмаржан қала»

Хор орындауындағы шығарма мәтіні

Сөзі: С. Шапағатов • Әні: Т. Нұрмағамбетов

Ақтауым — Маңғыстаудың астанасы, Құлпырасың, көңілімді тербейсің. Түбегімнің жайнаған мәңгі жасы, Арманымның биігіне өрлейсің. Қайырмасы: Аққаламсың, асыл қалам, Мен де бір ұлың болам. Тарихыңды таразылап, Төгетін жырың болам. Кәрі Атырау аймалайды өзімді, Ақ толқынын шашу етіп шашады. Сергітеді адамзаттық сезімді, Көңілдегі күй сандығын ашады. Кеудемдегі қазынамды ақтарып, Сәнді үйлермен жазылады дастаның. Ұлың болып жайраңдайын шаттанып, Көгершінді бола берсін аспаның.

Түйін: өнеге болып қалған ғұмыр

Сайынның есімі аталғанда, көз алдыңа қара халықтың арын арлап, жоғын жоқтаған ақберен азамат елестейді. Тұла бойынан туған жердің иісі аңқыған, өзі армандаған жемісінің дәмін көп тата алмай, «тар жол, тайғақ кешу» соқпағында өмірден ерте кеткен қайсар болмыс.

Ол 51 жасында өмірден өтсе де, қолға алған бастамалары аяқсыз қалмады. Оның атқарған еңбегі — бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнегесі — ұмытылмайтын мұра. Азаматтық ұстаным, қоғамдық белсенділік, елдік мүдде жолындағы табандылық — осының бәрі Сайын Шапағатовтың өмір жолынан айқын көрінеді.