Ана тілім болмаса, Бүтінділмес кемдігім
Шараның мақсаты
Бүгінгі шараның мақсаты — оқушылардың білімдерін бекіту, алған білім-білік дағдыларын көрсету, тілін дамыту, сөздік қорын молайту, сондай-ақ ұқыптылыққа және жинақылыққа тәрбиелеу.
Білімді бекіту
Оқығанын жүйелеу, қорытындылау
Тілді дамыту
Мәнерлеп оқу, сөйлеу мәдениеті
Сөздік қор
Өлең, мақал, жаңылтпаш арқылы
Тәрбиелік бағыт
Ұқыптылық, жауапкершілік
Шараның барысы
(Музыка ойналып, оқушылар залға кіреді.)
Мұғалімнің құттықтау сөзі
Қош келіпсіз, барша қауым, қонақтар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңда қызғалдақтай құлпырған,
Міне, алаңсыз балғын шақты балалар.
Көз салып қараңызшы бойларына,
Ортақ бүгінгі өскен ойларына.
Қош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,
Әліппемен қоштасу тойларына!
Жұмбақ
Бар білімнің бастауы,
Бар ғылымның бастауы.
Жас балаға нұр шашқан —
Қандай кітап тіл ашқан?
Балалардың жауабы (хормен):
Әліппе
(Музыкамен Әліппе келеді.)
Әліппенің сөзі
Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Армысыздар, жас достар!
Армысыздар, ата-аналар,
Бүлдіршіндер, балғындар.
Менің атым — Әліппе,
Мені анаңдай дәріпте.
Мені оқып ержеткен
Ағаң да, әпкең де.
Оқушылардың Әліппеге арнауы
1
Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертекті,
Үйреткен оны Әліппе.
2
Бұрқыраған білімнің
Қайнар көзін көріп пе ең?
Том-том қалың кітаптың
Басы болар Әліппем.
3
Бар кітапқа бас болған,
Әліппе — ғылым анасы.
Әліппеден басталған,
Даналықтың дарасы.
4
Әліппем менің, Әліппем,
Сені қолға алып мен
Білімнің есігін аштым,
Ертеңгі сәуле жарықпен.
5
Әліппем менің, Әліппем,
Өмірді танып келем мен.
Қайталап айтам мың рет:
Өзіңе көп-көп рахмет!
6
Бүкіл қазақ баласы дәріптеген,
Қоштаспақпыз сүйікті Әліппемен.
Ризамыз бәрімізді таныстырған
Сөз бен дыбыс, әртүрлі әріптермен.
7
Таныстырған 42 әріппен,
Қош бол, менің қасиетті Әліппем!
Сенің арқаң оқи-жаза білгенім,
Сауатты адам қатарына кіргенім.
8
Ең алғаш алғанымда Әліппені,
Қызығып қарай бердім әріптерді.
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді?
Ұстазым оның кілтін алып берді.
Хор:
Әліппе!
Әліппенің үндеуі және білімді көрсету
Әліппе
Таудай болса талабың, айтары көп әріптің.
Қуанышы баланың — қуанышы халықтың.
Жақсы білім — көрімдік, болсын бізге, халайық!
Не үйреніп, не білдік — қане, ортаға салайық.
Мұғалімнің сұрағы
Балалар, Әліппеден біз не үйрендік, не білдік?
Әліпби
Қазақ тілінде 42 әріп бар.
Саяхат
Әріптер әлеміне саяхат жасап, мысалдармен танысамыз.
Әріптерден мысал
Ә, Б
Ә әрпінен табамыз — әжемізді ақылгөй.
Б дегенің — бабамыз, Бауыржандай батыр ғой.
Г, Ғ
Г әрпімен гүлденер қызғалдақты қырат-тау.
Ғ әрпімен бір келер ғылым атты ұлы тау.
Д, Е
Д әрпінен бастасаң — дархан, дария далам бар.
Е-ні ұмытпас ешқашан елін сүйген жарандар.
Ж, З
Ж дегенің — жөргегің, туған-өскен жерлерің.
З әрпімен зерледім зергерлердің зергерін.
И, К
И дегенің — иманың, адалдықтың асқары.
К дегенің — күй-дарын, домбыраның дастаны.
Қ
Қ әрпінен құралған — бас-аяғы қазақтың.
Жасай берсін бір Аллам, жасай берсін азат күн!
Ойын: «Кім қалай оқиды?»
Шарты: Музыка тоқтағанда доп кімнің қолында қалса, сол оқушы тапсырманы орындайды.
Әліппе: Әліппе оқуға үйреткен әр күні — кім атын атай ғой?
Бәрі: Ол біздің мұғалім апай ғой.
Әліппе: Үйретіп санауды, көп еңбек сіңірген — кім атын атай ғой?
Бәрі: Ол біздің мұғалім апай ғой.
Хор: Мұғалім — ол біздің!
Келесі қадам: «Ана тілі» оқулығы
Әліппенің алғысы
Балалар, білімдеріңе риза болдым.
Бүгін сендер жан-жақты, дарынды, өнерлі екендеріңді көрсеттіңдер.
Енді «Ана тілі» оқулығын да осылай жақсы меңгеретіндеріңе сенемін. Көп-көп рахмет!
Сендерді сауатты жазуға және мәнерлеп оқуға жетелейтін досыммен таныстырайын: ол — «Ана тілі» оқулығы.
(Музыкамен «Ана тілі» келеді.)
«Ана тілі» сөйлейді
Туған елдің тілімін, ақылыммен танылам.
Түсіндірер бәріңе — «Ана тілі» пәнімін.
Ана тілім — елдігім, ана тілім — ерлігім.
Ана тілім болмаса, бүтінделмес кемдігім.
Армысыңдар, балалар! Әліппе сендерді мақтап отыр, бірақ мен де білімдеріңді көргім келеді.
Сендер Әліппемен қатар математика ғылымын да меңгердіңдер. Ендеше, есептеуден байқап көрейік.
Математикаға жігер
Есептеуге жүйрік болсаң жасыңнан,
Математикаға орын берсең басыңнан.
Барлық ғылым саған үйір болады,
Досың солар табылатын қасыңнан.
Тапсырма
Математикалық сайыс (2 топ). Нәтижелер тексеріледі.
Келесі бөлім
Санамақ және әзіл есептер арқылы сандарды бекіту.
Әзіл санамақ (0–10)
0
Дөңгелекке ұқсайды,
Доп сияқты, ұшпайды.
Досым нөлді «О» дейді,
«Бұл нөл» десем, ұқпайды.
1
Біздің үйде бір тауық,
Бір жұмыртқа жүр тауып.
Бір сиыр бар қорада,
Бәтес тәтем жүр сауып.
2
Екі аяқпен жүремін,
Екі көзбен көремін.
Екі қолым бар менің,
Екі құлақ, білемін.
3
Үйімде бар үш қалам,
Үшеуінің ұшын ұштағам.
Үш досымды салдым мен,
Үш балықты ұстаған.
4
Төрт дөңгелек арбада,
Төрт аяқ бар малда да.
Тауыса алмай бидайды,
Төрт тышқан жүр қамбада.
5
Бестік деген бағаны
Алғыр бала алады.
Бәрі жақсы көреді,
Беске оқыған баланы.
6
Алақай! — дер келді күн,
Алтыдамын мен бүгін.
Алты жасқа келмекші,
Алғы аптада енді кім?
7
Жеті саны киелі,
Жұрттың бәрі біледі.
Жеті жасқа жеткендер,
Жығылмай-ақ жүреді.
8
Сен де, мен де баламыз —
Сегіз санын саламыз.
Сегіз деген екі төрт,
Сегіз жаста ағамыз.
9
Тоғыз жасқа келгенім —
Тоғыз жылды көргенім.
Тоғыз жаста тәнті еткен,
Талабымды көр менің!
10
Он жыл, он жас — он деген,
Он жас кіші он менен.
Онды жаза аламыз:
Он — тұрған бір нөл менен.
«Ана тілі»: Әліппе мақтағандай, білімді балалар екенсіңдер. Мені де күтіп ұстап, жақсы оқып меңгеретіндеріңе сенемін.
Ортақ сайыс және алғыс
Сайыс: ата-аналар мен балалар
- Мақал айту
- Жаңылтпаш айту
- Сөз құрау
Мұғалімнің алғысы
Әліппені жақсы меңгеріп, сауатты оқып-жазуымызға ата-аналардың қосқан үлесі мол. Ендеше, бәріміз ата-аналарға рахмет айтып, әдемі биімізді сыйға тартайық!
Би: Вальс (скрипка). Орындаушы: Алтынай.
Қоштасу сөзі
Әліппенің ақ батасы
Енді мен сендермен қоштасайын.
Кір шалмасын беттерің,
Таза болсын оқулық пен дәптерің.
Оқығандарың есте болсын,
Күнделіктерің «5»-ке толсын!
Сау болыңдар, балалар!
(Әліппе сахнадан шығады.)
Мұғалімнің қорытындысы
Әліппені бітірді балаларым,
Әліппеден нәр алған даналарым.
Өзі оқып-жазатын халге жетті —
Құтты болсын білімі балалардың!
Ертеңгіліктің соңында қонақтар (әкімшілік, ата-аналар) ақ көңілмен тілектерін білдіреді. Соңынан естелік фотосуреттер таратылады. (Музыка.)