Дәрігер мен құрылысшы келуі

Ұйымдастырылған ашық оқу қызметі

Білім беру саласы: Коммуникация

Бөлімі: Сөйлеуді дамыту

Тақырыбы: «Мамандықтың бәрі жақсы»

Орны

Атырау облысы, Исатай ауданы, Аққыстау ауылы

«Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасы

Мақсаты мен міндеттері

Білімділік

Балалардың ойлау қабілетін дамыта отырып, болашақ мамандық туралы түсінігін тереңдету, қызығушылығын арттыру.

Дамытушылық

Көлік пен мамандық туралы білімдерін жүйелеу; сурет бойынша әңгіме құрастыру, жұмбақ шешу, тақпақ айту арқылы толық сөйлеуге баулу және сөздік қорын дамыту.

Тәрбиелік

Еңбекке қызығушылық ояту, үлкендердің еңбегін бағалауға тәрбиелеу.

Сөздік жұмыс

Негізгі ұғым: мамандық.

Әдіс-тәсілдер мен көрнекіліктер

Әдіс-тәсілдер

  • Слайд көрсету
  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Ойын әдістері

Көрнекіліктер

  • Слайдтар
  • Бейнематериал
  • Мамандықтар суреттері
  • Үлестірмелі материалдар

Билингвалды компонент

Қазақша

Орысша

Мамандық

Профессия

Дәрігер

Врач

Аспазшы

Повар

Құрылысшы

Строитель

Кіріспе: ынталандыру және назар аударту

Балаларды ізденушілікке қызықтыру:

Қуанамын мен де

Қуанасың сен де

Қуанайық, достарым

Арайлап атқан күнге

Балаларға жұмбақ жасырылады. Мұқият тыңдап, кім туралы екенін табады:

Жұмбақ 1

Қолында қайшы, тарағы,
Тәртіпке шашты салады.

Жауабы: шаштараз

Жұмбақ 2

Сауықтырар сырқатты,
Жылы үнімен тіл қатты.

Жауабы: дәрігер

Бүгінгі тақырыбымыз: «Мамандықтың бәрі жақсы». Мамандықтың түрлері көп: дәрігер, мұғалім, ұшқыш, тәрбиеші, құрылысшы, шаштараз, жүргізуші, аспаз, әнші, биші, журналист және тағы басқа.

Мамандықтың жаманы жоқ — ең бастысы, оны дұрыс таңдай білу. Қалаған мамандықтың иесі болу үшін білімге ұмтылу және еңбекқорлық қажет.

Көрсетілім: мультфильм және слайд арқылы түсіндіру

Бейне-көрсетілім

«Балапан» арнасынан мамандықтар туралы мультфильм көрсетіледі.

Слайдпен әңгімелеу

Суреттер арқылы әр мамандықтың қызметі түсіндіріледі, балаларға сұрақтар қойылады.

Шаштараз

Адамдардың шашын қырқып, сәнін келтіреді.

Дәрігер

Ақ халатты абзал жан. Адамдарды емдеп, көмек көрсетеді.

Мұғалім

Әріп үйретіп, білім нәрімен сусындатады.

Аспазшы

Дәмді тағам дайындайтын маман.

Жүргізуші

Адамдарды діттеген жеріне қауіпсіз жеткізеді.

Құрылысшы

Зәулім ғимараттар мен қабат-қабат үйлер салады.

Әр мамандықтың өз ерекшелігі бар: әркім өз ісіне жауапты және шеберлігімен танылады.

Тосын сәт: қонақтарды шақыру

Балалар маман иелерін тек тақтадан көрді. Енді оларды қонаққа шақыру ұсынылады: дәрігер бөліміне 103 нөміріне қоңырау шалу (бір бала телефон соғады), ал құрылысшыға тәрбиеші өзі хабарласады.

Көрініс

  • Жедел жәрдем көлігінің дыбысы естіледі.
  • Дәрігер мен құрылысшы келеді.

Дәрігердің сөзі

«Сәлеметсіздер ме! Дәрігерлік бөлімшеге телефон соғыпсыздар. Жолда қол көтерген құрылысшы ағайды мінгізіп алдық — ол да осында келе жатыр екен».

Құрылысшының амандасуы

«Сәлем, балақайлар!»

Балалар екі топқа бөлінеді: қыздар дәрігермен, ұлдар құрылысшымен бірге жұмыс жасап, ойын ойнайды.

Рөлдік ойын: «Дәрігер қабылдауы»

Диалог

Дәрігер: «Бір жеріңіз ауырып, мазалап жүрген жоқ па? Дәрігерге соңғы рет қашан қаралдыңыз?»

Науқас: «Саламатсыз ба! Ішім ауырып жүр. Қандай кеңес бере аласыз?»

Дәрігер: «Сараптама қорытындысы қажет. Ауыруыңыз қашаннан бері? Қорытындыдан кейін ем тағайындалады».

Науқас: «Рақмет, дәрігер. Міндетті түрде келемін. Сау болыңыз!»

Дәрігердің кеңесі

  • Ата-ананың рұқсатынсыз үйдегі дәрі-дәрмекті алуға болмайды.
  • «Ауруға ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде».

Шеберлік сәті: «Құрылысшы қалай жұмыс істейді?»

Таныстыру

Құрылысшы өз жұмысының бір бөлігін көрсетеді: «Мен осылай тас қалаймын. Кәне, кім тас қалағысы келеді?»

Балалар шелекке салынған «цементті» кішкентай күрекшемен алып, «тас қалау» әрекетін жасап көреді.

Қорытынды сөз

«Сендер өте ынталы балалар екенсіңдер. Енді жұмысқа қайтатын уақыт болды. Сау болыңдар!»

Балабақшадағы мамандықтар туралы әңгіме

Балаларға сұрақтар қойылады: балабақшаға келгенде кімдерді көресіңдер? Таңғы жаттығуды кім жасатады? Сурет пен музыкадан кім сабақ береді?

Әр мамандық иесінің жұмысын ұйымдастыратын басшы болады. Балабақшаның басшысын да еске түсіреміз.

Тақпақтар: «Мен кім болғым келеді?»

1

Қолда темір қалпағым,
Саздан сарай қалады.
Алматыдан аумайтын,
Әсем қала саламын.

2

Ақ халатты киемін,
Аппақ болып жүремін.
Аппақ болып жүргенді,
Өзім жақсы көремін.

3

Ақ ниетті адамға,
Жақын болғым келеді.
Жолда өткізер көп күнді,
Шофер болғым келеді.

4

Жыры жеткен ғаламға,
Ақын болғым келеді.
Талай жерге әйгілі,
Әнші болғым келеді.

Сергіту сәті

Тақтадан «Көңілді күн» сергіту жаттығуы орындалады.

Дидактикалық ойындар

Ойын: «Мамандық құралын тап»

Балалар тақтадағы мамандық иесіне тиесілі құралдарды тауып, қасына жапсырады.

Жеке жұмыс: «Әр маманның тиісті көлігін тап»

Әр мамандыққа сәйкес келетін көлікті (мысалы, жедел жәрдем, құрылыс техникасы) дұрыс таңдайды.

Ән

«Дәрігер» әні орындалады.

Қорытынды

Мамандық — жұмыстың түрі, ал мамандық иесі — сол жұмысты атқаратын адам. Еңбекке құрметпен қарап, әр маманның қоғамдағы орны ерекше екенін түсінеміз.

Тәрбиеші

Шурағалиева Жұпар Ниғметоллақызы