Жасұлан ұйымының мүшесі - Отанына адал
Салтанатты жиын туралы
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Сапақкөл орта мектебінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 21 жылдығына орай «Жас ұлан» балалар ұйымына оқушыларды қабылдау рәсімі өткізілді. Іс-шараны ұйымдастырушы: Узакбаева Салтанат Бекбергенқызы.
Мақсаты
- Оқушылардың қоғамдық, әлеуметтік, шығармашылық және танымдық белсенділігін арттыру.
Міндеттері
- Мектеп оқушыларының әлеуметтік тәжірибесін байыту және дамыту.
- Әлеуметтік-танымдық бастамаларды жүзеге асыру.
- Мектептің тәрбиелік әлеуетін толық іске асыру.
Безендірілуі
- Мемлекеттік рәміздер: Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы.
- «Жас ұлан» ұйымының туы.
- «Жас ұлан» белгісі бейнеленген баннер.
Салтанатты жиынның өту барысы
Кіріспе
Музыка ойнап, жүргізушілер сахнаға шықты.
Ажар
Армысыздар, қадірлі жас достар, ұстаздар және қонақтар!
Сандуғаш
Сапақкөл орта мектебінің оқушыларын «Жас ұлан» ұйымына қабылдау рәсіміне арналған салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз.
Мемлекеттік рәміздер
Ажар
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізілсін!
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.
Жастарға үндеу
Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға арнаған сөзінен (партияның 13-съезі)
Қазір сіздер үлкен өмірге қадам басасыңдар. Сіздер ата-аналарың мен Отан алдында өз міндеттерің барын сезінулерің керек. Ол міндет сендердің өмір жолдарыңды айқындайды, сонымен бірге нағыз азаматтың борышы мен құқығын анықтайды.
Мен сіздерді бәрінен бұрын қалыптасып келе жатқан тұлға, кәсіби маман және шынайы патриот ретінде көремін. Бұл формуланы мен өмірімнің барлық кезеңінде ойыма түйдім. Ол маған әрдайым көмектесті.
Патриот болу — бұл өз Отаныңды шынайы сүю. Өзіңе және өз халқыңа сену, қоғамға қызмет ету. Жас ұрпақ өзгерістерден қорықпауы тиіс, керісінше өміршең, серпінді жобаларды ұсынуы керек.
Біз өз армандарыңды жүзеге асыру үшін, жоспарларыңды іске асыру үшін барлық жағдайды жасадық және болашағымыздың іргесін қаладық. Мен оған сеніммен барамын, ал сіздер — жас қазақстандықтар — топтасқан біртұтас команда ретінде менімен бірге жаңа биіктерді бағындырасыздар! Мен сіздерге сенемін!
«Жас ұлан» туы және ұйым рухы
Ажар
«Жас ұлан» республикалық қоғамдық ұйымының туын алып шығуға дайындалыңдар! Ту әкелінсін!
Сандуғаш
Жас ұлан — жігерлі де жайдары ұйым,
Төл мерекең жыл сайын тойланды, ұйым!
Жаңғырып, жанданатын жылдан-жылға,
Жас ұлан — жалынды ұйым, айбарлы ұйым.
Мақсат, талап және ережелер
Ажар
Ендеше, оқушылар, «Жас ұлан» ұйымының мақсатымен, міндеттерімен және ережелерімен танысуға дайынсыңдар ма?
Оқушылар: Дайынбыз! Дайынбыз! Дайынбыз!
- Әрбір мүше қоғамдық өмірде, тұрмыста және қазақтың ұлттық болмысын сақтай отырып, ата-анасын шынайы сыйлап, олардың өнегелі қасиеттерін бойына сіңіруді, өсиеттерін орындауды перзенттік парыз деп түсінеді.
- Туған елін шексіз сүйеді.
- Қазақстан Республикасының Туының түсіндей галстук тағады.
- Мемлекеттік нышандарды құрметтейді және Мемлекеттік Гимнді жатқа біледі.
- Оқуда, еңбекте және спортта өжет әрі қайсар болады.
- Шыншыл, адал дос болуға ұмтылады.
Сандуғаш
Білімді — көкіректе нұр деп түсін,
Жігерлі, жалынды — отты жыр деп түсін.
Аталған мақсат, талап, ережені
Орындауға бәрің де міндеттісің!
Рапорт және рұқсат
Ажар (рапорт)
Құрметті Салтанат Бекбергенқызы! Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының, Президент жарлықтарының, Үкімет қаулыларының нормалары және жастар ісі жөніндегі бағдарламалардың талаптары негізінде құрылған «Жас ұлан» ұйымына Сапақкөл орта мектебінің оқушыларын қабылдауға рұқсат етіңіз!
Салтанат Бекбергенқызы
Рұқсат етемін!
Ажар
Мектеп, түзел! Тік тұр!
Ант қабылдау
Сандуғаш
«Жас ұлан» ұйымына қабылданатын оқушылар, ант қабылдауға дайындалыңдар!
Сәбира — Ант
Мен, ____________________, Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына кіре отырып:
- Өз Отаным — Қазақстан Республикасының патриоты болуға;
- Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, дәріптеуге;
- Туған елімді, жерімді, Отанымды мақтаныш етуге;
- Ата-анамды қадірлеуге;
- Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге;
- Білімге табандылықпен ұмтылуға;
- Салауатты өмір салтын ұстануға;
- Табиғатты аялауға;
- «Жас Ұлан» ережесін бұлжытпай сақтауға және оны достарымнан талап етуге ант етемін.
Жерлестеріміздің даңқты ерлігі өнегесі негізінде ерлікке үйренуге және Отанға шексіз қызмет етуге салтанатты түрде:
АНТ ЕТЕМІЗ, АНТ ЕТЕМІЗ, АНТ ЕТЕМІЗ!
(Ант қабылданды.)
Төсбелгі тағу және құттықтау
Төсбелгі тағу рәсімі тапсырылады:
- Сапақкөл орта мектебінің директоры Жолдыбаева Дана Саубайқызына;
- Сарбие ауылдық округінің әкімі Оразбаев Берік Бегіманұлына;
- «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының депутаты Жақып Жұмабай Жарылғасынұлына;
- Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есмұханов Рысбай Қылышбайұлына;
- Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Абдрахманов Сембай Хасенұлына.
Құттықтау сөз
Құттықтау сөзі Сапақкөл орта мектебінің директоры Жолдыбаева Дана Саубайқызына берілді.
Ұран
Ажар: Біз!
Бәрі: Жас ұлан!
Ажар: Ұранымыз!
Бәрі: Қазақстан! Нұрсұлтан! Жас ұлан!
Құрметті «Жас ұлан» және «Жас қыран» ұйымының мүшелері! «Жас ұлан» ұйымына қабылдануларыңызбен құттықтаймыз! Егеменді еліміздің еңселі азаматтары болуларыңызға тілектеспіз!
«Жас ұлан» ұйымының туы көтерілсін!
Өнер және саптық көрсетілім
- «Жас ұлан» ұйымының әні орындалды.
- 10–11 сынып оқушыларының сапта жүру жаттығулары көрсетілді.
- «Егемен ел — Қазақстан» әні орындалды.
- Би қойылымы ұсынылды.
Рәсімнің қорытындысы
Сандуғаш
«Жас ұлан» республикалық қоғамдық ұйымының туын шығаруға дайындалыңдар! Ту шығарылсын!
Ажар
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде шығарылсын.
Ажар
Ризамыз дәл осындай жастық шаққа,
Не жетер, «Жас ұлан» деген лайық атқа!
Келеміз егеменді ел төріне өрлеп,
Ашылып алдымыздан алтын қақпа!
Сандуғаш
Сапақкөл орта мектебі оқушыларын «Жас ұлан» ұйымына қабылдау рәсіміне арналған салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз.