Наурыз мәтінін оқушыларға тарату
Күнделікті сабақ жоспары
Сынып: 9 «Г»
Пәні: Қазақ тілі
Тақырыбы: Наурыз мерекесі. Шартты және қарсылықты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер
Білімділік
- Наурыз мейрамының тарихына, тойлану дәстүріне, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына тоқталу.
- Шартты және қарсылықты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер бойынша білімді пысықтау.
Дамытушылық
- Оқушылардың өз ойын еркін жеткізу дағдысын дамыту.
- Шығармашылық қабілетін арттыру, сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
- Тіл байлығын көбейту, тіл мәдениетін қалыптастыру.
Тәрбиелік
- Қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтауға және қастерлеуге тәрбиелеу.
- Ұлттар достастығын насихаттап, ұйымшылдыққа баулу.
Сабақтың түрі
- Жаңа сабақ (білімдерін толықтыру).
- Білімдерін бағалау, тексеру және бағыттау сабағы.
- Аралас сабақ (білім, білік, дағдыны қолдану).
Әдіс-тәсілдер
Сабақтың жабдығы
Кестелер, суреттер, үлестірме қағаздар.
Жұмыс түрлері
Даралап, жұппен, топпен, ұжымдық.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу.
- Сынып тізімін тексеру.
- Сабаққа дайындықтарын бақылау.
Үй тапсырмасын тексеру
Сұрақтар
- Өткен сабақтарда құрмалас сөйлемнің қандай түрлерін өттік?
- Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем қалай жасалады?
Жаңа білімді меңгерту
Топтастыру
Сынып екі топқа бөлінеді: «Күн» және «Түн». Топ атауларының мәні сұралады.
Ой шақыру
«Наурыз мерекесі туралы не білесіңдер?»
ББҮ стратегиясы
| Білемін | Білгім келеді | Үйрендім |
|---|---|---|
| Наурыз мерекесі 22 наурызда тойланады. | Алғаш рет қай жерде пайда болды? | Сабақ соңында толтырылады. |
Мәтінмен жұмыс
1-қадам
«Наурыз» мәтіні үлестіріледі.
2-қадам
Мәтін жеке оқылады.
3-қадам
Жұппен және топпен талқыланады.
Оқылым мәтіні
Наурыз
Наурыз (парсы тіліндегі нау — «жаңа» және руз — «күн») — «Жаңа жылдың бірінші күні» деген мағына береді. 22 наурыз күні күн мен түн теңеледі. Әр халықтың өзіне тән Жаңа жылы, жыл басы бар. Қазақ халқының Жаңа жылы — Наурыз.
Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамында бүкіл ауыл болып ағаш отырғызып, гүл егетін. Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тәжіктер «бәйшешек» немесе «гүлнаурыз» деп атаған.
Бұл күні халық таза, жаңа киімдерін киеді. Алтыбақан маңында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар — көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан және т.б. — ойналады.
Наурыз көже
Наурыз көже — Наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Ол жеті түрлі дәмнен дайындалады: сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс және т.б.
Қызыр түні
Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қызыр ата аралайды. Сол себепті бұл түн Қызыр түні деп аталады. Қызыр — адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көрінетін қиял-ғажайып кейіпкер.
Сұрақ-жауап
«Күн» тобы
- Басқа халықтар Наурыз мерекесін қалай атайды?
- Бұл түн неге «Қызыр түні» деп аталады?
Сұрақ-жауап
«Түн» тобы
- «Наурыз» сөзі қандай мағына береді?
- Наурыз көжені қандай тағамдардан дайындайды?
Грамматикалық тапсырмалар
1-тапсырма (топпен жұмыс)
Төмендегі құрмалас сөйлемдерді аяқтап жазыңдар:
- Бұл мейрамды гректер «патрих» деп атаса, …
- Қазақ халқы жаңа жылды Наурызда тойлағанымен, …
- Егер «Наурыз» сөзін парсы тілінен аударсақ, …
- Наурыз көктем айы болғанымен, …
2-тапсырма
- Батаны мәнерлеп оқып, аударып, мазмұнын түсіндіріңдер.
- Төмендегі көп нүктенің орнына дауысты дыбыстарды қойып жазыңдар.
Наурыз батасы
Сұрасаң, міне бата,
Дарысын Қызыр ата.
Қызырың қияласын,
Бақ-дәулет ұяласын.
Ор қояндай көзді бол,
Шешен тілді, сөзді бол.
Өркенді бол, ойлы бол,
Өз құрбыңның алды бол.
Сабақты қорытындылау
Венн диаграммасы арқылы тақтаға Жаңа жыл мен Наурыз мерекесінің айырмашылықтары мен ұқсастықтарын жаздыру.
Сабақты бекіту
ББҮ стратегиясының үшінші бағанын — «Үйрендім» — толтыру.
Үй тапсырмасы
Жауапсыз қалған сұрақтарға жауап іздеу.
Бағалау
Оқушыларды белсенділігіне қарай бағалау.