Бостандықтың қадірін Жабылғанда білерсің
Әке мен аға, тектілік пен сын
Байдалынің бір жас баласы Шоңға сәлем беруге келіпті.
— Қай баласың? — дейді Шоң.
— Байдалының баласымын, — дейді бала.
— Байдалының мен көрмеген қай баласысың?
Бала былай деп жауап береді:
— Жалға жүріп бұланбаған баламын, топқа түсіп сыналмаған баламын. Әкем тірі еді, ағам ірі еді, сондықтан билік құра алмаған баламын.
Сонда Шоң балаға тура қарап:
— Қасқа айғырдың баласы қасқа тумаса да, төбел туады деген осы екен-ау, — депті.
Ақыл, ерлік, арғымақ: өлшемі қандай?
Бір мәжілісте Шоң биге Мұса мырза сұрақ қойыпты:
— Ақ сауыт деп нені айтамыз? Арғымақ деп нені айтамыз? Ақылды деп кімді айтамыз? Ер жігіт деп кімді айтамыз?
Шоң би былай деп жауап береді:
- Ақ сауыт — атқанда оқ өтпесе.
- Арғымақ — желгенде жылқы жетпесе.
- Ақылды — тозған елді септесе.
- Ер жігіт — жауға тастап кетпесе.
Бірден онға дейін: өмірдің таразысы
Бұқар жырау қатты қартайған кезінде көңілін сұрай келген Қаздауысты Қазыбек биге:
— Бірден онға дейін санның мағынасын маған ешкім айтып бере алмады. Қазыбек, сен айтып берші, — деген екен.
Қазыбектің жауабы:
- Бір — бірлігі кеткен ел жаман.
- Екі — егесіп өткен ер жаман.
- Үш — үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман.
- Төрт — төсекке шыға алмаған кәрілік жаман.
- Бес — білікті адамнан белгілі бала тумаған жаман.
- Алты — аймағын билей алмаған адам жаман.
- Жеті — жетем деген мақсатына жете алмаған жаман.
- Сегіз — серкесіз бастаған қой жаман.
- Тоғыз — толғанғаның.
- Он — өткенең, о дүниеге жеткенің.
Үш арсыз, үш ғайып, «жетім» ұғымы
Ноғайлының ханы Жәнібек халықты жиып:
— Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады. Соны кім табады? — депті.
Жиналған жұрт мынадай шешім айтады:
Үш арсыз
- Ұйқы арсыз.
- Күлкі арсыз.
- Тамақ арсыз.
Үш ғайып
- Қонақ ғайып.
- Несібе ғайып.
- Ажал ғайып.
Ал «үш жетімді» ешкім таба алмапты.
Сонда Жәнібек хан:
— Елде келмеген кім қалды? — деп сұрапты.
— Келмеген Қарабас шешен қалды, — дейді халық. Қарабас шақырылып, шешуі содан сұралады.
— Жетім үшеу емес, бесеу еді ғой!
- Оты жоқ жер — жетім.
- Басшысы жоқ ел — жетім.
- Елінен ауған ер — жетім.
- Тыңдаусыз сөз — жетім.
- Жоқтаусыз қыз — жетім.
Бес бақыт, үш кемдік, төрт құлазу
Ақтайлақ шешен Қарауыл Қанай шешеннен:
— Ер басында бақыт нешеу? Кемдік нешеу? Құлазу нешеу? — деп сұрайды.
Қанай шешеннің жауабы:
Бес бақыт
- Атың жүрдек болса — жалғанның пырағы.
- Жарың жақсы болса — үй мен қонақтың тұрағы.
- Әкең — асқар тау.
- Шешең — қайнар бұлақ.
- Балаң жақсы болса — екі көздің шамшырағы.
Үш кемдік
- Атың шабан болса — жалғанның азабы.
- Жарың жаман болса — дүниенің тозағы.
- Балаң жаман болса — көрінгеннің мазағы.
Төрт құлазу
- Қалың ел көшсе — көл құлазиды.
- Қаптаған мал кетсе — бел құлазиды.
- Нарқын танымаған — сөз құлазиды.
- Қатарынан айырылған — шал құлазиды.
«Баталы ер арымас»: Қайдардың сұрағы
Ұлы жүз арасында Қайдар деген жігітті ел билеуге белгілейді. Сонда көпті көргендер:
— Арғын Алшағыр биден бата ал. Баталы ер арымас. Онсыз сөзіңде пәтуа болмайды, — дейді.
Қайдар Алшағырға келіп, мұңын айтады:
— Тумай жатып әкем өлді, туған соң үш айдан соң шешем өлді. Ер жетіп мал таптым, тапқаным құралмайды: ұраға жығылады, ұры алады, өле береді. Жасымда жетім қылып зарлатты, өскен соң кедей қылып қақсатты. Мен Құдайдың несін алдым?
Алшағыр би «дүниеде үш жетім бар» деп, оны жетімдікке қоспай, еңбекке, ашықтыққа, қайратқа шақырып, ақылын айтады:
- Басшысы келіспесе — ел жетім.
- Ұқпасқа айтқан — сөз жетім.
- Жаңбырсыз — жер жетім.
Кедейлікке қарсы тұр; сараңдыққа берілме; жалқаулыққа жеңілме. Мал — арыстанның аузында, түрікменнің төрінде: ерінбей іздесең табылады. Ар-ұятыңды таптамай жүрсең, бақ-дәулетке де жол бар.
— Атың Қайдар екен, айдарсың. Топтап малды байларсың. Тасымай жүр: тасыған төгіледі. Ақылмен жүрсең, рулы елді жайларсың, — деп бата беріпті.
Қайтып кірер есікті қатты серпіп жаппа
Орта жүз Қошқарұлы Жәнібек он үш жасында Ұлы жүзде Қараби деген аузы дуалы, білімді би барын естіп, бата алуға жолға шығады. Жолын жауласып жатқан қалмақтар бөгеп, үш жыл өте алмай қалады. Төртінші жылы жол ашылып, Жәнібек он алты жасында Қарабидің еліне келеді.
Қараби сұрайды:
— Шырағым, кімнің ұлысың?
— Қошқарұлы Жәнібекпін, — дейді бала.
Ертеңіне Қараби: «Не қалайсың?» дегенде, Жәнібек бата мен өсиет сұрайды. Сондағы Қарабидің сөзі:
- Бедері жоқ қамқадан берік тоқылған бөз артық.
- Берекеті жоқ ағайыннан берік сөйлескен жат артық.
- Пайданы алыстан ізде, залалды жақыннан қаш.
- Тышқан да інінің айналасын оттамайды — соны да есіңе ал.
- Қайтып кірер есікті қатты серпіп жаппа.
- Қайтып көрер досыңа қайрылмастай сөз айтпа.
- Осыны ұстансаң, ешкімнен кем де, қор да болмайсың.
«Білгендерден ғибрат ал»: қадірдің білінер шағы
Абыз жүз жиырма жасқа келген шағында, Әсет би:
— Абыз айтушы еді деп отыратын бір сөзіңізді айтыңызшы, — депті.
Абыздың толғауы:
- Ата-ананың қадірін — балалы болғанда білерсің.
- Ағайынның қадірін — жалалы болғанда білерсің.
- Балалықтың қадірін — саналы болғанда білерсің.
- Бостандықтың қадірін — жабылғанда білерсің.
- Денсаулықтың қадірін — ауырғанда білерсің.
- Ақшаның қадірін — қағылғанда білерсің.
- Татулықтың қадірін — дос кеткенде білерсің.
- Жақсы әйелдің қадірін — өлгенінде білерсің.
- Аяқ-қолдың қадірін — ақсағанда білерсің.
- Қызыл тілдің қадірін — тоқтағанда білерсің.
Білгеніңді айтып қал, білгендерден ғибрат ал.
Төленің өсиеті: «Жақының үшін жақсының жағасынан алма»
Шақшақұлы Жәнібек батыр Төле биге келіп, ерлік пен биліктің жолын таразылап, ақыл сұрайды.
Төле шешеннің жауабы:
- Өгізге ер салма — қанатың талар.
- Наданға көзіңді салма — сағың сынар.
- Досыңа өтірік айтпа — сенімің кетер.
- Дұшпаныңа сырыңды айтпа — түбіңе жетер.
- Жал-құйрығы қалың деп жабыға айғыр салма: жаугершілік болса, мінер ат тумас.
- Жақының үшін жақсының жағасынан алма — жерің тарылар.
- Ит жүгіртіп, құс салсаң — әуейі боларсың.
- Әйел алсаң, көріктіні емес, тектіні ал.
- Мақтаншақ жігіт жиcаң — жөнiңнен шығарсың.
- Ұрыншақ ат жазда жарға, қыста қарға жығар.
- Тұмаудың түбі — құрт, тұманның түбі — жұт, ақылдың түбі — құт.
- Қарап отырғанша бір іске жарап отыр: кәсіп болмай, нәсіп болмайды.
- Ел шетіне жау келсе — қабырғалы биге күш.
Төрт сұрақтың жауабы: ауыр, терең, ыстық, биік
Балаби қартайған шағында халқын жиып:
— Жерден ауыр не? Судан терең не? Оттан ыстық не? Көктен биік не? — деп төрт сұрақ қояды.
Ешкім шеше алмаған соң, Балаби өзі шешіпті:
- Жерден ауыр — ақыл мен білім.
- Судан терең — оқу мен ғылым.
- Оттан ыстық — фәни жалған, адам ғұмыры.
- Көктен биік — тәкаппардың көңілі.
Қадірі жоқ үш нәрсе
- Амандықтың қадірі жоқ — алдырған күні білерсің.
- Денсаулықтың қадірі жоқ — ауырған күні білерсің.
- Қолда бар жақсының қадірі жоқ — айырылып өлген күні білерсің.
Толыбайдың тапқырлығы: «Дүзде батырмыз, үйде қатынбыз»
Толыбай әрі батыр, әрі шешен екен. Ас пен тойда «кедеймін» деп ығыспай, батыр-билерге, бай-мырзаларға да сөз бермейді деседі.
Бірде тойдан қайтқан бір топ бай-мырзалар «қонақасыдан ұялтайық» деп Толыбайдың үйіне сау ете түседі. Ол кезде Толыбай жалаңаяқ, жалаңбас тары түйіп жатыр екен.
Сырттан:
— Ассалаумағалейкум, Толыбай батыр! — дейді.
Толыбайдың жауабы:
— Уағалейкумассалам, жайсаң мен қасқалар! Кедейшілік ердің түсін басады екен. Дүзде жүрсек батырмыз, үйде отырсақ қатынбыз. Қатын ауру, бала жас — тары түйіп жатырмыз. Таудан үлкен талабым бар, ит ішпейтін шалапым бар. Түссеңдер — міне лашық, кетсеңдер — жолдарың ашық!
Келгендер разы болып, ат-шапан беріп, қасына ертіп жүрген екен.
Араздықтың ақыры: ағайынды жарастыру
Торайғыр мен Шоң әкесі өлгеннен кейін араздасып, елге кері үлгі болыпты. Түсіптің шақыруымен Байдалы қарт татуластыруға келеді.
Алдымен Торайғырға айтқаны:
— Торайғыр мен Шоңбысың мақтап жүрген, бар білгенің осы ма сақтап жүрген? Араздасып екеуің аулақ кетсең, құзғын-қарға жемей ме жақтап жүрген!
Торайғыр келісім береді. Байдалы:
— Аға бауырдан болады, іні тастан болады. Інің барда, аяғына жығыл, — дейді.
Бірақ «жұртқа жаман үлгі болар» деп, бұл жолы інісі Шоңға да сөз айтады:
- Қарағай бойы қар жауса, жұтамайды сауысқан.
- Қанды қалпақ кисе де, шыдамайды туысқан.
- Оңғандықтың белгісі — өзі ұрысып, табысқан.
- Оңбағанның белгісі — өткен істі қуыcқан.
Ақыры Шоң ертемен ағасының үйіне келіп, түндігін ашып, шәугімін асады. Торайғыр төсектен басын көтеріп, көңілі босап:
— Жақсы кісі ақылымен тәуір болады. Мінезі қорғасындай ауыр болады. Құлағы өсек естімейтін сауыр болады… Осы мінездің сенде біреуі де жоқ. Біреудің тілі тисе, қолы тиіп, сүйегімізге таңба болып қала ма деп, өтірік араз болып жүр едім, — деген екен.
Жетестің кәрілік жайлы таразысы
Қара кісі руының Жағал деген азаматы жасы сексенге келген Кіші жүз Жахайым Жетес бимен әңгімеде:
— Әрбір он жылды бір белеске қойғанда, нені теңер едіңіз? — деп сұрайды.
Жетестің толғауы:
- 10 жасымда — асық ойнап, қызығына тоймадым.
- 20 жасымда — бойға жетіп, балалықты қоймадым.
- 25 жасымда — жақсы іске сүйініп, жаманға күйініп, барымды бойға киіндім.
- 30 жасымда — қызыл алтайы түлкідей сақ болып, қыранға алдырмадым, тазыға шалдырмадым.
- 40 жасымда — арғымақтай аңқылдап, тау қырандай шаңқылдап, дариядай сарқылдадым.
- 50 жасымда — биік қара төбеге шығып, алды-артымды көрдім, бірақ алыс-жақынды айыра алмадым.
- 60 жасымда — алты тарау жолға кезігіп, қайсысына түсерімді білмей дағдарып қалдым.
- 70 жасымда — жеңілгенімді біліп, билікті бала-шағаға бердім, жетегіне ердім.
- 80 жасымда — алдым терең құз, артым биік жар, сол жағым су, оң жағым от: қайда қозғалсам да, маған тірілік тірлік емес-ақ.