Алгоритмдік деңгей

Мақсаты

«Тіл білгірі» интеллектуалды сайысының мақсаты — қазақ тілінде ауызекі сөйлеу дағдыларын әдебиет пәнімен ұштастыра отырып қалыптастыру, оқушыларды өз тілі мен туған жерін құрметтеуге тәрбиелеу және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.

Тәрбиелік өзек

Тіл — ұлт рухының тірегі. Әдебиет — халықтың рухани өмірінің айнасы.

Нәтиже

Оқушылардың ой-өрісі, білімі, тапқырлығы мен ептілігі әділ бағаланады.

Қазақ тілі — өте бай тіл. Сөз өнері — халық даналығының жемісі. Сондықтан сайыс барысында тіл мен әдебиетке қатысты білім ғана емес, көркем ойлау мәдениеті де сыналады.

Ұйымдастыру кезеңі

Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін 7 «Б» сыныбы оқушыларымен өтетін «Тіл білгірі» сайысына қош келдіңіздер!

Сайысқа қатысушылар 3 топқа бөлінеді. Әр топтың атауы мен топ басшысы белгіленеді.

1-топ: Мұқағали Мақатаев

Қазақтың қара өлеңі — құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.

Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын, қазақтың дәл өзіңдей қарапайым.

Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып, өзіне қайтарамын.

2-топ: М. Әуезов шығармасынан («Көксерек»)

Құрмаш қанша тәрбиелесе де, Көксерек ұрлық пен адал астың айырмасын ұға алмады.

Құрмаш қасында болғанда таяқ жемейтін. Бірақ ер жете бастаған сайын иесі көз жазып қала берді.

Кішкентай Құрмаш оған «Көксерек» деп ат қойды.

3-топ: Абай Құнанбаев

Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы.

Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба.

Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!

Топты таныстыру және әділқазылар

«Біреу озса сайыста, біреу артта қалады. Ренжімей тараса, озбағандар жарады». Жарыс заңы — жеңімпазды анықтау; ал озат болудың шарты — еңбек пен табандылық.

Әділқазылар алқасы сайыс нәтижесін әділ бағалап, қорытынды шығарады.

I кезең — «Бәйге» (оқушылық деңгей)

«Білім деген биік шың, бақытқа сені жеткізер». Бұл кезеңде әр топ 2 минут ішінде қазақ тілі пәні бойынша 10 сұраққа жауап береді. Әр дұрыс жауапқа 1 ұпай беріледі. Кезек жеребе арқылы анықталады.

I-топ сұрақтары

  1. «Сұлу» сөзінің синонимін табыңыз. (Әдемі)
  2. Жалғаудың түрлерін атаңыз. (Көптік, септік, тәуелдік, жіктік)
  3. «Қап-қара», «аппақ» сөздері қай шырайда? (Күшейтпелі шырай)
  4. Есімшенің жұрнақтарын атаңыз. (-ған/-ген, -қан/-кен, -ар/-ер/-р, -мас, -атын/-етін, -йтын/-йтін, -мақ/-мек, -бақ/-бек, -пақ/-пек)
  5. «Қашан? Қалай? Қайтіп? Не үшін?» — қай сөйлем мүшесінің сұрақтары? (Пысықтауыш)
  6. Бес асыл істі атаңыз. (Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым)
  7. «Қоян жүрек» фразеологизмінің мағынасы. (Қорқақ)
  8. Мақалды толықтырыңыз: «Білім — теңіз, ...» (Мектеп — кеме)
  9. Ұлы жүздің биі. (Төле би)
  10. «Тіл» сөзінің орысша және ағылшынша аудармасы. (Язык, language)

II-топ сұрақтары

  1. Көсемшенің жұрнақтарын атаңыз. (-а/-е/-й, -ып/-іп/-п, -ғалы/-гелі, -қалы/-келі)
  2. «-мен/-бен/пен» қай септіктің жалғауы? (Көмектес септік)
  3. Тіл білімінің дыбыстық жағын зерттейтін сала. (Фонетика)
  4. «Қандай? Қай? Қанша? Неше?» — қай сөйлем мүшесінің сұрақтары? (Анықтауыш)
  5. Белгілі бір аймақта ғана қолданылатын сөздер тобы. (Диалект сөздер)
  6. Сөйлемді аяқтаңыз: «16 желтоқсан — ...» (Тәуелсіздік күні)
  7. Жақтың қатысына қарай дауысты дыбыстар қалай бөлінеді? (Жуан, жіңішке)
  8. Бес дұшпанды атаңыз. (Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ)
  9. «Қолы ашық» фразеологизмінің мағынасы. (Жомарт)
  10. «Астана» сөзінің орысша және ағылшынша аудармасы. (Столица, capital)

III-топ сұрақтары

  1. Әліпбидегі таңбалар қалай аталады? (Әріп)
  2. Сөздің әрі қарай бөлінбейтін мағыналы бөлігі. (Түбір)
  3. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. (Бастауыш, баяндауыш)
  4. «Жақсырақ», «әдемірек» — қай сөз табы? (Сын есім)
  5. ҚР Президенті Н. Назарбаев қай жылы президент болып сайланды? (1991 ж.)
  6. «Ит арқасы қияңда» фразеологизмінің мағынасы. (Алыс)
  7. Мақалды жалғастырыңыз: «Жалқаудың жаны тәтті, ...» (Еңбектің наны тәтті)
  8. «Кімнің? Ненің?» — қай сөйлем мүшесінің сұрақтары? (Анықтауыш)
  9. Сөйлемді аяқтаңыз: «1 мамыр — ...» (Бірлік күні)
  10. «Ел» сөзінің орысша және ағылшынша аудармасы. (Страна, country)

II кезең — «Сөз тапқанға қолқа жоқ» (алгоритмдік деңгей)

Бұл кезеңде кім бастайтыны жеребе арқылы анықталады. Топ мүшелері кезекпен тақтадағы ұяшықтарды таңдайды да, сұраққа ұяшықтағы таңдалған әріптен басталатын сөзбен жауап береді.

Қолданылатын әріптер

А Ә Б Е Ж К Қ М Н О Р С Т Ү Ш

I-топ тапсырмалары

  • Сен бүгін нешеде тұрдың?
  • Наурыз мейрамы қай айда тойланады?
  • Сен қандай үйірмеге барасың?
  • Сен қай қалада тұрасың?
  • Бірінші сабақ нешеде басталады?

II-топ тапсырмалары

  • Сенің мінезің қандай?
  • Қай көшеде тұрасың?
  • Анаңның аты кім?
  • Анаңа қандай сыйлық сыйлағанды ұнатасың?
  • Сыныпта неше оқушы бар?

III-топ тапсырмалары

  • Анаң қандай тамақ пісіреді?
  • Мерекелік кештерге кіммен барасың?
  • Досыңның аты кім?
  • Жазғы демалыста қалай демалдың?

III кезең — «Кейіпкерлер әлемі» (ізденімдік деңгей)

Бұл кезең де жеребе арқылы басталады. Қима қағаздарда бұрын оқылған шығармалардағы кейіпкерлердің немесе ақын-жазушылардың есімдері жазылады.

Топтан бір оқушы қағазды таңдап, онда жазылған есімді атамай-ақ, сол кейіпкердің кім екенін өз тобына сипаттап түсіндіреді.

Қима қағаздардағы есімдер

Абай Құнанбаев
Қазыбек би
Жиренше шешен
Алпамыс батыр
Алдар көсе
Мұқағали Мақатаев
Дулат Бабатайұлы
Баян сұлу
Бауыржан Момышұлы
Қожанасыр
Қарабай
Ыбырай Алтынсарин
Жамбыл Жабаев
Махамбет Өтемісұлы
Мұхтар Әуезов

IV кезең — шығармашылық деңгей (рөлдік ойын)

RAFT стратегиясы бойынша оқушылар қала әкімінің рөліне еніп, қала тұрғындарына арналған бұйрық мәтінін құрастырады.

RAFT құрылымы

  • R — қала әкімі
  • A — қала тұрғындары
  • F — бұйрық
  • T — «2016 жылдан бастап…»

Талап

Мәтін ресми стильде, нақты тапсырмалар мен мерзімдерді көрсете отырып жазылады.

Сергіту сәті — «Психогеометрия» (өзін-өзі тану)

Оқушылар өзіне ұнаған геометриялық фигуралардың бірін таңдайды. Әр фигура адам бойындағы белгілі бір қасиеттер мен қабілеттерді білдіреді.

Квадрат

Төзімділік, шыдамдылық, еңбекқорлық жақсы дамыған. Адамдарды жинап-ұйымдастыру, реттеу және жүйелеу қабілеті бар. Сізден мықты әкімші шығуы мүмкін.

Зигзаг

Әсемдікті сезіну, шығармашылық және ой-өріс жоғары. Табиғи өткір ой бар, қабілетті адамдарды айналаңызға жинай аласыз. Дегенмен бастаған істі соңына дейін жеткізуде төзім жетіспеуі мүмкін.

Шеңбер

Адамгершілік қасиет басым. Өзгені тыңдап, қуанышы мен қайғысын бөлісуге бейімсіз. Адамдар арасындағы кикілжіңнен аулақ боласыз. Сізден жақсы психолог шығуы мүмкін.

Үшбұрыш

Басқарушылық қасиет тән. Мақсатқа жету үшін бар мүмкіндікті жұмсайсыз, өзіңізге сенімдісіз. Жеңіске ұмтыласыз, абыройға бейімсіз. Қоғамдық өмірде және қызметте жоғары нәтижеге жетуге әлеуетіңіз бар.

Қорытынды

Сайысымыздың төрт кезеңі де аяқталды. Ешбір сын-өкпе болмасын, әсері жүректе сақталсын. Қазылар берген бағалар айтылар тілекпен ұштассын!

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады». Ендігі сөз — сайысты саралап, әділ бағасын беретін әділқазылар алқасында.

Көріскенше сау болыңыздар! Осымен «Тіл білгірі» сайысымыз аяқталды.