Әкеңнің сөзі рас, балам
Сабақ тақырыбы
Ана тілім — қанатым
Мақсаты
Оқушыларға тілді ұлттық мұра ретінде сезінуге, тіл мәдениетін сақтай білуге үйрету және тіл туралы түсінік қалыптастыру.
Міндеттері
- Оқушыларға қазақ тілінің қадір-қасиетін түсіндіру.
- Қазақ тіліне деген сүйіспеншілік пен құрметті арттыру.
- Ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтіп, сөздік қорын молайту; сөйлеу икемділігі мен дағдыларын дамыту.
Көрнекілік
- Ұлағатты сөздер
- Жазушылардың портреттері
Барысы
I. Ұйымдастыру
Сыныптың дайындығын тексеру, қатысушыларды түгендеу, назарды сабаққа шоғырландыру.
II. Кіріспе сөз
Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар мен қонақтар, оқушылар! Бүгінгі «Ана тілім — қанатым» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Мұғалім сөзі
Мағжан Жұмабаев: «Тіл — адам жанының тілмашы. Тілі кем болса, адамның қор болғаны», — деген екен.
Тіл — тарих тереңіне бойлатып, өнер бұлағына сусындататын рухани әлеміміздің сарқылмас қайнары. Тіл әрбір адамға ана сүтімен дариды. Тіл — әр елдің, әр ұлттың мақтанышы.
Тәлім-тәрбие тілден басталады. Ендеше, тіл — бөбектің үні, тіл — ананың әлдиі, тіл — бесік жыры. Ана тілін жырламаған ақын жоқ шығар. Ана тілі — ар өлшемі. Тілді шұбарлау — арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау.
Оқушылардың өлең-өрнегі
1-оқушы
Ана тілім, дана тілім — бақытым, Қазақ тілін білу — менің парызым. Тілім — менің ұмытылмас тірлігім, Кім біледі тіліміздің тағдырын?
2-оқушы
Елім деп тек алып соққан жүрегі Ахметтей ағасына іні еді. Қазақ тілін терең зерттеп, танытқан ғұламаның есімін кім біледі?
Оқушылар хормен: Қ. Жұбанов
3-оқушы
Ананың тілінде — ұлылық, Баланың тілінде — жылылық. Сорланар өз тілін білмеген, Қор болар ойы да былығып.
4-оқушы
Туып-өскен Торғайдың даласында, Қайран елі — қазағы санасында, Тілі үшін жазықсыз жапа шеккен Арысың кім — ойланбай табасың ба?
— Ахмет Байтұрсынұлы
5-оқушы
Тіл деп біл өз тіліңді ғалам сүйген, Өйткені атаң менен анаң сүйген. Ал мұны біліп қана қойсаң — күнә, Мұрат ет жалғастырып балаң сүйген.
Ән: «Анамның тілі — анамның үні»
Музыкалық үзіліс6-оқушы
Қазақ тілім, бас иемін мен саған. Тілге деген болу керек кең талғам. Мемлекеттік тілімізді сыйласаң, Қазақ тілі біздер үшін жаралған.
7-оқушы
Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім, Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім. Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені, Болашағым, бақытым — дара тілім.
8-оқушы
Туған тілім — тірлігімнің айғағы, Тілім барда айтылар сыр ойдағы. Өссе тілім — мен де бірге өсемін, Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.
9-оқушы
Қуан, далам! Қуанатын күн бүгін! Серпіп таста мұңды жүрек түндігін. Тіл туралы заңың енді күшіне — Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.
Мақал-мәтелдер айтысы
Аружан: «Көп жасаған қария — ақылы теңіз дария. Көп өнеге сөзі бар, сөзі соқпақ, өзі нәр». Ендеше, келесі кезекте мақал-мәтелдер айтысына кезек берейік.
Қатысушылар: Индира, Андрей, Исатай, Қарсақбай, Диас
10-оқушы
Ана тілін білмеген — Ақылы жоқ желікбас. Ана тілін сүймеген — Халқын сүйіп жарытпас.
11-оқушы
Тіл дегенім — түсініктің құралы, Тіл арқылы адам бәрін ұғады. Татулық та, бірлік, достық, береке — Бәрі-бәрі осы ұғымға сияды.
12-оқушы
Қазақ тілім — саялаған гүл бағым, Қазақ тілім — ана тілім, ардағым. Сен арқылы жетіп жатыр өмірге Жан сырларым, тілегім, бар арманым.
«Қос тіл — қос қанатың» (сөздік жаттығуы)
Екі тілде бірдей сөйлейік:
полуостров — түбек
шелк — жібек
знай — біл
язык — тіл
виноград — жүзім
список — тізім
критика — сын
шерсть — жүн
характер — мінез
быстро — тез
приходи — кел
ветер — жел
смех — күлкі
лиса — түлкі
серый — сұр
встань — тұр
13-оқушы
Әрбір тілде сөйле — әлемді таң қылып, Қазақ тілін білмеу қандай заңдылық? Өсер балаң, байтақ далаң тұрғанда, Қазақ тілі жасау керек мәңгілік.
14-оқушы
Ақыл-ойын дананың Ана тілден аламын. Ана тілім ардақты — Ақ сүтіндей анамның.
Көрініс: «Сөз қадірі»
Автор
Өте ерте заманда бір қадірлі шешен қария дүниеден өтер алдында баласына былай дейді:
«Балам, мен көп ұзамай дүние салам. “Әкем қазына қалдырмады” деп өкпелеме. Ел ішінде қалдырып бара жатқан асыл мұрам бар. Соны іздеп тап, қадірле, қастерле».
Мұны естіген бала әке мұрасын іздеймін деп табаны тозса да, таба алмайды. Ойы сан саққа кеткен ол бір күні ел ішіндегі абзал қарияға келеді.
Бала
Ата, әкем маған қандай қазына қалдырды? Мен іздеп таба алмадым. Мүмкін, сіз білетін шығарсыз — айтып беріңізші.
Қария
Әкеңнің сөзі рас, балам. Оның саған қалдырған мұрасы — тіл. Ол шешен адам еді. Біз сөйлеуді сенің әкеңнен үйрендік. Тілден қымбат қазына жоқ.
Қорытынды ой
15-оқушы
Алаңдатты тіл тағдыры бүгінде: Сен болмасаң, болар ертең күнім не? Қазақ тілін сүйемін мен жаныммен — Қазақ болып қалу үшін түбінде.
16-оқушы
Тәрбие — анамның тілінде, Әр жүйе — саналы білімде. Адалдық — киелі дінімде, Адамдық — жүйелі білімде.
Түйін
Ана тілі — ұлттың жаны, елдің тірегі, адамның рухани өзегі. Тілді қадірлеу — тарихты құрметтеу, болашақты бекемдеу. Әр сөзді салмақтап айтып, тіл мәдениетін сақтайық.