Шәмшіге арнау

Кештің басталуы

Кеш хордың орындауындағы «Менің Қазақстаным» әнімен басталады. Әнұран орындалып болған соң, сахна сыртынан шығарманың шығу тарихы баяндалады; осы сәтте баяу музыка ойнап тұрады.

Оқушының сөзі

Әр адамның өз өмірі болғандай, әр әннің де өз тағдыры, өз тарихы бар. Ол кезеңде Ақмоланы Целиноград деп атап, бес облысты бір өлке етіп, оны Ресейге бермек болған уақыт еді. Қазақ жері бөлшектенудің алдында тұрған кезде, оның асқақтығын жырлайтын ән керек екенін сезінген Шәмші аға осы әнді жазды.

2006 жылғы 6 қаңтарда Республика Парламентінің бірлескен отырысында Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың ұсынысымен Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні мемлекетіміздің Әнұраны болып қабылданды.

Бұл Әнұран шын мәнінде патриоттық сезімді оятып, рухты көтеріп, көңілді тасытып, санаға серпін беріп, бойға күш-қайрат дарытады.

Кітапханашының кіріспе сөзі

Отырар топырағы туа біткен дарыны мен таланты арқылы ел жүрегін жаулап, сөзімен де, ісімен де, қоғамдық биік ойымен де келер ұрпаққа өнеге болған тұлғаларға кенде емес. Сол өнер айдынындағы алыптардың бірі әрі бірегейі — «Вальс королі» атанған әйгілі сазгер, ғасыр сыйлаған қайталанбас тұлға Шәмші Қалдаяқов. Биыл оның туғанына 80 жыл толып отыр.

Жаралған, аға, еліңе әсем ән үшін,

Әсем ән екен тағдырдың берген бағы шын.

Еркіндік сүйген еңселі дархан даламен,

Әніңе қостың сыңсыған Сырдың ағысын.

Уа, Шәмші аға, көңілің неткен кең еді,

Берері мол еді, алыпты ажал бөгеді.

Алыстаса тау асқақтай түседі емес пе,

Жыл өткен сайын асқақтап Шәмші келеді.

Д. Пасатбаев

I бөлім. Ғасыр сыйлаған қайталанбас тұлға

Слайд арқылы сазгердің өмір жолы мен шығармашылығы таныстырылады.

Өмірбаян деректері

  • Туған жері: Отырар ауданы, Шәуілдір ауылы.
  • Мәртебесі: композитор, Қазақстанның халық әртісі.
  • 1950: Сарыағаштағы Қапланбек малдәрігерлік техникумын бітірді.
  • 1951–1954: Қиыр Шығыста әскери борышын өтеді.
  • 1955: Ташкент музыка училищесінің музыка-теория факультетіне түсті.
  • 1956–1962: Алматы мемлекеттік консерваториясында композиция факультетінде, профессор В. В. Великановтың класында оқыды.
  • 1950 жылдан бастап: шығармашылық қызметпен айналысты.

Шығармашылық болмысы

Шәмші Қалдаяқов қазақ ән өнеріне жаңа леп әкелген дара композитор ретінде танылды. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиіп, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді.

Шәмші шығармаларының тақырыптық ауқымы кең: елге, жерге, Отанға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік — оның өнерінің өзегі.

Ерекше атап өтер тұс

Марш ырғағындағы жігерлі «Менің Қазақстаным» тәуелсіз еліміздің Әнұранына айналды.

Жүргізушілердің жыры

Сұлу Арыс жаралғандай ән үшін,

Бір кездері тапқан да еді әншісін.

Бұл күндері баяу ағады сарқылып,

Іздей ме екен төл перзенті Шәмшісін?

I жүргізуші

Жырымды бүгін арнасам сізге айып па,

Өмірден озған ағаға — асыл, ғайып па?

Арыстың әсем жағасындағы арулар,

Жүргендей бүгін ескексіз мініп қайықта.

II жүргізуші

Ән

«Арыстың жағасында» — хор класының оқушысы Айгерім Жәкесова.

Ән әлемі және танымал туындылар

Азаматтық лирикаға тұнған, кең байтақ даланы жырға қосатын шығармалары — «Ақ ерке — Жайық», «Отырардағы той», «Сыр сұлуы», «Көгілдір көкшет» — жұртшылық тарапынан ерекше ықыласқа ие болды.

«Бақыт құшағында», «Ана туралы жыр», «Ақ бантик» сияқты әндер Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева сынды саңлақтардың репертуарынан берік орын алды. Осылайша Шәмші Қалдаяқов артында мол музыкалық мұра қалдырды.

Ән

«Ана туралы жыр» — хор класының оқушысы Зинуллин Жанболат.

Ән

«Ақ бантик» — вокал класының оқушысы Қоңқабаев Сағадат.

Есімін ұлықтау және естелік

Сазгердің есімін мәңгі есте қалдыру ісі бүгін де жалғасуда. Қазіргі таңда Шымкент қаласында облыстық филармония, бір көше; Алматы қаласында бір көше; композитор туған Отырар өңірінде музыка мектебі, орта мектеп және бір ауыл Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталады.

Шымкент филармониясының алдында сазгердің ескерткіші орнатылған. Туған жері Шәуілдір ауылындағы Ш. Қалдаяқов атындағы орта мектеп ауласындағы ескерткіш 2006 жылғы 22 қыркүйекте салтанатты түрде ашылды.

Сонымен бірге 1991 жылы «Жылдарым менің, жырларым» атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді. 2005 жылы композитор Қалдыбек Құрманәлінің ұйымдастыруымен Алматыдағы Республика сарайында Шәмшіні еске алу кеші өтті.

Естеліктер мен зерттеулер

Шәмші Қалдаяқовтың өнері туралы ой-пікірлер мен естеліктер әр жылдары жинақталып, кітап болып шықты:

  • 2002: «Шәмші ғұмыр» (естеліктер мен мақалалар жинағы).
  • Оралбек Бодықов — «Шәмші Қалдаяқов» (повесть).
  • Құттыбек Баяндин — «Ән ғұмыр» (деректі кітап).
  • Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясы, Ә. Телғозиевтің деректі мақалалары, «Шежірелі Отырар» еңбегіндегі ғұмырнамалық деректер.
  • «Әндер», «Бақыт құшағында», «Сағынышым менің», «Менің Қазақстаным», «Шәмші әлемі» атты әндер жинақтары.

II бөлім. Мәңгілікке өлмейтін әуенге арналған жыр-шашу

Шәмші ағаның сөзі

«Өмірге, адамдарға құрметі жоқ кісіден өнерпаз шықпайды. Мен де адамдарға ғашықпын. Сендер менің әл-Фарабимен жерлес екенімді ұмытпаңдар. Ол да, мен де — Отырардың перзентіміз», — деген екен Шәмші аға.

Отырардың ерке ұлы — Шәмші аға

Артында өнер — өшпес мұра қалды,

Әніне табындырып барша жанды.

Қазақтың сазгер ұлы, сал-серісі,

Ғасырдың ұлы, елдің маңдай алды.

Ел аузында айтылады өзге қыры,

Дайын тұратын кімге де әзіл-шыны.

Ақ пейіл көңіліне берген шығар,

Әнұранға айналып отты жыры.

Ұлылықты өзің-ақ дәлелдедің,

Жарқырадың, ұлыдай кемеңгердің.

Әнмен тербеп әлемді сен тұрғанда,

Мүмкін емес, ұлы аға, төмендеуің.

Аты аңызға айналды Шәмші бүгін,

Тиісті еркелеуге елге дүйім.

Жүректен орын алған сазды әуенің,

Көтерер алты алаштың көңіл күйін.

Вальстің королісің — өзің алтын,

Бағалай білген қазақ өнер парқын.

Әуеннен күмбез салған өзіңізді,

Құрметпен тағзым етер сізге халқым.

Өтепов Райымбек оқиды

М. Мақатаев. «Шәміл-ау! Шәмші қайда? Шәмші қайда?»

... Сол күдер ғой — жүректің аңсағаны,

Соған шөлдеп айызың тамсанады.

Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па —

Өз-өзінен жүрегім ән салады.

Әнсіз өмір — өмір ме, қаңсымай ма,

Өзегіңді өртеп дерт жаншымай ма.

Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,

Шәміл-ау! Шәмші қайда? Шәмші қайда?

Шәмшіге айт: тағы да бір таңдандырсын,

Жандырсын жүректі, жандырсын!

Мәңгі өлмейтін махаббатым айта жүрер,

Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!

Хор класының оқушысы Ахбалин Диас оқиды

Шәмшіге арнау

Отырарда туып-өстің, ержетіп,

Жалауын әннің көтердің, аға, өрге тік.

Сіз де өттіңіз опасыз мына жалғаннан,

Ғашықтардың жүрегін әнмен тербетіп.

Кетті, аға, әнің қазақтың жерін шарықтап,

Көгершін болып көк аспанда қалықтап.

Байлық пен мансап — бақытқа бастар жол емес,

Қоныпты сол кез басыңа, аға, анық бақ.

Әніңе қостың Ақжайық, Каспий, Арқа елін,

Ғашықтардың жүрегін, аға, өртедің.

Жалаң аяқ көбелек қуған сәбиің

Іздейді бүгін кіндік қан тамған Сарыкөлің.

Ол рас, аға, өмірден сыйды аз көрдің,

Қиындыққа сыр бермей өтті жаз көңілің.

Қайыққа мінген Сыр сұлу күтіп жүр ме екен,

Бір соғар деп оралмай кеткен сазгерін.

Жабыны жоқтап, тұлпарды көзге ілмеген,

Санасыздар қызғаныш отын үрлеген.

Бүгін жүр бармағын шайнап өкініп,

Уағында қадіріңді білмеген.

Әніңе бөлеп бозторғай ұшқан қырқаны,

Ән салдың, аға, таңға ұрып тағы бір таңды.

Әлемнің қазір төрінен, биік дауыспен,

Әніңіз бүгін Әнұран болып шырқалды.

Күнің туды — төріне өнер өрлейтін,

Ерлер де шықты — намысын елдің тербейтін.

Өлді деп сізді кім айта алар, жан аға,

Ән салдырған мәңгілікке өлмейтін!

Хор класының оқушысы Жанаев Еренбақ оқиды

Күй/ән

«Шәмші аға» — домбыра класының оқытушысы Самат Мақарұлы орындайды.

Қорытынды

Осымен ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовқа арналған әдеби-сазды кешіміз аяқталды. Шәмші әуендері ұлттың жадында жаңғырып, әр буынның жүрегіне үміт пен сағыныш, махаббат пен рух сыйлай бермек.