Сырмақ шерткен сыр
Сабақтың тақырыбы
«Ою-өрнек ой айтар»
Мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
Ою-өрнек туралы түсінік қалыптастыру, оның мәні мен мәдениеттегі орнын ашу.
Білімділік
Ою-өрнектің даму тарихымен, атауларымен және теориялық негіздерімен таныстыру.
Тәрбиелік
Халқымыздың асыл мұрасын, сәндік-қолданбалы өнерді құрметтеуге баулу; эстетикалық тәрбие беру.
Дамытушылық
Ою-өрнек түрлерін түсіндіру, мағынасына үңілдіру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту.
Сабақ форматы
Сабақтың түрі
Аралас сабақ.
Әдістері
- Сұрақ-жауап
- Түсіндіру
- Ой қозғау
- Шығармашылық ізденіс
Көрнекіліктер
Шығармашылық жұмыстар, ою-өрнекпен безендірілген қолөнер бұйымдары, слайд материалдары.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі: психологиялық дайындық
Үйіңе айтшы керегін,
Ойыңның берші дерегін.
Оюмен-ақ сайратар
Тұскиіз, сырмақ, кілемін.
Жаңа сабаққа кіріспе: «Жарнама»
Ою-өрнектің түрлерімен, даму тарихымен, атауларымен танысқың келсе — оюлар әлеміне бет ал. Ол жерден әсемдік пен сұлулықты көріп, көңіл-күйің көтеріліп, өзіңді жақсы сезінесің.
Өнерді таудың бұлағынан,
Қойдың құлағынан,
Апамның киізінен,
Қошқардың мүйізінен үйрендім.
Ә. Қастеев
Ою-өрнек туралы түсінік
Ата-бабамыздан келе жатқан, тарихы терең бұл өнерді өзінше бір ғылым деуге болады. Оймен де, сөзбен де жеткізе алмаған сезімді, табиғат әлемінің жұмбағын бір ғана өрнекке сыйғыза білгеніне таң қаласың.
Қазақ ою-өрнегінің өзіндік даму жолы мен тарихы бар. Ғылыми деректерге сүйенсек, бұл өнер ежелгі замандардан бастау алып, қазақ жерін мекендеген көшпелі тайпалар мәдениетінің ықпалында қалыптасып, сан ғасырлар бойы жетіліп, белгілі бір жүйеге түскен.
Ою-өрнектің халыққа тән ерекшелігі сол жұрттың әсемдікті қабылдау мәдениетімен, ұлттық қолтаңбасымен тікелей сабақтас. Қазақ қолөнерінің ертеден бар екенін Досбай тауларындағы суреттер, Ұлытаудан табылған керамикалық ыдыстар да дәлелдейді.
Қазақ ғалымдары ою-өрнектің түрлері, атаулары, шығу тарихы туралы құнды деректер қалдырған. Бұл — бірнеше ондаған ғасырлық тарихы бар, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан өміршең өнер.
Аңыз: «Сырмақ шерткен сыр»
Ерте-ерте, ертеде әділ бір хан болыпты. Оның елінде ою, өрнек, кесте, тоқыма, оймыш, бәдіз, тігін, құйма сияқты өнер түрлері ерекше дамып, үйдің іші-сырты, киім-кешек, жиһаз, құрал-сайман — бәрі де оюланып, өрнектелген екен. Тіпті олар бір-бірімен «ою тілімен» де сөйлесе алады деседі. Сол үшін бұл елдің билеушісін жұрт Ою хан атап кетіпті.
Бір жылы бөтен елдің ханы соғыс ашып, Ою ханды тақтан түсіріп, билікті өзі қолға алады. Ол ескі салт-дәстүр мен көне өнердің бәрін жоймақ болыпты. Жөн айтқанның бәрін жазалап, халық оны Жою хан деп атап кетеді.
Күндердің күнінде Жою ханның жалғыз ұлы аңға шығып, жолындағы аң-құстың бәрін қырып-жоюға ұмтылады. Сол кезде бір үкі оның бетіне шапшып, екі көзін ойып жібереді. Бала ештеңе көрмей жүріп, жардан құлап, көлге батып өледі.
Жою хан: «Кімде-кім баламның өлімін естіртсе, соның басын аламын», — деп жарлық берген соң, ешкімнің батылы бармайды. Мұны естіген Ою хан баланы іздеуге өзі баратынын айтады. Жолда кезіккен жаралы аң-құстың бәрін емдеп жүріп, ең соңында қанаты сынған үкіні де жазады. Үкі болған оқиғаны айтып береді: хан баласы аң-құсты қырмақ болғанда, соңғы аңдарды қорғау үшін үкі оның көзін шығарғанын, баланың көл түбінде жатқанын жеткізеді.
Ою хан елге оралып, оқиғаның бүкіл желісін сырмақ бетіне өрнекпен түсіреді де, сол сырмақты Жою ханның алдына жайып тастайды. Жою хан оюға қарап отырып, сырмақтың «тілін» іштей тарқатады: биік таулар, терең сулар, қалың орман, құстар, аңдар, жолбарыс, балық, айдын көл... Ақыры ол шындықты өз ауызымен айтып қояды.
Сонда Ою хан: «Тақсыр, өз жарлығыңыз бойынша, баланың өлімін естірткеннің басы алынуы керек еді. Бұл хабарды біз де, халық та сіздің өз аузыңыздан естіп тұрмыз», — дейді. Халық Ою ханды қолдап, сөйтіп, Жою ханның өз жарлығы өзіне қарсы болып, ақыры Ою хан қайтадан ел басына келеді.
Осы аңыздан «әр оюдың тілі бар» деген ұғымның төркінін көреміз: ою-өрнек қоршаған ортадан, табиғаттан, өмір тәжірибесінен нәр алады.
Зерттеулер мен ғылыми пікірлер
Төлеутай Басенов
Ою-өрнектің эволюциясын алғаш зерттеген ғалымдардың бірі. Оның пікірінше, Айша-бибі кесенесіндегі алпыс түрлі ою-өрнек элементі тарихымызда айрықша орын алады және бұл элементтер толық күйінде сол ескерткіште ғана кездеседі.
Әлкей Марғұлан
Академиктің айтуынша, Тоғызтөбе ою-өрнегімен ғұндар мен сарматтар зергерлік бұйымдарды өрнектеген. Бұл үлгілер Пазырық қорғанынан табылған былғары және ағаш бұйымдарда да бейнеленген.
Өнердің «жұмбақ тілі» туралы
Т. Басенов ою-өрнекті зерттеген еңбектерде халықтың «өрнек тілін» толық ашуда қиындықтар болғанын айтады: зерттеуші мен өнер иесі халықтың тілі мен танымы үндеспесе, бұрмалау мен қателікке ұрыну ықтимал.
Ғалымдар ою-өрнектің пайда болуын адамзаттың әсемдікке ұмтылуымен байланыстырады: сұлу пішіндерді күнделікті тұрмыстық заттарды безендіруге қолдану — табиғи қажеттілік.
Бүгінге дейін ою-өрнекке қатысты ашылмаған сыр көп. Дегенмен ол тұрмыс-тіршілікте, сәулет өнерінде ғасырлар бойы қолданылып келеді. Қазақ оюы өзге халықтардың өрнектерінен дара сипатымен ерекшеленеді. XIX–XX ғасырларда бұл өнер шын мәнінде кәсіби деңгейге көтерілді.
Зерттеушілер еңбегі
- Этнограф Садық Қасиманов екі жүзге жуық ою атауын және елуге тарта оюдың мазмұнын сипаттаған.
- Архитектор Төлеутай Басенов өсімдік тектес ою-өрнек сұлбаларын қағазға түсіріп жүйелеген.
- Бүгінде оюшы, суретші-шебер Сапар Төленбаев дәстүрлі үлгілерді сабақтастыра отырып, бірін-бірі қайталамайтын екі мыңға жуық ою-өрнек түрін жасағаны айтылады.
Ою-өрнектің топтастырылуы
Қазіргі кезде ою-өрнектерді композициялық құрылымына қарай бір жүйеге түсіру үшін ғалымдар оны төрт топқа бөледі:
Зооморфты
Жануар бейнелі өрнектер.
Өсімдік пішіндес
Гүл, жапырақ, бұтақ сияқты бейнелер.
Геометриялық
Сызық, ирек, пішінге негізделген.
Космогониялық
Аспан әлемі, күн, ай, жұлдыз нышандары.
Терминдік түсінік
«Ою» және «өрнек» деген қос сөз біріге отырып, латынша ornament ұғымына жақын мағына береді: әсемдеу, сәндеу.
Анықтамалар
- Ою — бұйым бетін пышақпен кесу, ойып өңдеу арқылы өрнек түсіру.
- Өрнек — кез келген бұйымның сыртына түсірілетін біртұтас әшекей.
- Ою-өрнек — ырғаққа құрылған, арнаулы жүйемен жасалған өрнек бөлшектерінің үйлесімі.
Өткенді еске алып, ойға толам,
Сұрыптап теңге салып, көп ойланам.
Ой түйініне жете алмай титықтасам,
Қолыма қайшы алып, ою оям.
Б. Момышұлы
Ежелгі нұсқалар мен атаулар
«Қошқар мүйіз»
Қазақ ою-өрнегіндегі ең танымал әрі кең тараған үлгінің бірі — «қошқар мүйіз». Ол молшылықты, ырысты, берекені меңзейді.
Түрін-ай текеметтің асыл қандай,
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
Келе ғой, қошақаным өзіме деп,
Әжем кеп сыйлағандай шашымнан жай.
Күйімді кешсеңдер-ау сол беттегі,
Тұрғандай ана көңіл тербеп мені.
Жан бітіп жайраңдады жан-жағымнан,
Қазақтың қошқар мүйіз өрнектері.
Ф. Оңғарсынова
Қолөнер және ою-өрнек
Қазақтың қолөнер бұйымдарын ою-өрнексіз елестету мүмкін емес. Ою — бұйымның сәні ғана емес, ойдың, тілектің, ишараның көрінісі.
Халық даналығы
- Шебердің саусағы алтын.
- Оюды оя алмаған — ойланбаған.
- Қолөнер — мол өнер.
- Көз көрерге тоймас, көңіл өнерге тоймас.
- Шеберлік — шегі жоқ байлық.
- Өнерлі қол пішуге жақсы, өткір қайшы кесуге жақсы.
- Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде сызу сыза алмас.
- Ою ойсаң ойланып, өсер сенің өрісің.
- Ою ойғанның ойы ұшқыр.
- Өнерлінің он саусағы тең, өнерсіздің бір саусағы кем.
- Кестенің сыры — түрінде, кілемнің сыры — түгінде.
Ою-өрнектің «киелі» мәні
Қазақ халқы ою-өрнекті киелі санаған. Мәселен, қабырғаға ілінген түскиіз бен кілемдегі кестеге зер салсаңыз, қараған сайын ой-қиял оянып, өрнек пен сызықтар арқылы шебердің айтпақ ойын аңғаруға болады.
Кесте арқылы «сәлем» жолдау
Ертеде алысқа ұзатылған қыз ата-анасына керуеншілер арқылы кестеленген шағын беторамал жолдайды. Орамалда ұшқан құс пен жаңа бүршік атқан гүл бейнеленген екен. Мұны көрген ата-анасы: «Қызымыз әуедегі құстай еркін, жайраңдап өмір сүріп жүр екен», — деп қуанады. Демек, әр кестенің астарында терең мағына жатады.
Шығармашылық бөлім
Тапсырмалар
- «Ою-өрнек» тақырыбы бойынша ойдан сурет салу.
- Ою-өрнек композициясын құрастыру.
Оқушылар жұмыстарын таныстыру
- Өрендердің өрілген өрнектері.
- Жас дизайнер-модельер жұмыстарынан шолу.
Қорытынды
Ою-өрнек — дәлдік, есеп, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, парасат, жылылық, сұлулық, ойлылық пен зеректікті ұштастыратын өнер. Ол көңілге шабыт, шаттық ұялатып, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке және икемділікке баулиды.
Марапаттау
Белсенді қатысқан оқушылардың еңбегі бағаланып, ынталандыру шаралары жүргізіледі.