Астана қаласының көрікті жерлерінің суреттері, бейнетаспа

Мақсаты

Мектепалды даярлық тобы балаларының тіл дамыту бойынша білімдерін және дағдыларын бекіту.

Міндеттері

  • Республикамыздың атауы мен қазіргі орталығы — бас қаласы туралы мағлұмат беруді жалғастыру.
  • Өлеңді мәнерлеп оқуға, ойды жүйелі жеткізуге баулу.
  • Астананың әсем, көрікті жерлерін танып, сұлулықты сезіне білуге үйрету және мақтаныш сезімін ояту.
  • Өз еліне деген сүйіспеншілікке, патриоттыққа тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Астана қаласының көрікті жерлерінің суреттері, бейнетаспа.

Жаңа сөздер

Елорда Бәйтерек Барыс Өкімет үйі

Кіріспе бөлім

Сұрақ

Біздің еліміз қалай аталады?

Жауап

Қазақстан Республикасы.

Сұрақ

Қазақстан Республикасының елордасы қай қала?

Жауап

Елордамыз — Астана қаласы.

Негізгі бөлім

1) Өлеңмен танысу

Педагог Е. Өтетілеуұлының Астана туралы өлеңін мәнерлеп оқиды:

Болашаққа бастаған,

Шарықтайды асқақ ән.

Елордасы Отанның,

Мақтанышым — Астанам.

Е. Өтетілеуұлы

Талқылау сұрақтары:

  • Өлеңде не туралы айтылған?
  • Кім Астанаға барып көрді?
  • Астананың қандай көрікті жерлерін білесіңдер, қайсысында болдыңдар?

Балалардың жауаптары тыңдалады.

2) Астана туралы мәлімет

Педагог фотосуреттер немесе бейнетаспа арқылы елордамыздың көрікті орындарын көрсетіп, қысқаша мағлұмат береді.

Сулы-Жасыл бульвар

Астана орталығындағы жаңа көше.

Ақорда

Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы.

Бәйтерек

Астананың басты нышаны.

Тәуелсіздік сарайы

Мемлекеттік ресми іс-шаралар, форумдар, мәжілістер мен кездесулер өтетін орын.

Парламент үйі (Өкімет үйі)

Елдің заң шығарушы билігі орналасқан ғимарат.

Бейбітшілік пен келісім сарайы

Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің жиындарын өткізуге арналған ғимарат.

Астана циркі

Цирк қойылымдары көрсетілетін орын.

Хан Шатыр

Астанадағы ірі ойын-сауық орталығы.

«Мұхит аралы»

Мұхит жануарларын тамашалауға болатын орын.

Қысқаша тарихи дерек

Қазақстан Республикасының елордасы — Астана қаласы. 1997 жылғы 20 қазанда Н. Ә. Назарбаев Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды.

Осылайша Ақмола Қазақстанның жаңа астанасына айналды. 1998 жылы қала атауы Астана болып өзгертілді. Қысқа уақыт ішінде Астана көрікті де заманауи қалаға айналды.

Қаланың ортасынан ағып өтетін Есіл өзенінің екі жағалауы абаттандырылып, тұрғындар демалатын жағажайлар мен серуен аймақтарына айналды.

Қала келбеті және балаларға арналған орта

Астанада Президент сарайы, Парламент ғимараты, қонақ үйлер, Жастар сарайы, көп қабатты жаңа үйлер мен зәулім нысандар бар. Парламент үйінің алдында Төле би, Қазбек би, Әйтеке бидің ескерткіштері орнатылған.

Қалада салынып жатқан құрылыстар алыстан көз тартады. Бәйтерек нысаны қала тұрғындарын да, жақын және алыс шетелдерден келген қонақтарды да ерекше әсерге бөлейді.

Біздің Отанымызда балалар үшін барлық жағдай жасалады: Астанада балабақша мен мектеп көп. Қыста әсем мұз қалашықтары жасалып, балалар ойнап, серуендейді; үлкендер де тамашалап, қыдырады.

Астананың болашағы әлі алда: ол Еуразиядағы ең әсем, сұлу, әйгілі қалалардың біріне айналмақ.

3) Сөйлем құрату тапсырмасы

«Астана», «көшелер», «үй», «балалар», «Отан» сөздерін қатыстырып сөйлемдер құрастыру.

4) «Ойлан, тап» дидактикалық ойыны

Шарты: А, С, Т, А, Н, А дыбыстарынан басталатын сөздер құрастыру.

А

ана, алма, …

С

су, сан, …

Т

таң, тамаша, …

А

асыл, ата, …

Н

нан, нар, …

А

апа, алқа, …

5) Балалардың шығармашылығы

Балалар өздері білетін Астана туралы өлеңдерді оқиды.