Жастық ағаш - жастық астына қоятын ағаш мүлік
Үй жиһаздары — үй ішіндегі дүние-мүліктің жалпы атауы. Төмендегі атаулар Ұлы Дала тұрмысында кең қолданылған дәстүрлі бұйымдарды, олардың қызметі мен ерекшелігін қысқаша түсіндіреді.
Сақтау және орналастыруға арналған бұйымдар
Адалбақан
Киім ілуге арналған ашалы, ою-өрнекті ағаш.
Асадал
Ыдыс-аяқ қоятын жәшік.
Абдыра (әбдіре)
Зат, киім, бұйым салуға арналған үлкен сандықтың қарапайым түрі.
Сандық
Зат салатын оюлы, сырты темірмен қапталған үй мүлкі.
Сандыққап
Көшкенде қажалмас үшін киізден тігілген жұмсақ қаптама.
Жағлан
Сыртын былғарымен қаптаған сандық түрі.
Жәшік
Қақпақпен жабылатын, төрт аяқты мүлік.
Қобдиша
Сандықтың шағын түрі.
Жүкаяқ
Сандық астына қойылатын, оюлы төрт аяқты ағаш мүлік.
Кебеже
Өрнектеліп жасалған жәшіктің бір түрі.
Шабадан
Көрпе, жастық, киім және түрлі бұйым салынатын қалың мата не киізден оюлап жасалған мүлік.
Кірсалғыш
Жеңіл бұйымдарды салып, кереге басына ілінетін, матадан әшекейленіп тігілген бұйым.
Боқша
Кітап не басқа зат салуға арналған киізден немесе қалың матадан жасалған дорба.
Жүк және жапқыш
- Жүк
- Сандық үстіне жиналған төсек-орын.
- Жүкжапқыш
- Жүк үстіне жабылатын кестелі жапқыш.
Төсек-орын және төсеніштер
Төсекағаш
Кереует.
Көрпе
Ішіне жүн не мақта салып, матадан тігілген жамылғы.
Төсек көрпе
Адамдар астына төселетін көрпе.
Көрпеше
Бір адам отыратын шағын көрпе.
Мамық
Құс жүнінен жасалған жатын төсеніш.
Жастық
Басқа салатын, көбіне құс жүнінен жасалған мүлік.
Жастық ағаш
Жастықтың астына қоятын ағаш мүлік.
Бөстек
Қозы немесе тоқты терісінен жасалған төсеніш.
Талдырма
Жұмсақ төсеніш киіз.
От киіз
От басына, ошақ қасына төселетін қалың киіз.
Тулақ
Босаға жаққа төселетін мал терісі.
Тоқыма, киіз және сәндік бұйымдар
Кілем
Жүннен тоқылатын бұйым.
Түскілем (түскиіз)
Тоқылған, жүннен басылған немесе матадан кестеленген, керегеге ілетін кілемше.
Текемет
Түрлі түсті ою-өрнек түсіріліп, киізден басылатын төсеніш.
Алаша
Өрмекпен тоқылып, құралып біріктірілетін кілемше.
Сырмақ
Киізден сырып жасалатын түскиіз немесе төсеніш.
Шымылдық
Ерлі-зайыптылар жататын тұсқа ұстайтын, ақ матадан тігілген бұйым.
Шыпта
Ас тұратын орынды қалқалап қоятын ши.
Баспана және отбасыға қатысты қасиетті бұйымдар
Шатыр
Жауыннан және ыстықта күн көзінен қорғануға арналған жиналмалы баспана.
Бесік
Баланы бөлеуге арналған қастерлі мүлік. Бесіктің жастық, мамық, жаялық, тартпа, түбек, шүмек, бесік жапқыш сияқты бөлшектері мен керек-жарақтары болады.