Көрген - білгендерін тиянақты түрде мазмұндап жеткізу Жаратылыстану ғылымындағы сауаттылық

Математика сабағында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жолдары

Қарағанды облысы, Жезқазған қаласындағы №10 жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәні мұғалімі — Есенбаева Элмира Амировна

Функционалдық сауаттылық — білім берудің жеке тұлғаны қалыптастырудағы әлеуметтік бағдарлануын білдіретін маңызды ұғым. Қазіргі тез өзгермелі әлемде ол оқушының әлеуметтік-мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық фактор болып саналады.

Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағыты Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында нақты көрсетілген. Білім беру саласындағы мониторинг функционалдық сауаттылықтың негізгі бағыттары арқылы іске асады.

Функционалдық сауаттылықтың негізгі бағыттары

  • Оқу және жазу сауаттылығы

    Оқушының мәтінмен жұмыс істеу, көрген-білгенін жүйелі баяндау, ойды нақты жеткізу құзыреттілігін қалыптастыру.

  • Жаратылыстану ғылымдарындағы сауаттылық

    Ғылыми дүниетанымды қалыптастыру, теориялық білімді дәлелдермен негіздеу, ғылыми категорияларды саналы қолдану дағдыларын дамыту.

  • Компьютерлік сауаттылық

    Ақпараттық мәдениеттілікті, алгоритмдік ойлауды қалыптастыру; қабылдау және есте сақтау қабілеттерін дамыту.

  • Математикалық сауаттылық

    Математикалық тілде сөйлеу және жазу мәдениеті арқылы қоршаған орта заңдылықтарын түсіндіру, ғылыми ойлаудың негізгі құралы ретінде математиканы қолдану.

  • Денсаулық сауаттылығы

    Дені сау, жаны сау оқушы тұлғасын қалыптастыруға бағытталған білім мен дағдылар.

  • Құқықтық сауаттылық

    Құқықтық білімді жақсарту, құқықтар мен бостандықтарды, міндеттерді білу, заңның күшіне сенім қалыптастыру.

Функционалдық сауаттылық дегеніміз не?

Ресми деректерге сүйенсек, мектеп жасындағы балалардың шамамен 40%-ы әдеби мәтінді түсінуге қиналады. Бұл — мектепте білім алғанымен, күнделікті өмірде қарапайым жазбаша үлгілерді қолдану, бланк толтыру, ақпарат мәнін түсіну сияқты практикалық әрекеттерде қиындық туындайтынын көрсетеді. Кейбірі теледидардағы хабарламаны немесе күнделікті тұрмысқа қатысты қарапайым есеп-қисапты түсінуде де қиналатыны байқалған.

Анықтама

Функционалдық сауаттылық — тұлғаның нақты мәдени ортада өмір сүру қызметін жүзеге асыруы үшін қажетті білім, ептілік пен дағдылар жиынтығы; әлеуметтік қатынаста ойдағыдай әрекет етуін қамтамасыз ететін қабілет.

Математика сабағындағы тәсілдер мен тәжірибе

Математика сабағында пәнаралық байланысты негізге ала отырып, сұрақ-жауап, баяндау, проблемалық жағдаят тудыру әдістерін қолданамын. Оқушыларды алға қойылған мәселені шешуге, шығармашылық жұмыстармен айналысуға, бірін-бірі бағалауға, өз ойын нақты әрі толық жеткізуге бағыттаймын.

Осы мақсатта 5-сыныпқа арналған «Логикалық математика», 9–11-сыныптарға арналған «Теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу» курстары тиімді қолдау көрсетеді.

Практикалық тапсырмалар (логикалық есептер)

Төмендегі тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың функционалдық сауаттылығы дамып, ақпараттық мәдениеті қалыптасады.

  1. №1. Біздің ықшамауданда 5 үй бар. Әр үйде 5 мысық бар. Әр мысық 5 тышқан аулайды. Егер әр тышқан 5 уыс ұн жейтін болса, ал әр уыс ұн шамамен 5 грамм болса, мысықтар тышқандарды ұстағанда неше кг ұн сақтап қалады?

    Жауабы: 3,125 кг

  2. №2. Егер 8 адам 8 сағатта бір жұмысты бітірсе, бір адам осы жұмыстың жартысын неше сағатта орындай алады?

    Жауабы: 32 сағат

  3. №3. Делдал 3000 теңгеге тауар сатып алып, 3500 теңгеге сатты. Келесі күні сол тауарды 4000 теңгеге қайта сатып алып, екі күннен кейін 4500 теңгеге сатты. Делдал қанша пайда тапты немесе қанша шығынға ұшырады?

    Жауабы: 1000 теңге пайда

  4. №4. Ахметтің анасының 3 баласы бар. Үлкенінің аты — Қыркүйек, ортаншысының аты — Қазан. Кенжесінің аты кім?

    Жауабы: Ахмет

  5. №5. Бір ауылда 80 үй бар. Оның 60 үйінде ат, 50 үйінде есек бар болса, ең аз дегенде неше үйде ат та, есек те болуы мүмкін?

    Жауабы: 30

  6. №6. Бір қатарда Қанаттың артында 36 адам бар. Ал Аслан Қанаттан кейін 23-адам болып тұр. Егер Асланның алдында 51 адам болса, қатарда барлығы неше адам болған?

    Жауабы: 65

  7. №7. Бір адам қалаға бара жатыр еді. Оған қарсы танысы кездесіп, екеуі ұзақ сөйлескеннен кейін жолдарын жалғастырды. Қалаға неше адам келді?

    Жауабы: 1

  8. №8. Сапар: «Осы жерде тұрған үшеуміз де өтірікшіміз», — деді. Бірақ Руслан: «Сен ғана өтірікшісің», — деді. Жанна: «Екеуің де өтірікшісіңдер», — деп ренжіді. Бұлардың үшеуін танитын бір адам: «Олардың үшеуі де не түгел өтірік айтады, не түгел шындықты айтады. Бірақ кім өтірік, кім шындық айтып тұрғанын айта алмаймын», — деді. Осы жерде қанша өтірікші бар?

    Жауабы: 2

  9. №9. Ат жарысына қатысқан ауыл балаларының біреуі екеуінің алдында, біреуі екеуінің ортасында, біреуі екеуінің артында шауып келеді. Жарысқа неше бала қатысты?

    Жауабы: 3

Қызықты тапсырмалар арқылы ойлауды дамыту

Әртүрлі қызықты есептер адамның ойлау қабілетін дамытатыны сөзсіз. Оның ішінде салу есептерінің де маңызы өте жоғары. Мысалы, төмендегі тапсырмалар оқушыны дәлдікке, жоспарлауға және стратегия таңдауға үйретеді:

Тапсырма 1

Қолыңды қағаздан көтермей, бір рет сызған сызықты екінші рет баспай, берілген фигураларды сызып шық.

Тапсырма 2

Әр фигураға тек бір ғана сан сәйкес келетінін ескеріп, берілген цифрограмманы шеш.

ҰБТ дайындығы: уақытты тиімді пайдалану және «жоққа шығару» әдісі

Жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындауда уақытты тиімді пайдалану ерекше маңызды. Тест тапсырмаларында жиі кездесетін тақырыптың бірі — санның берілген пайызын табу. Мұндай есептерде ықтималдық теориясының логикасына жақын «жоққа шығару» әдісін (метод исключения) қолдану тиімді: алдымен мағынасы сәйкес келмейтін жауаптарды алып тастаймыз.

Мысал №1: 45 санының 30%-ын табу

Жауап нұсқалары: A) 30,5 B) 30 C) 15 D) 13,5 E) 1,5

Ой қорыту

30% — санның жартысынан кіші, сондықтан A, B, C нұсқалары сәйкес келмейді. Қалғаны — D немесе E. Ауызша есептеу: 45 × 0,3 = 13,5.

Дұрыс жауап: 13,5

Мысал №2: арифметикалық прогрессия тапсырмаларында іріктеу

Арифметикалық прогрессияға берілген тапсырмаларда ең әуелі прогрессияның өспелі не кемімелі екенін анықтап, соған сәйкес келмейтін жауаптарды алып тастау арқылы дұрыс шешімге жылдамырақ келуге болады. Бұл тәсіл есепті толық шығарып үлгермеген жағдайда да уақытты үнемдеуге көмектеседі.

Қорытынды

Әдіс-тәсілдерді жүйелі түрде практикада қолдану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, алған білімін тиімді пайдалануға және уақытты үнемдей отырып дұрыс шешім қабылдау дағдысын қалыптастыруға болады.