Қазақ хрестоматиясын жазған кім
Мемлекеттік тіл мәртебеміз
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңға сәйкес қазақ тілі — елдегі негізгі тіл, мемлекеттік тіл. Осы мәртебеге сай оның қолданылу аясы мен беделі мемлекет ішінде ғана емес, халықаралық қатынастар деңгейіне дейін кеңейіп келеді.
Осыған байланысты қазақ тілін оқу мен оқытуды жан-жақты зерттеп, дамыту — уақыт талабы. Мемлекеттік тіл мәдениетін көтеру, әдебиетті насихаттау, талантты жастарды қолдау және туған елін, жерін, Отанын, халқының тілі мен салт-дәстүрін қастерлейтін саналы азамат тәрбиелеу мақсатында мектебімізде жыл сайын дәстүрлі тіл мерекесі өткізіледі. Мерекеге орай тіл апталықтары да жоспарлы түрде ұйымдастырылады.
Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудың мақсаты — мемлекеттік тілде еркін сөйлей білуге, өз ойын жүйелі жеткізуге, сауатты жаза білуге үйрету.
Тіл — ұлттың жаны. Ғабит Мүсірепов: «Тілін білмеген — түбін білмейді», — деген. Әр халықтың тілі өзіне қымбат. Тіл байлығы мен сөздік қордың өсуі халықтың өзіне байланысты: халықтың тілін білсең, оның жанын сезінесің, ал тіл арқылы бүкіл адамзатқа ортақ гуманистік құндылықтарға жақындай түсесің.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Мемлекеттік тілді білудің маңызын түсіндіру және оны құрметтеуге үйрету.
Дамытушылық
Мақал-мәтел, өлең, тақпақ, нақыл сөздер арқылы оқушының сөздік қорын молайтып, тіл байлығын дамыту.
Тәрбиелік
Пәнге қызығушылықты арттырып, тілді қадірлеуге, оның маңызы мен құндылығын сезінуге баулу.
Көрнекіліктер мен формат
- Нақыл сөздер
- Оқушылар дайындаған қабырға газеттері
- Қаттамалар, жұмыстар жинағы
- Оқушылар шығармалары
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сыныптың дайындығын тексеру, қатысушылар мен қонақтарды қарсы алу, сабақтың жалпы бағытын таныстыру.
II. Кіріспе сөз
Мұғалім: Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік тіліміз — қазақ тілі — заңды түрде бекітілді. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заң күшіне енді. Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз — тіліміз.
«Адамға екі нәрсе тірек тегі: бірі — тіл, бірі — ділің жүректегі», — деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, кез келген елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де — ана тілі.
Біздің ана тіліміз — қазақ тілі. Біздің Отанымыз — Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз елтаңбасы, әнұраны, туы бар. Сонымен бірге өз тілі бар.
«Көп тіл білсең — көкжиегің кең болар… Мемлекеттік тілді үйренген жөн болар», — демекші, бүгінгі «Мемлекеттік тіл — менің тілім» атты сайыс сабағын бастаймыз.
III. Негізгі бөлім: сайыс кезеңдері
1-жүргізуші: Қазақ тіліміз — ана тіліміз. Ана тіліміз мемлекеттік тіл болып, үлкен мәртебеге ие болды. Бұл — халқымыз үшін зор қуаныш.
2-жүргізуші: Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілін терең әрі тиянақты меңгеру — бәріміздің ортақ міндетіміз.
Қатысушы топтар
Ән орындау: «Елім менің».
1-кезең: Сәлемдесу (таныстыру)
«Әдепті елдің баласы алыстан сәлем береді» дегендей, әр топ өз мүшелерін таныстырып, төсбелгісін, қабырға газетін түсіндіріп, ұранын айтады.
2-кезең: Тақырыптық әңгіме құрау
Берілетін тақырыптар: Қазақстан, Наурыз, Қызылорда, Қазақтың әдет-ғұрыптары.
3-кезең: Мақал-мәтелдер сайысы
Мақал-мәтелдер — ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан асыл мұра. Кім көп біледі?
- Өнер алды — қызыл тіл.
- Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
- Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.
- Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ.
- Ең ащы да — тіл, ең тәтті де — тіл, ең жұмсақ та — тіл, ең қатты да — тіл.
- Қотыр қолдан жұғады, пәле тілден жұғады.
- Білекті адам бірді жығады, білімді адам мыңды жығады.
Күй: Құрманғазының «Серпер» күйі.
4-кезең: Өлең оқу
«Білімділер» тобы
Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім — мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.
«Қазақстан» тобы
Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен сәттерімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
«Білімділер» тобы
Ана тілі — асыл күні бабамның,
Қуатымсың ақ сүтіндей анамның.
Сәби шақтан бесігіме жыр тыңдап,
Туған тілді жаттап өскен баламын.
«Қазақстан» тобы
Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
Сұрақ-жауап (викторина)
1-топқа
- ҚР қашан тәуелсіздік алды? (1991 ж. 16 желтоқсан)
- Қазақтың тұңғыш ғарышкері кім? (Тоқтар Әубәкіров)
- Шоқанның әжесі кім? (Айғаным)
- «Көксерек» әңгімесінің басты кейіпкері кім? (Құрмаш)
- Қандай ұлттық тағамдарды білесің? (қазы-қарта, жал-жая, бесбармақ, қымыз, шұбат)
- Үстеудің неше түрі бар? (7)
- «Қазақ хрестоматиясын» жазған кім? (Ы. Алтынсарин)
- Күй атасы кім? (Құрманғазы)
- «Орфография» сөзі қай тілден енген? (грек)
- Қазақ тілі қай тілдер тобына жатады? (түркі тілдер тобы)
2-топқа
- Қазақ тілі алғаш мемлекеттік мәртебесін қай жылы алды? (1989)
- Абайдың туған жылы? (1845)
- Қазақ даласының «жарық жұлдызы» кім? (Шоқан Уәлиханов)
- «Ақылды» сөзінің түбірі? (ақыл)
- Қазақ әліпбиін жасаған ғалым кім? (А. Байтұрсынов)
- Ұлттық киімдер: (тақия, бешпент, қамзол, сәукеле, тон, ішік, кимешек т.б.)
- Беташар қашан айтылады? (келін түскенде)
- Тұңғыш кемеңгер ағартушы кім? (Ыбырай Алтынсарин)
- Алғашқы романист жазушы кім? (М. Дулатов, «Бақытсыз Жамал»)
- Қазақ халқының салт-дәстүрлері: (шілдехана, бесік той, тұсау кесу, құда түсу, келін түсіру, қыз ұзату т.б.)
Ән: 8 «А» сынып оқушылары орындауында Абайдың «Желсіз түнде жарық ай».
Келесі кезекте топ басшыларын ортаға шақырамыз.
IV. Қорытындылау
Мұғалім:
Ана тілі — біздің туған анамыз,
Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.
Ана тілін бағаласақ қалай біз,
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.
Ана тілін кім аялай білмесе,
Анасынан безген ұл деп санаңыз.
Бауыржан Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтінен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», — деген. Ендеше, ана тілімізді құрметтеп, сүйе білейік. Мемлекеттік тілде көбірек оқып, бір-бірімізбен қазақша сөйлесейік.
Бүгінгі ұрпақ ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болуы — басты талап.
Қорытынды бөлім: «Менің Қазақстаным» әні орындалады. Әділқазылар сайыс қорытындысын жариялап, қатысушылар марапатталады.