Білімділігі Күнделікті тілде жиі қолданылатын еркін тіркестерден айырмашылығын меңгерту арқылы тілдегі сөз қолданыстарының өзіндік ерекшелігін үйрету
Сабақ тақырыбы: Тұрақты сөз тіркесі
Бұл сабақта тұрақты сөз тіркестерінің (фразеологизмдердің) тілдегі орны мен ерекшелігі таныстырылады, еркін сөз тіркестерімен айырмашылығы нақты мысалдар арқылы меңгертіледі.
Мақсаты
Тұрақты сөз тіркестерінің өзіндік ерекшелігін таныту.
Әдісі мен типі
- Әдісі
- Түсіндірмелі
- Типі
- Білік пен дағдыны қалыптастыру
Міндеттері
- Білімділік: күнделікті тілде жиі қолданылатын еркін тіркестерден айырмашылығын меңгерту арқылы тілдік қолданыстардың ерекшелігін үйрету.
- Дамытушылық: шығармашылық тапсырмалар арқылы логикалық ойлауды дамыту, тұрақты тіркесті тануға дағдыландыру.
- Тәрбиелілік: ата-бабадан қалған ана тілдің құдіретін танытып, асыл мұраны сөйлеу тілінде орынды қолдануға және сөз мағынасын терең ұғынуға тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
Оқушылар тақтаның алдында шеңбер құрып тұрады. Сабаққа қатысуы тексеріледі. Апта күні сұралып, ана тілдің қуатын дарытатын қазақ тілінің кезекті сабағы басталатыны хабарланады.
Өткен сабаққа байланысты әр оқушыға тұрақты тіркестің бір сыңары жазылған сөз беріледі. Оқушылар өз сөздеріне жұп болатын сыңарын тауып, бірге тұрады.
Мысал
«Бес» сөзі бар оқушы «саусақ» сөзі бар оқушыны тауып, «бес саусақ» болады. Кейін «…дай белгілі» сыңары қосылып, «Бес саусақтай белгілі» тұрақты тіркесі құралады.
Осылайша сынып үш топқа бөлінеді. Әр топ өздері құраған тұрақты тіркестің мағынасын түсіндіреді. Топтарға сұрақтар қойылып, тілектес сөздер айтылады.
- «Шашасына шаң жұқпайды» — жүйрік, алғыр. Оқушыларға: «Қазақтың шашасына шаң жұқпайтын білімді шәкірті болыңдар» деген тілек айтылады.
- «Жүректің қалауы» — адамның таңдауы. Кәсіптік бағдар ретінде: «Жүрегің қандай мамандықты қалайды?» деген сұрақ қойылады.
II. Үй жұмысын тексеру
- Тұрақты сөз тіркесі туралы ережені қайталау.
- 116-жаттығу.
III. Жаңа сабаққа бет бұру
Тұрақты тіркесі бар сөйлем
Көз байланғанша, он үйдің алтауы соқыртеке ойнағанда бір толып болды.
Еркін тіркесі бар сөйлем
Баланың көзі орамалмен байланады.
Талқылау сұрақтары
- Екі сөйлемде де кездесетін ортақ сөздер қандай?
- Қайсысы тұрақты тіркес ретінде қолданылады?
- Қай тіркесте сөздердің орнын ауыстыруға болады?
- Қай тіркесте сөздердің орны ауыспайды?
| Тұрақты сөз тіркесі | Еркін сөз тіркесі |
|---|---|
| Сөйлемде дайын күйінде қолданылады. | Сөйлем құрау барысында тіркеседі, ойға сай өзгеріп отырады. |
| Орны ауыспайды, құрамы өзгермейді. | Құрамындағы сөздер өзгеруі мүмкін. |
| Сөйлемде бір сұраққа жауап беріп, бір ғана сөйлем мүшесі болады. | Сөздер әртүрлі сұраққа жауап беріп, сөйлемде әртүрлі мүшенің қызметін атқарады. |
| Жеке сөзбен баламалас мағына береді. | Жеке сөз жалпы мағына берсе, еркін тіркес нақты ұғымды білдіреді. |
IV. Дамыту кезеңі
- Кітап туралы мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер айту.
- Жаттығудағы пікірлерге қатысты өз көзқарасын білдіру.
- Берілген тіркестердің тұрақты тіркес екенін дәлелдеу.
- Сөйлемдерден тұрақты тіркесті тауып, мағынасын ашу.
Талдауға арналған сөйлемдер
- Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпайық.
- Ол әңгімеге араласпай, аузын буған өгіздей тұрып қалды.
- Ел аузына қақпақ болғың келеді, бірақ ол қолыңнан келмейді.
- Жаңағы сөздерің төбемді көкке жеткізгендей болды.
- Бастапқы сөзден беті қайтқан үй иесі ештеңе де сұрай алмады.
- Екі ел тонның ішкі бауындай күй кешті.
- Қасқырды көргенде Жандостың жүрегі тас төбесіне шықты.
- Канал қазылады дегенде, Сырбайдың қуанышы қойнына сыймады.
- Мен қарттың терісіне сыймай отырғанын көрдім.
- Үшеуі бірігіп алып, үйді басына көтерді.
Табиғат құбылыстары және тұрақты тіркестер
Қазақ халқы табиғатпен етене жақын болғандықтан, балаға қойылатын есімдер де, тілдегі бейнелі тіркестер де табиғаттан нәр алады. Осыған байланысты әр топқа жылдың бір мезгілі беріліп, сол мезгілге қатысты тұрақты тіркестер жазу тапсырылады. (Интербелсенді тақтадан жыл мезгілдерінің суреттері көрсетіліп, тіркестер жасырылады.)
Қыс
- Қабағынан қар жауды.
- Ақ қар, көк мұз.
- Суық көзбен қарады.
Күз
- Жылауық күздей.
- Балапанды күзде сана.
- Жүзі күңгірт тартты, түнере қалды.
Көктем
- Көңілі көктемдей.
- Май тоңғысыз.
- Көгеріп көктеді, жапырағын жайды.
Жаз
- Аспан айналып жерге түскендей.
- Жаны жаз.
- Жағасы жайлау.
Орыс тіліндегі тұрақты тіркестерді қазақ тіліндегі баламасымен сәйкестендір
| Орысша | Қазақша баламасы |
|---|---|
| 1) Вешать нос | еңсесін түсіру |
| 2) Душа в пятки ушла | жаны мұрын ұшына келу |
| 3) Дела, как на ладони | алақанға салғандай |
| 4) Волосы стали дыбом | төбе шашы тік тұру |
| 5) Кусать себе палец | бармағын тістеу |
| 6) Работать не покладая рук | тыным таппай еңбек ету |
Бекіту
Тұрақты тіркестерге байланысты сурет салу тапсырмасы беріледі:
Қорытынды
Тұрақты тіркестер — тіліміздегі ойды ықшамдап, көркем әрі бейнелі жеткізетін оралымды сөздер. Олар көркем сөйлеуде де, әдеби мәтіндерді талдауда да маңызды қызмет атқарады. Әдебиет сабағында өткен тақырыптардан тұрақты тіркестерді тауып, мағынасын ашып көрейік.
Үй тапсырмасы
- 122-жаттығу.
- Бір-біріне синоним және антоним болатын тұрақты тіркестерді теріп жазу.