Өсімдіктердің Қызыл кітабы Сабақтың мақсаты
Сабақтың мақсаты
- Оқушыларға өсімдіктердің өсуі мен дамуы туралы түсінік беру; Қызыл кітаптың маңызын ашу; адамның өмірі табиғатпен тығыз байланысты екенін ұғындыру.
- Оқушылардың білімдік дағдыларын дамыту, ойлауын жүйелеу және өз пікірін дәлелді жеткізуге үйрету.
- Табиғатты аялауға, өсімдік әлеміне қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже
Оқушылар өсімдіктердің өніп-өсуі мен жетілуін, түрлерін және таралу жолдарын түсінеді; шығармашылықпен жұмыс істеп, өз ойын жүйелі жеткізе алады; табиғатқа жауапкершілікпен қарап, қамқор болуға ұмтылады.
Сабақтың форматы
- Түрі: аралас сабақ
- Әдіс-тәсілдер: түсіндіру, сұрақ-жауап, салыстыру, «Мен сізден сұрақ күтемін», Венн диаграммасы, топтық жұмыс
- Көрнекілігі: тірек сызбалар мен суреттерге негізделген слайдтар, СТОТ технологиясының сызбалары, өсімдік түрлері, қиынды қағаздар, өсімдік суреттері, бүктемелер
- Пәнаралық байланыс: әдебиеттік оқу, бейнелеу өнері
I. Мотивациялық-ұйымдастырушылық кезең
Мақсаты
Сабақ барысында тиімді жұмыс жүргізу үшін қолайлы психологиялық орта қалыптастыру.
Топқа бөлу
Оқушылар 4 топқа бөлінеді, әр топ өз көшбасшысын сайлайды.
- I топ: Бәйшешек
- II топ: Бұйра лалагүл
- III топ: Қызғалдақ
- IV топ: Ақ тұңғиық
Амандасу
Мұғалім:
Қайырлы күн, оқушылар!
Оқушылар:
Үлкенге де сіз, кішіге де сіз.
Сәлем бердік сіздерге, құрметпенен біз!
Үй тапсырмасын тексеру
Тақтадағы ағаш жапырағынан айырылып, көріксіз болып тұр. Төмендегі сұрақтарға жауап беріп, ағашқа «жапырақтарды» қайта қондырамыз — яғни білімімізбен ағашқа әсемдік сыйлаймыз.
Сұрақтар (сұрақ-жауап әдісі)
- Өсімдік мүшелерін ата.
- Жапырақтар неліктен сарғаяды?
- Қураған өсімдік қалдықтарының қандай пайдасы бар?
- Мәдени өсімдіктерге қандай өсімдіктер жатады?
- Біржылдық өсімдіктерге қандай өсімдіктер жатады?
- Екіжылдық өсімдіктерге қандай өсімдіктер жатады?
Қорытынды ой
Жапырақ ағаштың көркі болса, білім — оқушының көркі. Сендердің жауаптарыңның арқасында «ағашымыз» қайтадан ажарланды.
II. Операциялық-орындаушылық кезең
«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» — деп, табиғаттың тілсіздігіне қынжыламыз. Бірақ табиғаттың да тілі бар: оны адамзат өзі қалыптастырған. Сол «тілдің» бірі — Қызыл кітап.
Қызыл кітап неге «қызыл»?
1948 жылы Халықаралық Табиғатты Қорғау Одағы (IUCN) тірі табиғатты қорғау ісін жүйелі түрде қолға алды. 1949 жылы сирек кездесетін түрлерді қорғау жөніндегі комиссия құрылып, жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды зерттеу, тіркеу және қорғауға алу міндеті қойылды.
Комиссия төрағасы Питер Скотт адамдар назарын аударып, ойландыру үшін бұл тізімді «Қызыл кітап» деп атауды ұсынды. Алғашқы Қызыл кітап 1963 жылы жарық көріп, табиғатты қорғаудағы маңызды бастамалардың біріне айналды.
Қызыл түс — қауіптің белгісі. Сондықтан Қызыл кітап жойылып кету қаупі төнген тіршілік иелерінің «төлқұжаты» іспетті.
Түрлердің санаттары
- Жойылып бара жатқан түр
- Сирек кездесетін түр
- Саны қысқарып бара жатқан түр
- Анықталмаған түр
- Қалпына келіп жатқан түр
Ескерту: «Қара кітап»
Кей деректерде Қызыл кітаппен қатар «Қара кітап» (қара тізім) ұғымы айтылады: онда Жер бетінен мүлде жойылып кеткен түрлер тіркеледі.
Сабақтың тақырыбы
Бүгінгі жаңа сабақтың тақырыбы: «Өсімдіктердің Қызыл кітабы».
Ой шақыру
Топтар «Білемін — Білдім — Білгім келеді» кестесін толтырып, бүгінгі тақырып бойынша бастапқы білімін және сұрағын нақтылайды.
Оқулықпен жұмыс
«Мен сізден сұрақ күтемін» тәсілі бойынша әр топ мәтінді оқып, өзара талқылайды және бір-біріне сұрақтар қояды.
Практикалық жұмыс және дарынды оқушымен жұмыс
Мұғалім алдын ала дарынды оқушы Бериков Диасқа зерттеу тапсырмасын береді. Оқушы Риддер қаласында Қызыл кітапқа енген өсімдіктер туралы мәлімет жинап, сыныппен бөліседі.
I топ — Бәйшешек
Өсімдіктерді қандай топтарға бөлуге болады?
II топ — Бұйра лалагүл
«Өсімдіктердің көбеюі» тақырыбы бойынша сызба құрастыр.
III топ — Қызғалдақ
«Қатесін тап» тапсырмасы:
- Қыста — жапырақтар түседі.
- Күзде — өсімдіктер көктеп шығады.
- Көктемде — өсімдіктер пісіп жетіледі.
- Жазда — өсімдіктердің өсу мерзімі тоқтайды.
IV топ — Ақ тұңғиық
Өз өңіріңдегі өсімдіктерді қорғау үшін қандай шаралар ұсынар едің?
Өзара бағалау
Әр топ жауап бергеннен кейін келесі топтардың жұмысын «бас бармақ» әдісімен бағалайды.
Сергіту сәті
«Көңіл күй» жаттығуы: оқушыларды сергіту, қозғалыс арқылы назарын қайта шоғырландыру.
Ойын: «Кім көп біледі?»
I және II топ
Өсімдіктерге байланысты тыйым сөздерді жинақтау.
III және IV топ
Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді атау және тізімдеу.
Дәптермен жұмыс
«Өсімдіктерді қорғау ережелері» тақырыбында қысқа нұсқаулық жазу.
Синквейн әдісі
- Не? Өсімдік
- Қандай? Әдемі, биік, аласа, бұйра
- Не істейді? Өседі, піседі, қурайды
- 4 сөзден тұратын сөйлем: Өсімдік денсаулыққа өте пайдалы.
Мақсаты
Негізгі ұғымды ықшамдап, дәл әрі көркем тілмен жеткізу; сөздік қорды және логикалық құрылымды дамыту.
III. Рефлексиялық-бағалау кезеңі
Сабақты бекіту
- Өсімдіктер адамға не сыйлайды? (Мысалы: мақта және оның пайдасы.)
- Венн диаграммасы: адам мен өсімдікке ортақ белгілер.
Қорытынды ой
Қазақстан Республикасының «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Заңының 38-бабында табиғатты қорғау және оны таза ұстау — әр адамның міндеті екені айтылады. Демек, болашақты көркейтетін де — сендер. Айналамызды көгалдандыруға атсалысайық: табиғатты қорғайық, өсімдікті көбейтейік.
Ұран
Таза болса — табиғат, аман болар — адамзат!
Үй тапсырмасы
Тест тапсырмасы таратылады, үйде орындап келу.
Кері байланыс
Өз жұмысыңды бағалау үшін алдыңдағы суретті сәйкес түспен боя:
Қызыл түс
Сабақ ұнады, барлық тапсырманы сәтті орындадым.
Сары түс
Кейбір тапсырмаларда қиындық болды.
Көк түс
Тапсырмаларды орындау қиын болды, мұғалімнің көмегі қажет болды.
Автор туралы мәлімет
- Өңірі: Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласы
- Мектеп: №14 орта мектебі КММ
- Мұғалім: бастауыш сынып мұғалімі Маметкалиева Асимгул Кадылхановна