Біздің бүгінгі сабақтың тақырыбы
Сабақтың мақсаты
Бұл сабақта оқушылардың ұлттық ою-өрнек туралы білімін тереңдетіп, теорияны тәжірибемен ұштастыру көзделеді. Сабақ жарыс түрінде ұйымдастырылып, әр кезеңде белсенділік пен ұқыптылыққа басымдық беріледі.
Білімділік
Ою-өрнек өнері бойынша білімдерін тереңдету, қазақтың ұлттық ою-өрнек өнерінің ерекшеліктерімен таныстыру.
Дамытушылық
Теориялық білімдерін жетілдіру, сарамандық жұмыс арқылы білімдерін көрсету.
Тәрбиелік
Әсемдікке, жауапкершілікке, ұқыптылыққа баулу; ой-өрісті дамыту арқылы адамгершілікке тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Мұғалім оқушылармен амандасып, қонақтарға сәлем беруді және бір-біріне жақсы тілектер айтуды ұйымдастырады. Мұғалім оқушыларға сәттілік тілейді.
Әл-Фарабидің нақыл сөзі еске түсіріледі:
«Тәрбие жоқ жерде білім болмайды» — оқу мен тәрбие егіз.
Осыған сай сабақ бойы мәдениеттілік пен адамгершілік қағидалары сақталады.
Сабақтың тақырыбы
Ою-өрнекті қиып жапсыру. Ою-өрнек тұрмыстық бұйымдарда, үй жиһаздарында, киім-кешек және басқа да заттарда кең қолданылады.
Үй тапсырмасын тексеру
1) Ою-өрнек дегеніміз не?
Ою-өрнек — белгілі бір тәртіппен орналасқан элементтерден құралған өрнек.
2) Ою-өрнек неше топқа бөлінеді?
Төрт топқа бөлінеді: жануар тектес, өсімдік тектес, ғарыштық, геометриялық.
Сайыс сабағының құрылымы
Оқушылар екі топқа бөлінеді (екі түрлі ою арқылы). Әр кезеңде жауап пен орындалған жұмысқа сәйкес фишка беріледі. Сайыс 6 кезеңнен тұрады.
Топтар
- 1-топ: «Шебер қолдар»
- 2-топ: «Өнерлі қыздар»
Кезеңдер
- «Атымда ізгі сырым бар» — таныстыру
- «Кім білгір?» — сұрақ-жауап
- «Ойлы болсаң озып көр» — берілген оюдың жасалу жолын айту және көрсету
- «Ою ойғанның ойы ұшқыр» — үлгі бойынша ою сызып, қиып, жапсыру
- «Өлеңшінің сөзі алтын» — ою-өрнекке байланысты өлең оқу
- «Сұрақ бізден — жауап сізден» — қорытынды сұрақтар
1-кезең: «Атымда ізгі сырым бар» (таныстыру)
«Шебер қолдар»
Шебер біздің атамыз,
Шебер біздің әжеміз.
Шебер болған бабамыз да,
Біз де шебер боламыз.
«Өнерлі қыздар»
Өнерлінің қолы алтын,
Өлеңшінің сөзі алтын.
Өнер-білім шыңында,
Құрметтейміз ата салтын.
2-кезең: «Кім білгір?» (сұрақ-жауап)
1) Композиция дегеніміз не?
Ою-өрнекті бір заттың бетіне реттеп орналастыру.
2) Симметрия дегеніміз не?
Ою-өрнектің екі жағының бірдей болуы.
3) Ырғақ дегеніміз не?
Ою-өрнекте бір элементтің қайталанып отыруы.
4) «Оюлар өлеңін» кім жазды?
Ф. Оңғарсынова.
5) Қазақ ұлттық ою-өрнектерінің бастапқы элементтері қай дәуірде салынды?
Тас дәуірінде.
3-кезең: «Ойлы болсаң озып көр»
Әр топқа берілген оюдың жасалу жолын түсіндіріп, кезең-кезеңімен көрсетеді. Жұмыс барысында дәлдік пен реттілік бағаланады.
Сергіту сәті
Би: «Қара жорға».
Қауіпсіздік ережелері
1) Қайшымен жұмыс
- Қайшыны ашық тастамау.
- Бір-бірімізге тұтқасымен ұсыну.
- Жоғары қаратып ұстамау.
- Арнайы қорапта сақтау.
2) Желіммен жұмыс
- Желімді ашық тастамау.
- Таза әрі ұқыпты жұмыс жасау.
4-кезең: «Ою ойғанның ойы ұшқыр»
Берілген үлгі бойынша оюды сызып, қиып, матаға жапсырады. Дәлдігі, симметриясы және орындау мәдениеті ескеріледі.
5-кезең: «Өлеңшінің сөзі алтын»
Ою-өрнек тақырыбына байланысты өлеңдер оқылып, мәнерлеп оқу және мазмұнды жеткізу шеберлігі бағаланады.
6-кезең: «Сұрақ бізден — жауап сізден»
Қорытынды бөлімде бес түрлі ою беріледі. Оқушылар плакаттан оюдың атауын тауып, сәйкес тапсырманы орындайды.
Бағалау
Жеңімпаз топ фишкаларды санау арқылы анықталады.
Үй тапсырмасы
Оюға таспа бастырып тігу.