Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам

Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! «Мұқағали өлеңі — жүрекке сәуле төгеді» атты әдеби кешімізге қош келдіңіздер!

Оқушы оқылымы

Арыз жазып кетейін:

Бүгін менің туған күнім, ой, бәле-ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарылқамай қойғаны-ай.

Мына дүние неге жатыр үндемей,

Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.

Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып:

«Мынау — шапан, мынау — атың, мін!» демей?!

Өлең

«Туған жер»

Ән

«Бақыт деген»

Мұқағали туралы

«Қуат алып Абайдың тіл-күшінен, жыр жазамын Абайдың үлгісімен. Абай болып табынсам бір кісіге, Абай болып түңілем бір кісіден…» — деп жырлаған Мұқағали Мақатаев биыл 83 жасқа толып отыр.

Жыл керуені алға жылжыған сайын М. Мақатаевтің артында қалған өшпес мұрасы қараңғы түн қойнауынан құпия сәуле шашқан жарық жұлдыздай жарқырап, өркендей түсуде. Абаймен үндес Мұқағалидай перзенті бар халық — шынымен бақытты халық.

Туған күні

1931 ж., 9 ақпан

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылы

Қайтыс болған жылы

1976 ж., 5 наурыз

Алматы қаласы

Махаббат диалогы

— Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?

— Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.

— Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?

— Күл боп бірге соңынан кетер едім.

— Бұлдырасам сағымдай, не етер едің?

— Жел боп қуып, ақыры жетер едім.

— Қайғы әкелсем басыңа, не етер едің?

— Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.

«Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе? Неге іздедім…» — деп, алауыртқан таңдардан да, қарауытқан таулардан да, кездескен адамдардан да поэзияны іздеген Мұқағали — өз заманының ғажайып ақындарының бірі. Ол бізге көрінбейтін бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатындай әсер қалдырады. Асқар Алатауды кең Сарыарқамен қоса құшақтауға құлаш ашқандай кең тынысты поэзия иесі еді.

«Үш бақытым»

Ең бірінші бақытым — халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса мен бармын, қор болмаймын,

Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым — тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші — Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!

Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?

Ойланбай-ақ кел-дағы, от ал менен.

Үш бірдей бақытым бар алақанда,

Мені мұндай бақытты жаратар ма!

Үш Күн нұрын төгеді аспанынан

Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!

Өлең

«Автограф»

Ән

«Саржайлау»

Көрініс

«Аққулар ұйықтағанда» (поэмадан)

Көрініс: «Аққулар ұйықтағанда» (үзінді)

Автор

Өзен де жоқ сыймаған арнасына, жылға да жоқ даламен жалғасуға.

Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай, қалай біткен мына көл тау басына?!

Мөлдірейді, қарайды қарға шыңға. Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірә.

Қанша ғасыр өтті екен, қанша заман? Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам?

Қанша шырша өсті екен, құлады екен, жетім көлге қараудан шаршамаған?

Жетім көлден су ішкен қанша марал, қанша киік қалды екен сай-салада?

Қанатынан үзіліп ән самалы, қаншама аққу кетті екен — аңсаған ән?

Автор

Бала жатыр төсекте, албыраған.

Әке жатыр еденде, қалжыраған.

Түн күзетіп ана отыр, қос жанары шарасыздан, шаршаған, жаудыраған.

Түні мынау тамыздың маужыраған, тауы анау шымылдық салбыраған.

Бала жатыр төсекте күйіп-жанып, баласының ана отыр күйін бағып.

Қайдандыр бір қатыгез, сұрқай ойлар миын қарып барады.

Ана

Мана, күндіз тәуіп шал не деп кетті?! Әлде өтірік, әлде шын демеп кетті…

«Аққумен баланы аластаңдар», — деді дағы, жайымен жөнеліп кетті…

Тұрсайшы, таяу қалды таң атуға… Неткен жансың, санасыз жаратылған?!

Манағы тәуіп шалдың айтқан сөзі ұмытылып кетті ме санатыңнан…

Айналайын аққудың қанатынан, қайтеміз, ол да адамға бола туған.

Әке

Апыр-ай, қалай барам, қалай барам?

Атармын аққу құсты қалай ғана?

Айдынның аққулары ұйықтағанда, өрген мал, өскен шырша абайлаған,

Барлығы қасиетке қарайлаған… Оқ атам қасиетке қалай ғана?

Бармаймын, бара алмаймын… қалай барам?

Автор / Ана

Автор: Адуынды жан екен алған жары:

Ана: Жалғыз ұлдан артық па, жалған бәрі!

Балам өлсе, бақыттың керегі не? Топан су басып кетсін қалғандарын…

Перзент сұрап несіне армандадың?! Құрысын онсыз сенің жанған бағың!

Мылтықты әкел! Атты ерте! Жалған бәрі!

Автор

Қасқа таң. Бұлбұл үні. Көл бетінде аққулар ұйықтап жатыр тербетіле.

Бас бағып жағада отыр жалғыз ана, таңданып, тәкаппар құс келбетіне.

Көзі тұнған бейбағың топ аққуға… Білмей қалды мылтықтың атылғанын.

Көздің алды көк түтін… Білмей отыр жаңағы тыныштықтың сүт ұйыған тегешін сапырғанын…

Шал

Апыр-ай, бұл кім болды таңсәріде, көргенсіз көл басында мылтық атқан?!

Құстардың зәре-құтын шырқыратқан, неғылған қаныпезер құлқы қатқан?!

Ей! Кімсің? Тірісің бе? Жаның бар ма?

Аққуды неге атасың, арың бар ма?!

Тастағын қаруыңды, келгін бері… келгін бері, кеудеңде жаның барда!

Автор

Байғұс әйел үн-түнсіз жылап тұрды, қарттың үні мең-зең ғып құлаққа ұрды.

Қолындағы мылтығын құлаштап кеп, бөгелмей Жетім көлге лақтырды.

Көзінен жас, көңілінен зар төгіліп, болған жайтты келіні баяндады.

Шал / Ана

Шал: Әй, балам… Болмады ғой, болмады ғой… Қасиет кетті көлден, сорлады ғой.

Тәуіптің айтқанының бәрі өтірік. Атқа мін, ауылға қайт, олжаны қой!

Аққуға кезенерде ырым жасап, тым құрыса саусағыңды қанаттың ба?

Ана: Әлек боп, арпалысып сор-қайғымен, жоқ, ата, жасамадым ондайды мен…

Жасымнан естігенім бар-тын еді: «Әйтеуір аққу атқан оңбайды» деп…

Шал: Солай, солай… Аманат бір Құдайға…

Автор

Абыр-сабыр. Үй маңы дүрбелеңді.

Ақ төсек — аппақ айдын, аққу — бала…

Жаралы аққу секілді жаттың ба, ана?

Ана: Мына жатқан Жетім көл, мына аққуды өз қолыммен өлтірдім, аттым жаңа…

Жоқ! Мен емес… Мен атпадым… Кешегі гөр, кешіре гөр, Жаратқаным!

Күледі, бірде жылап зарланады, көкке қарап бекерге қарманады…

Құлағында — аққудың арман әні…

Орнында екен Жетім көл, жоғалмапты. Ортаймапты, немесе тола алмапты.

Жағалауын жауыпты жасыл жалбыз… Қасиетті аққулар оралмапты…

Ән

«Нұр жауып тұрған көктемде»

Орындайтын: 7 «Ә» сынып оқушысы

Естелік сөз және арнаулар

«Жазылар естеліктер мен туралы: біреулер жан еді дер өр тұлғалы, біреулер тұлпар еді дер де мүмкін — бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы…» — дегендей, көптеген ақын-жазушылар Мұқағали жайында естеліктер қалдырды.

Фариза Оңғарсынованың пікірі

Мұқағали — біздің заманымыздың поэзия әлеміндегі құбылысы. Егер біз ол құбылыстың болмысына бірден барып, дөп басып тани алмасақ, бұл — өнердің заңдылығы. Ол — әсіресе қызыл бояудың жылт етпе құбылысы емес; жақындаған сайын алыстап, жақындаған сайын бояуымен құпиялана түседі. Поэзияның таймас сұлулығы да, барған сайын ынтызарыңды арттырар құдіреті де осында болуы керек.

Өлең

«Фаризаға»

Арнау

Ф. Оңғарсынованың М. Мақатаевқа арнауы

Өлең

«Менің планетам»

Өлең

«Оюлар»

Ән

«Күрең күз»

Қорытынды

Осымен әдеби-сазды кешіміз аяқталды. Келіп, көңіл қойып тыңдағандарыңызға көптен-көп рақмет!