Рахмет тәрбиешілер

Мақсаты

«Үлгілі тәрбиеші» байқауының негізгі мақсаты — мамандарды қызметке бейімдей отырып, кәсіби біліктілігін арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту және теория мен тәжірибені ұштастыра отырып кәсіптік құзыреттілігін нығайту.

Сонымен қатар, ұжымдық қарым-қатынасқа психологиялық тұрғыдан бейімдеу, өзара тәжірибе алмасу және ортақ кәсіби мәдениетті қалыптастыру — байқаудың маңызды міндеттерінің бірі.

Құттықтау сөзі

Армысыздар, құрметті әріптестер және қадірменді қонақтар! Бүгін Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығына арналған «Үлгілі тәрбиеші» атты сайысымызға қош келдіңіздер!

Тәуелсіздік — ең басты құндылығымыз. Бұл күн еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке, өйткені жүрекжарды қуанышқа толы осы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.

Егемендік — ел бақыты, ертеңі.
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!

Байқау рухы

Бүгін балабақшамызда мәні терең, мазмұны бай, тәрбиелік маңызы зор тамаша кеш өтеді. Бұл кеште бала жүрегіне жол таба білетін, білім нәрімен сусындатып қана қоймай, бала бойына тәлім-тәрбиенің асыл қазынасын құя білетін, «ұстаз» деген атқа лайық тәрбиешілер сайысқа түседі.

Бұлақ көрсе, көзін аша білетін,
Бала десе, бірге ойнап күлетін.
Тәрбиеші апайлар бар әнекей,
Мейіріммен елжіретіп жүретін.

Қатысушыларды таныстыру

Әсем әуен аясында, ізгі ниет пен жылы ықыласқа толы жырмен сайысқа қатысушы тәрбиешілерді сахнаға шақырамыз.

Ләззат (Ақбота тобы)

Жас та болса іскер әрі өнерлі, жүректерде әсер қалдырған тәрбиеші.

Гүлжан

Сап-салмақты, байқауға тыңғылықты дайындалған тәрбиеші.

Гүлдана

Білімімен ойға қармақ салатын, тобына дем беретін ардақты тәрбиеші.

Меруерт

Татулықты ту еткен, ұйымшылдықпен жеңіске жетелейтін тәрбиеші.

Альфия

Бәйгенің аттарындай шабысы бар, табысы ұшқыр болсын деген ниетпен шақырылған қатысушы.

Балнұр

Жырмен жүрекке жол табатын, топтан оза шабар жүйрік тұлға.

Қазылар алқасы

Тәрбиешілер өнерін салыстырып, әділ бағасын беретін қазылар алқасымен танысыңыздар:

  • Шамилова Ақтоты Сексенбаевна — балабақша меңгерушісі
  • Жунусова Гульфия Габсаттаровна
  • Бекенқызы Мадина

Байқау бөлімдері

Байқау 5 балдық жүйемен бағаланады. Қатысушылар сандықшадан реттік нөмірлерін алып, кезеңдер бойынша өнер көрсетеді.

  1. I кезең: «Ал, қанеки танысайық!»

    Қатысушылар өздерін таныстырады.

  2. II кезең: «Өнерлі өрге жүзеді»

    Тәрбиешілер өз өнерін көрсетеді.

  3. III кезең: «Шебердің қолы алтын»

    Үй тапсырмасы: Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған қолөнер бұйымын жасау.

  4. IV кезең: «Ас — адамның арқауы»

    Тәрбиешілер алдын ала дайындап әкелген ас мәзірін таныстырып, қазылар алқасына ұсынады.

  5. V кезең: «Ертегілер елінде»

    Қатысушылар өздері таңдаған ертегіні сахналайды.

Музыкалық үзілістер

Қатысушылар келесі кезеңге дайындалған сәтте, көрерменге арналған ән шашулар ұсынылады. Абай атамыздың «Құлақтан кіріп, бойды алар жақсы ән мен тәтті күй…» деген сөзі осы сәттің мәнін айқындай түседі.

Ән: «Қайран Қарасазым-ай»

Орындайтын: Тоқсанбаева Айгүл Жұмағұлқызы

Ән (қорытынды сәтте)

Орындайтын: Дүйсебаева Ляззат

Қорытынды және құттықтау

Байқау нәтижесі бойынша жүзден жүйрік, мыңнан озған қатысушылар анықталып, қазылар алқасының шешімі жарияланады. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!

Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығы құтты болсын!
Құтты болсын Тәуелсіздік мерекесі,
Мықты болсын еліміздің керегесі.
Тату-тәтті халқымызға бақ қонып,
Кетпесін туған жердің берекесі.

№138 бөбекжай-балабақшасы КМҚК тәрбиешісі: Джумагулова А. Б.