Шоқан Уалихановтың нақыл сөзі
Сабақ туралы мәлімет
Атырау қаласы, №11 Ы. Алтынсарин атындағы мектеп. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Жұмабаева Венера Жәнібекқызы.
Тақырып
С. Бегалин «Бала Шоқан» (2-сабақ). Шоқан тұлғасы.
Мақсаттар
Білімділік
Әңгіме мазмұнын талдау арқылы Шоқанға тұлғалық мінездеме беру және Шоқан Уәлиханов туралы қосымша түсінік қалыптастыру.
Тәрбиелік
Кейіпкер бойындағы асыл қасиеттерді үлгі ете отырып, достыққа адал болуға, қайырымдылыққа, өнерді сүюге ынталандыру.
Дамытушылық
Тың мәліметтер арқылы пәнге қызығушылықты арттыру, сөйлеу дағдыларын жетілдіру, ойды жүйелі жеткізуге үйрету.
Құрал-жабдық және байланыс
Көрнекілігі
- Ш. Уәлихановтың суреті, буклеттер
- Мүсіндер, фотосуреттер топтамасы
- Шоқан туралы бірнеше кітап
Пәнаралық байланыс
Тарих, бейнелеу өнері, география.
Сабақтың әдістері
Сұрақ-жауап, топтастыру, кластер құру (Венн диаграммасы).
Негізгі идея
«Бала Шоқан» әңгімесі — өнерді тану, достыққа адалдық, әділдік және қайырымдылық сияқты қасиеттердің тұлға қалыптастырудағы рөлін айқындайтын шығарма.
Сабақтың күтілетін нәтижесі
Оқушылар Шоқанның мінез-құлқын дәлелдермен сипаттап, өнерге қызығушылықтың өмірлік жолға ықпалын түсіндіреді.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу, сынып назарын сабаққа шоғырландыру.
Сабақтың тақырыбы мен мақсаттарын айқындау: «Шоқан тұлғасы».
Сыныпқа мотивация: бүгінгі сабақта қонақтардың қатысуы, оқушылардан белсенділік пен нақты жауап күтілетіні атап өтіледі.
2) Үй жұмысын тексеру
Тапсырма: әңгімені оқып, мазмұнын меңгеріп келу.
Қысқаша сұрақ-жауап арқылы негізгі оқиғалар еске түсіріледі.
3) Қызығушылықты ояту: «Мүсіндер сөйлейді»
Үстел үстіне бірнеше қолдан жасалған мүсін қойылады.
- Балалар не көріп тұр? — мүсіндер.
- Мүсін неден жасалады? — саз балшықтан, ағаштан, қоладан.
- Қай бейнеге ұқсайды? — мысыққа.
Осы тұста әңгіменің өзегіне өтетін көпір жасалады: мысықтың өнерін таныған — Шоқан.
Негізгі сұрақ
Шоқан туралы біз кімнің шығармасын оқып жатырмыз?
С. Бегалин — «Бала Шоқан»
Жазушы естелігінде әңгіменің жазылуына түрткі болған оқиға ретінде Шоқанның өнерді бағалай білуі мен адамгершілік болмысын негіз етеді.
І бөлім: «Мүсінші мысық»
- Сары баланың досы Шоқанды күтуі
- Ойыншықтарын көрсетуі
- Шоқанға ойыншықтарының ұнап, оны сыйға алуы
ІІ бөлім: «Уәде еттің — орында»
- Шоқанның уәдеге беріктігі
- Мысықтың зеректігі
ІІІ бөлім: «Қайырымдылық»
- Шоқанның сыйы мен қамқорлығы
- Ізгілік әрекет арқылы тұлғаның ашылуы
Кейіпкерлерге мінездеме
Шоқан
- Қайырымды, әділ, уәдеге берік
- Өнерді құрметтейді, мысықты үйіне әкеліп, қамқорлық жасайды
- Інісінің әділетсіз әрекетіне тоқтам салады
- Әкесінен рұқсат сұрап, мысықпен кездесуге барады; мүсінді көрсетіп қызығушылық танытады
Мысық
- Өнерлі, зерек
- Мүсін жасайды, көргенін пайымдап, бейнелей алады
Жақып
- Тентек, сотқар
- Өнерді тани алмайды, жат мінез көрсетеді
Интерактивті тапсырма: Венн диаграммасы
Шоқан
Төренің баласы: ақылды, жомарт, сезімтал, зерек, ақкөңіл, қарапайым.
Мысық
Кедейдің баласы: жасқаншақ, ұялшақ, қорқақ, мүсінші.
Ұқсастығы
Достасқысы келеді, өнерді жақсы көреді, жүректері таза.
Талқылау сұрақтары
-
а) Шоқан мен Мысықтың достығы неге негізделген? Неліктен олар достасты?
Жауап өзегі: екеуі де өнерді жақсы көреді.
- ә) Сенің достарың бар ма? «Дос» ұғымын қалай түсінесің?
- б) Достық туралы қандай мақал-мәтел білесің?
Мұғалімнің түсіндірмесі: тұлға қалыптастыруға әсер еткен орта
Шоқан — досқа адал, жүрегі таза, қайырымды жан. Оның ой-өрісінің қалыптасуына шығыс елдерінің тілін, мәдениетін зерттеуші ғалым А. А. Сотников зор ықпал еткен.
Сотников пен Шоқанның достығы нығайып, кей жылдары Сотников жазғы демалысын Сырымбетте өткізеді. Шоқанға сурет салуды үйреткен де осы Сотников болған.
«Халық таланты дегендер — осылар-ау! Мынау кең далада қандай тамаша таланттар жоқ дейсің. Тек бұлардың көзін ашатын білім керек!»
А. А. Сотников
Осы пікір Шоқанның Мысықты өзімен бірге Омбыға алып кетуіне себеп болады: талантты тану, қолдау және білімге жол ашу — әңгіменің ең өзекті желісі.
Ойлану
Шоқанның бала күнгі көргені мен үйренгені болашақ өмір жолына қалай әсер етті?
Өзің туралы
Сен өнердің қай түрін ұнатасың?
Арман
Болашақта кім болуды армандайсың?
Шоқан туралы оқушы зерттеулері
Шоқан есімінің мәні
Шоқанның шын аты — Мұхаммедханафия. Әжесінің еркелетіп қойған аты — Шоқан. Бұл атау «шоқыдай биік, таудай асқақ» деген мағынаны білдіреді.
Туған жері
Қостанай өңірінде Құсмұрын деген жер бар (Қостанай қаласынан шамамен жүз шақырымдай). Табиғаты ерекше: бұлағы, көлі бар, таулы-қырқалы өлке. Қырат алыстан құс тұмсығына ұқсайтындықтан, бұл өңір Құсмұрын атанған.
Шоқан — суретші
Суретшілік — тарихшы, географ, этнограф, саяхатшы Шоқанның көп қырларының бірі. Бүгінге дейін оның екі жүзге жуық суреті сақталған.
Қазақтың тұңғыш зерттеушісі
Шоқан — қазақ халқының тұңғыш өнер зерттеушісі, өнер тарихшысы. Оның еңбектері мен мұрасы — ғасырлар бойы жасай беретін алтын қазына.
Нақыл сөз
Адамның басшысы — ақыл.
Жетекшісі — талап.
Шолушысы — ой.
Сынаушысы — халық.
Қорғаушысы — сабыр.
Қорғанышы — мінез.
Ең қымбаттысы — ар.
Таусылмайтыны — арман.
Барлығынан ардақтысы — өмір.
Ескерткіш
Шоқанның бейітінің басында көкшіл мәрмәр тастан қойылған ескерткіш бар. Мәрмәрге екі жазу қашалған: бірі араб әрпімен қазақша, екіншісі орыс тілінде.
Қола мүсін және мұражай-үй
Шанхайда Шоқанға арналып сәулеті ерекше мұражай-үй салынғаны айтылады. Ауыл түбіндегі төбе басына биіктігі үш метр, салмағы он тонна болатын қоладан құйылған мүсін орнатылған.
Қорытынды ой және әдеби талдау
Шоқан небәрі 30 жыл ғана өмір сүріп, «құйрықты жұлдыздай» жарқ етіп, сөнген тұлға ретінде ел жадында қалды.
Бұл күнде аты мәшһүр дана Шоқан,
Өр тұлға, кесек ойлы дара Шоқан.
Қазақтың аспанында жұлдыздай боп,
Жарқырап ағып өткен баба Шоқан.Маман Ементаев
Эпитеттер
Дана, дара, баба, кесек ойлы, өр тұлға.
Көркемдік тәсіл
Теңеу: «жұлдыздай».
Ұйқас
Қара өлең ұйқасы.
Бекіту сұрағы
Бала Шоқанның өнерге қызығушылығы оның болашақ өміріне қалай әсер етті? Ол қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі ретінде танылды.
Шоқан өмірінен үлгі алуға бола ма? Иә: адалдық, әділдік, қайырымдылық және өнерге құрмет — бүгінгі күн үшін де өзекті құндылықтар.
Сабақты қорытындылау
- Бүгін қандай әңгімемен таныстық?
- Авторы кім?
- Басты кейіпкерлер кімдер?
Бағалау және үй тапсырмасы
Бағалау
Жауаптың дәлдігі, талдау сапасы, белсенділік пен пікір айту мәдениеті ескеріледі.
Үйге тапсырма
- 1 Мәтін бойынша сурет салу.
- 2 «Бала Шоқан — дана Шоқан» тақырыбында шағын әңгіме жазу.