Жақсылықтан жақсылыққа

Ұйымдастыру кезеңі: жағымды күйге келу

Сабақ тыныштық сәтінен басталады. Мақсат — оқушының ойын жинақтап, жүректегі мейірім мен ізгілікті сезінуге бағыттау.

Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолдарыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Ол нұрдың әсерімен баяу ашыла бастайды.

Балғын әрі таза гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызы ашылғандай болады. Нұр сәулесі бойыңызға ақырын тарай бастайды, біртіндеп күшейе түседі.

Ойша нұрды қолдарыңызға бағыттаңыз. Қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашсын: қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі.

Нұр аяқтарыңызға тарасын: аяқтарыңыз сізді жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналады.

Нұр аузыңызға, тіліңізге тарасын: тіліңіз тек шындықты және ізгі сөздерді айтады. Нұр құлақтарыңызға жетсін: құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді естиді.

Нұр көздеріңізге де жетсін: көздеріңіз тек жақсылықты көріп, әр нәрседен жақсыны табады. Басыңыз түгелдей нұрға толсын: ойыңызға тек сәулелі, ізгі ойлар келеді.

Нұр бірте-бірте күшейіп, денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашсын. Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз.

Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да нұр бағыттаңыз — олардың да жүрегі нұрға толсын.

Бұл нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тіршілікке таралсын. Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр жіберіңіз.

Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын. Нұр менің ішімде. Мен — Нұрмын».

Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде бір сәт отыра тұрыңыз. Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы әлем сіздің жүрегіңізде. Осы әсем қалыпты сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рақмет.

Сұрақтар

  • Балалар, қандай күйде болдыңдар?
  • Нұр денемізге тарағанда біз қандай қасиеттерді сезінеміз?

Үй тапсырмасы: оқылым және талдау

Оқулықтағы 116-беттен Ы. Алтынсариннің «Асыл шөп» әңгімесін оқып келу тапсырылды.

Талқылау сұрақтары

  1. Зылиқа мен Батима қайда бара жатқан еді?
  2. Зылиқаның көңіл күйі неге болмады деп ойлайсыңдар?
  3. Батиманың көңілді жүруінің себебі неде?
  4. Сендердің ойларыңша, сабырлы адам қандай болады?
  5. Зылиқа «сабыр» атты шөпті таба ала ма?
  6. Сабыр туралы қандай мақал-мәтел білесіңдер?
  7. Өмірде сабырлы адамдарды кездестірдіңдер ме?
  8. Өздерің сабырлық танытқан кездерің туралы айтып беріңдер.

Әуен: «Хрустальная грусть»

Жағымды ой-пікір: дәйексөз

Дәйексөз

«Ешқандай жақсылық зая кетпейді».

Үнді нақылы

Талқылау

  • Осы дәйексөзді қалай түсінесіңдер?
  • Дәйексөздің мағынасын өз өмірлеріңнен мысал келтіріп түсіндіріңдер.
  • Дәйексөзді дәптерге жазып алыңдар.

Оқиғаларды әңгімелеу: мұғалімнің сыйы

М. Көккөзов — «Бұлақ сылдыры»

Қиыршық қызыл құм жолаушының бетіне тиеді. Керуеннің шыққанына бірнеше күн болған. Ұзақ жүрістен, ыстықтан, желден шаршаған керуендегілердің бірі ояу, бірі түйе үстінде мүлгіп келеді. Қанша күн жүргенін де есептемейді.

Бір күні жолай аштықтан, шөлден әбден қалжыраған, ес-түссіз жатқан адам кездеседі. Бірақ керуеннің алды бұл адамға назар аудармай өте береді.

Сонда керуеннің соңындағы бір шал түйесінен түсіп, ессіз жатқан адамның қасына барады. Жатқан адам: «Су…» — дейді.

Аспан айналып жерге түскендей ыстық, аңызақ желмен сапырылған қиыршық құм сексеуіл түбіне үйіледі. Шал торсығын алып, жатқан адамның беті-қолын жуып, су ішкізеді.

Әлгі адам есін жиған соң, шал оның алақанына қарап: «Сен менің жауым екенсің. Бірақ шөлде бәріміз туыспыз. Мен қартайдым. Сен жассың — су іш, өмір сүр», — дейді де, түйесіне мінгізіп, керуеннің соңынан жіберіпті.

«Өзіңіз қайтесіз?» — десе, шал: «Менің демім санаулы», — дейді.

Жолаушы керуенді қуып жетуге ентелейді. Ұясына батып бара жатқан күн де адамның жақсылығы зая кетпесін дегендей, ұзақ аялдайды. Бұл кезде жолаушы керуенді қуып жетеді.

Ал шал ақ матаға оранып, құмға жата кетеді…

Күндер, айлар өтіп керуен кері қайтады. Жолаушылар шексіз құмның арасынан шалқыған су көреді. Таяп келсе, көл жиегі көкорай шалғын, қамыс екен. Керуеншілер шал оранған ақ жамылғыны ғана байқайды.

Бұлақтың нәзік сылдыры жүректі сипағандай сезіледі. Бұлақ адамның жасаған жақсылығының орнынан пайда болыпты. Оның нәзік сылдыры — жақсылықтың өшпес үні тәрізді.

Талқылау сұрақтары

  1. Шалдың әрекеті туралы не айта аласыңдар?
  2. Сендер осылай жасай алар ма едіңдер?
  3. Шалдың жасаған жақсылығы қандай жақсылық болып оралды?
  4. Айналаңда жақсылық жасайтын адамдарды білесіңдер ме?
  5. Өздерің жақсылық жасаған кездеріңді айтып беріңдер.

Бейнематериал: «Жақсылық жасай біл»

Сұрақтар

  1. Бейнематериалдан қандай ой түюге болады?
  2. Бала айналадағы адамдарға, жануарға, өсімдікке қандай жақсылық жасады?
  3. Қай құндылық айқын көрінді?
  4. Жақсылық жасау үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?

Қажетті қасиеттер

  • адамгершілік
  • қайырымдылық
  • мейірімділік
  • жанашырлық
  • аяушылық
  • қамқорлық
  • рақымшылдық
  • бауырмалдық
  • кішіпейілдік
  • жылы жүрек

Егер адам бойында осындай жақсы қасиеттер көп болса, ол жақсы әдетке үйренеді. Ал адамдар жақсылық туралы ойлап, жақсылық жасауға ұмтылса, әлемде тыныштық пен ынтымақ орнап, адамдар бақытты өмір сүреді.

Шығармашылық іс-әрекет: топтық жұмыс

Оқушылар екі топқа бөлінеді. Әр топқа әңгімеден үзінді беріледі. Тапсырма — оқиға желісі бойынша туындаған қиындықтан шығу жолдарын табу, ойды жалғастырып, өз нұсқасын ұсыну.

1-топ: «Қарлығаш пен дәуіт»

Бір қарлығаш ұя салып, балапандарын асырап жүреді. Бір күні жауыз жылан балапандарды жегісі келіп, ұя салынған ағашқа өрмелеп шыға бастайды. Қарлығаш жыланды көріп, қатты қорқып, балапандарын қорғап қалатын арашашы іздейді…

Тапсырма: сахналап көрсету.

2-топ: «Аю мен тышқан»

Бір тышқан аңдаусызда аюдың апанына тап болып қалады. Адасып жүріп, аюдың құлағына кіріп кетеді. Аю шошып оянып: «Менің құлағым — сенің інің деп пе едің?» — деп ақырады. «Өзіңді жақсылап сабайын ба?» Тышқан: «Сабамаңыз. Мен де бір керегіңізге жарармын», — дейді. Аю күледі, бірақ босатып жібереді…

Тапсырма: оқып беру және жалғастыру.

Топпен ән айту

Е. Нұржанов — «Ана туралы жыр» (қимыл-қозғалыспен)

Әлемнің жарығын сыйладың сен маған,

Даланың әр гүлін жинадың сен маған.

Сен бердің құстардың қанатын самғаған,

Балалық қоштарың өзіңе арнаған.

Қайырмасы

Әлдилеп, аялап өсірген жемісің,

Самал жел саябақ құшағың мен үшін.

Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін,

Көңіліңді көктемдей көзіңнен танимын.

Өтеуге борышын, анашым, жан сырым,

Іздедім сен үшін әлемнің асылын.

Әлемнің байлығын сыйлар ем, кеш мені,

Сыйлар ем ай-күнін — қолыма түспеді.

Қайырмасы

Ете көр қанағат, әзірге берерім —

Балалық махаббат, балалық жүрегім.

Бол риза, анашым, қолдағы осы бар,

Өзіңе арнаған әнімді қосып ал.

Үй тапсырмасы

  1. Жақсылық туралы мақал-мәтелдерді дәптерге жазып келу.
  2. Келесі сабаққа Ә. Табылдиевтің «Атаның өнегесі» мәтінін оқып келу.

Сабақтың соңғы тыныштық сәті

Бүгінгі сабақта үйренген жақсы қасиеттерді еске түсіріп, жүрегімізде сақтайық.

Әуен: «Шепот цветов»

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. «Өзін-өзі тану» пәні бағдарламасы (1–11 сынып). Бөбек, 2010.
  2. Әдістемелік құрал (4-сынып). Бөбек, 2010.
  3. «Өзін-өзі тану» (4-сынып оқулығы). Бөбек, 2010.