Қырау түскен ағаштарды бақылау
Мектеп жасына дейінгі әртүрлі жастағы балаларға ойын арқылы қысқы ауа райын бақылауға арналған картотека
Бұл материал қыс мезгіліндегі табиғи құбылыстарды бақылауды ойын, еңбек және шығармашылық тапсырмалар арқылы ұйымдастыруға көмектеседі. Әр бақылау балалардың байқағыштығын, ойлау қабілетін және табиғатқа қамқор қатынасын дамытуға бағытталған.
Картотека №1 — Қар үстіндегі іздерді бақылау
БақылауМақсаты
Балаларды қар үстіндегі адамдардың, жануарлардың және құстардың іздерін ажыратып тануға үйрету. Байқағыштық пен ойлау дағдыларын қалыптастыру және дамыту.
Көркем сөз
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау — танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
(Абай)
Еңбек
Құстарға арналған жем салғыш жасап, ағашқа ілу және жем салу.
Тәрбиелік мәні: қыстап қалған құстарға және жануарларға қамқор болуға баулу.
Картотека №2 — Қар жаууын бақылау
ҚұбылысМақсаты
Қардың жаууын бақылау және ауа райына байланысты құбылыстарды түсіндіру: аязды күні қар жеңіл болып, ауада «би билегендей» қалықтайды; жылы күні қар ауырлау тартып, баяулау түседі; ал суық күні ұшқындары жиілеп, қар жылдамырақ жауады.
Тапсырма
«Қыс» тақырыбында символдар арқылы сурет салуды ұсыну.
Көркем сөз
Тазалашы мұз болып,
Есік алды тайғанақ жата берсін.
Біз оған теуіп жүрміз сырғанақ,
Шыға беріп жалтақтай,
Ұшып түсті қалпақтай.
Қимылды ойын — «Аңшы мен қояндар»
Жылжымалы нысанаға лақтырған затты тигізуге, жүгіруге және өрмелеп шығуға жаттықтыру.
Еңбек
Тәрбиеші жұмысты бөліп береді: біреуі қар жинайды, екіншісі тасиды, үшіншісі шанаға артады. Барлығы бірігіп алаңды қардан тазартады.
Мақсаты: жұмысты бірігіп атқаруға бағыт-бағдар беру, ұжымдық жауапкершілікті күшейту.
Картотека №3 — Қырауды бақылау
ТәжірибеМақсаты
Қыраудың қалай пайда болатынын түсіндіру, қырау түскен ағаштарды бақылау. Темір затқа үрлеп көру арқылы балалар өз буының суықта қырауға айналатынын байқайды. Қырау — кәдімгі су буының әйнекке, ағаш бұтақтарына және басқа беттерге қатып қалуы. Қырау көбіне күн ашық кезде пайда болады.
Көркем сөз
Тазартып бар кір-шаңнан,
Қыс өнерін бастады.
Терезеге қыраудан,
Сурет салып тастады.
Жұмбақ
Қант сияқты аппақ,
Ұлпа болып жерде жатады.
(Қар)
Қимылды ойын — «Суық қойлар»
Қимылды жаттығуларды орындауға үйрету, тапқырлық танытуға ынталандыру.
Еңбек
Бір-біріне кедергі жасамай, ұйымшылдықпен жұмыс істеуді үйрету.
Жеке жұмыс
Тәжірибе: мұз, бу, су (заттың бір күйден екінші күйге ауысуы).
Жорамал
- Ағашқа қырау түссе — аяз болады.
- Тұман болса — күн жылы болады.
- Түнде қырау түссе — күндіз қар жаумайды.
Картотека №4 — Мұз сүңгісін бақылау
ҚасиетМақсаты
Мұздың қасиеттері туралы түсінік беру. Балалардың байқағыштығын дамыту, жасаған әрекетіне баға беріп, қорытынды шығаруға үйрету.
Тапсырма
«Сүмелек мұз» тақырыбына сурет салу.
Сұрақтар
- Сүмелек мұз туралы не айтуға болады? Ол қандай?
- Сүмелек мұз қай жерде және қалай пайда болады?
- Күнгей жақта ма, әлде терістік жақта ма жиі кездеседі? Неліктен?
- Осы бақылаудан қандай қорытынды жасауға болады?
Көркем сөз
Көл бетінде жатыр айдын — мұз-ойнақ,
Қыстың өзі жасағандай, бізді ойнат.
Шаңғы теуіп жарысамыз желменен,
Күнде осында қызықтаймыз біз ойнап.
(Мұзафар Әлімбаев)
Қимылды ойын — «Үнсіз қалған қоян»
Ойын тәртібін сақтай отырып, секіріп алға жылжуға және жүгіруге дағдыландыру.
Картотека №5 — Қайың ағашын бақылау (қиялдау)
ТабиғатМақсаты
Қайың ағашының қысқы келбетін бақылау. Балаларды табиғатты қорғауға, жанашыр болуға тәрбиелеу.
Тапсырма
Ағаш туралы суреттер бойынша шығармашылық әңгіме құрастыру. Әр балаға суреттер таратылады.
Көркем сөз
Ағаштар тұр жүдеп,
Жапырақ сәні енеді.
Соғады жел үдеп,
Қыстың кеп сәлемі.
Еңбек
Қайыңның түбіне қар жинау.
Түсіндіру: ағаш түбін қармен жабу тамырды суықтан қорғайды және ылғалды сақтауға көмектеседі.
Қимылды ойын — «Біз көңілді баламыз»
Қимыл-қозғалысты белсендіру, көңіл күйді көтеру, бірлесіп әрекет етуге үйрету.
Жеке жұмыс
Жұмбақ шешу және сюжеттік ойын ұйымдастыру.
Жұмбақ
Жазда жатсаң — көлеңкесі алады,
Қыста жақсаң — жаның рахат табады.
(Ағаш)
Картотека №6 — Терезедегі өрнектерді бақылау
ШығармашылықМақсаты
Терезедегі қырау өрнектерінің пайда болуын түсіндіру, балалардың түсінігін кеңейту және бақылау дағдыларын дамыту.
Тапсырма
Трафарет көмегімен «Аяз атаның терезеге салған өрнектері» тақырыбында ұжымдық жұмыс жасау.
Көркем сөз
Бір топ бала сырғанап,
Барады әне жарысып.
Қалды артта қыр қалып.
Қимылды ойын — «Айлакер түлкі»
Оңға-солға жалтарып жүгіруге жаттықтыру.
Еңбек
Қардан бекініс жасауға үйрету: күрекпен қарды ойып, «үй» құру және бекет тұрғызу.
Жеке жұмыс
Қар үйіндісіне (атжалына) секіріп шығуға және қайта жерге дұрыс түсуге үйрету.
Жорамал
Қыс қатты аязды болса — жаз ыстық болады.
Жұмбақ
Отта жанбайды,
Суда батпайды.
(Мұз)
Картотека №7 — Желді бақылау
БағытМақсаты
Желдің бағытын және күшін анықтауды үйрету (қапалық/желбағар, сондай-ақ қоршаған орта белгілері арқылы).
Сұрақтар
- Желдің бағыты мен күшін қалай білуге болады? (Мұржадан шыққан түтінге, қағаз қиындыларының қозғалысына т.б. қарап.)
- Қыста жел қандай болады?
Көркем сөз
Қыстағы қар, жаздағы жаңбыр — жерге жауған нұр.
Қимылды ойын — «Әткеншек»
Алғашында баяу, кейін жылдам айналып жүгіруге жаттықтыру.
Еңбек
Алаңды көркейту үшін түрлі-түсті мұз кесінділерін дайындау (суды қатырып, мұз күйіне келтіру).
Түсінік: судың қатуы — заттың бастапқы күйінен басқа күйге ауысуы.
Жеке жұмыс
Екі аяқпен бірдей қарлы жолмен секіру.
Жорамал
Қарғалар мен сауысқандар ағаштың төменгі бұтақтарына қонса — күн желді болады.
Автор туралы
Аты-жөні: Адилова Нуржанат Сагатбековна
Қызметі: Тәрбиеші
Мекеме: КМҚК «Қарлығаш» балабақшасы
Қала: Қарағанды