Мұхтардың күшікке көмегі

Тапсырмаларды құрастырушы мұғалімдерге ескерту

Төмендегі құрылым оң жақ бағандағы тапсырмаларды жүйелі құрастыруға арналған. Мақсат — сабақ кезеңдерін нақтылау, уақытты ұтымды бөлу және оқушының құзыреттілік деңгейін әділ бағалауға мүмкіндік беру.

Негізгі ой

Сабақ кезеңдері: ұйымдастыру → қайталау (көпір тапсырмасы) → топтық меңгеру → қолдану және бағалау → деңгейлік тапсырма арқылы қорытынды бағалау.

Әдістемелік тірек

Тапсырмалар «Білу → Түсіну → Талдау → Жинақтау → Қолдану → Баға беру» логикасына құрылған.

Бағалау

Қорытынды балл дәстүрлі бағаға айналдырылады, журналға қойылады және мониторингке тіркеледі.

І кезең: сабақтың басталуы (алғашқы 5–7 минут)

Мұғалімнің әрекеті

  • Ұйымдастыру сәтін өткізеді.
  • Өткен тақырып бойынша үй тапсырмасының (деңгейлік тапсырмалардың) орындалуын тексереді.
  • «Көпір тапсырмаларын» тексереді: алдымен жеке, кейін фронталды түрде.

Көпір тапсырмалары (жеке жұмыс)

Бұл — өткен тақырыптарды қайталау арқылы жаңа сабақты меңгеруге негіз болатын тапсырмалар.

  1. Қандай тарауды оқып жатырмыз?

    Жауабы: «Табиғат — менің өз үйім».

  2. «Өзен» өлеңінің авторы кім?

    Жауабы: Ы. Алтынсарин.

  3. «Торғай» әңгімесін жазған кім?

    Жауабы: Ж. Аймауытов.

ІІ кезең: жаңа сабақты меңгеру (топтық жұмыс)

Мақсаты және уақыт бөлінісі

10 минут

Оқушылар «Білу, Түсіну, Талдау, Жинақтау» тәсілдеріне сәйкес тапсырмаларды өздері толтырады.

10 минут

Оқушылар жауаптарын мұғаліммен бірге талдайды. Нәтиже ауызша марапатталады.

1-қадам: «Білу» (тақырып мазмұны бойынша ақпарат іріктеу)

Индикаторлар: кім? не? қандай? қалай? нені? қашан? не істеді? сияқты сұрақтарға жауап беретін толық ақпарат таңдалады.

Тапсырма: бос орынға қажетті сөздерді жазып, сөйлемдерді толықтыр.

  1. Мұхтардың мектепке барғанына көп болған жоқ.
  2. Ол мектептен үйге қайтып келеді.
  3. Жауын сіркірей бастады.
  4. Әлгінде мұғалім оны бүкіл сыныптың алдында мақтады.
  5. Ол үстіне қылау жұқтырмай, аяғын тақ-тақ басады.
  6. Ол үш-төрт баланың үйіріліп тұрғанын көрді.
  7. Ол қақтың ішінде жүзіп жүрген күшікті көрді.
  8. Қалжырап, үрейі ұшқан күшік жан ұшырып жүр.
  9. Мұхтар шыдамады.
  10. Ол балалардан қорықпай, күшікті көтеріп алды.
  11. Есік ашылғанда, ол абдырап, не істерін білмей қалды.
  12. Мұхтар бәрі неден, қалай басталғанын айтып берді.
  13. Анасының жүзі жылып, мейірлене қарады.

2-қадам: «Түсіну» (себеп-салдарды анықтау)

Индикаторлар: неге? неліктен? себебі? не үшін? — алдыңғы жауаптарды тереңдетуге бағытталады.

1) Неліктен Мұхтардың киімі лас болды?

Жауабы: Ол қақтың ішіндегі күшікті құтқарды.

2) Күшікті не үшін құтқарды?

Жауабы: Балалар күшікке тас лақтырып, оны үрейлендіріп, аянышты хәлге түсірді.

3) Неге анасы ұрыспады?

Жауабы: Баласының қайырымдылығына риза болды.

3-қадам: «Талдау» (салыстыру және негізгі идея)

Тапсырма үлгілері: салыстыр; айырмашылығы неде; ұқсастығы неде; тақырыптың басты идеясын жаз. Қажет болса, 1–3 тапсырманы Венн диаграммасы арқылы біріктіруге болады.

1–3) Венн диаграммасы

Адамның жаман және жақсы қасиеттерін салыстыр: жаман қасиет → ұқсастығы → жақсы қасиет.

4) Тақырыптың басты идеясы

  • Жақсы және жаман — екеуі де адамға тән қасиет.
  • Қайырымдылық — жақсылық жасау, қорғау, ізгі іс атқару, көмектесу.

4-қадам: «Жинақтау» (қорытындылау және жүйелеу)

Индикаторлар: қорытынды шығар; анықтама бер; мазмұнды жүйеле; кесте, тірек сызба, сөзжұмбақты толтыр немесе өзің құрастыр.

Тапсырма: тақырыптың басты идеясын тірек сызба түрінде беріп, бос орындарға тиісті сөздерді қой.

Оқулықпен жұмыс (5 минут)

«Қолдану» және «Баға беру» тәсілдеріне сәйкес практикалық бекіту, рефлексия және қысқа эссе/ойтолғау элементтері орындалады. Нәтижесі ауызша марапатталады.

5-қадам: «Қолдану» (практикада бекіту)

Тапсырма: әңгімені бөлікке бөліп, ат қой.

  1. 1) Ұқыпты оқушы.
  2. 2) Мұхтардың күшікке көмегі.
  3. 3) Мейірімді ана.

Сөздік жұмыс

Бәкене
аласа.
Қақ
іркіліп қалған жауын суы.

6-қадам: «Баға беру» (өмірлік жағдаятпен байланыстыру)

Тапсырмалар: «Сен қалай ойлайсың? Не істер едің?» — оқушының білімін өмірдегі жағдайды шешуге қолдану деңгейін бағалайды.

1) Мектептен келе жатып Мұхтар қандай оқиғаға тап болды?

Жауабы: Ол балалардың күшікті ортаға алып, жан-жағынан тас лақтырып жатқанын көрді.

2) Мұхтар не үшін қуанды?

Жауабы: Анасы болған жағдайға ұрыспай, мейірлене қарағанына қуанды.

3) Мұхтарға анасы не үшін ұрыспады?

Жауабы: Балалардан қорықпай, кішкентай күшікті құтқарғаны үшін ұрыспады.

4) Мұхтардың орнында өзің болсаң қайтер едің?

Жауабы: Мен болсам…

ІІІ кезең: кері байланыс және бағалау (жеке жұмыс)

Жалпы ұйымдастыру

  • Оқушы меңгерген мазмұн үш деңгейге іріктеліп беріледі.
  • Сабақ соңына дейін қалған 15 минуттың 12 минутында тапсырмалар орындалады, 3 минут қорытынды жасалады.
  • Аяқталмаған тапсырмалар үйде бітіреді.
  • Қорытынды балл дәстүрлі бағаға ауыстырылып, келесі сабақтың басында журналға қойылады және мониторингке тіркеледі.

І деңгей

5 балл

1-қадам: Білу (теория)

Тапсырма: бос орындарға тиісті сөздерді жаз.

  1. 1) Қайырымдылық — жақсы қасиет.
  2. 2) Ол кішіге қамқор болу, үлкенге көмектесу, ізгі іс жасау.

2-қадам: Қолдану (практика)

Тапсырма: адасқан әріптерден сөз құрастыр.

а қ и ы р ы д ы м

Дұрыс жауабы: қайырымды

қ м о қ р а

Дұрыс жауабы: қамқор

1-аралық нәтиже: бірінші деңгейдегі құзыреттілік «дұрыс, толық» білім сапасымен сипатталады (Ю. К. Бабанский). Сандық өлшемі: 5 балл — «сынақтан өтті». Егер келесі деңгейлер меңгерілмесе, бұл нәтиже 3 (қанағаттанарлық) баға ретінде журналға қойылады.

ІІ деңгей

5 балл + 4 балл = 9 балл

1-қадам: Түсіну (теория)

Себебін анықта: не үшін мәтін «Қайырымдылық» деп аталды?

Жауабы: Мұхтардың күшікке жасаған қамқорлығы туралы баяндалады.

2-қадам: Талдау (теория)

Тапсырма: тақырыптың басты идеясын жаз.

3-қадам: Қолдану (практика)

Дұрыс жауапты белгіле: жақсы қасиетті тап.

  1. 1) Өтірік
  2. 2) Ізгі іс
  3. 3) Ұрыншақ

2-аралық нәтиже: оқушының білім сапасы «дұрыс, толық» өлшемдерімен бағаланады (Ю. К. Бабанский). Егер келесі деңгей меңгерілмесе, жинаған нәтижесі деңгейлік бағалауда тіркеледі.

ІІІ деңгей

9 балл + 3 балл = 12 балл

1-қадам: Жинақтау (теория)

Тақырыпқа сай мақал-мәтелдердің мағынасын аш.

  1. 1) Адам болатын бала алысқа қарайды.
  2. 2) Саналы адам сағын сындырмас, санасыз адам жағын тындырмас.

2-қадам: Баға беру (рефлексия)

Ойлан: сен мұндай жағдайда не істер едің?

Өз шешіміңді дәлелдеп жаз немесе ауызша түсіндір.

Қорытынды нәтиже: алғашқы екі деңгейдегі 9 балл + үшінші деңгейден 3 балл = 12 балл. Бұл көрсеткіш журналға 5 баға ретінде қойылады. Білім сапасында дұрыстық пен толықтыққа қоса әрекеттілік, тереңдік, жүйелілік және саналылық біріккенде білім «берік» деп бағаланады (Ю. К. Бабанский).