Тұйық етістік етістіктің ерекше түрі
Сабақтың тақырыбы: Тұйық етістік
Бұл сабақта етістіктің ерекше түрі — тұйық етістіктің мағынасы мен тұлғасы түсіндіріледі, мысалдар арқылы талданады және деңгейлік тапсырмалар арқылы бекітіледі.
Сабақ мақсаттары
Білімділік
Тұйық етістіктің мағынасы мен жасалу жолын түсіндіру, тұлғалық ерекшеліктерін ажырату.
Дамытушылық
Білім, білік, дағдыны қалыптастыру; ойлау мен шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік
Рухани-адамгершілікке, елін сүюге, адалдыққа, ізеттілікке тәрбиелеу.
Сабақ ресурстары мен ұйымдастыру
- Әдістері
- түсіндіру, сұрақ-жауап, талдау, шығармашылық жұмыс
- Көрнекілігі
- сөйлемдер, слайдтар, деңгейлік тапсырмалар
- Пәнаралық байланыс
- әдебиет
- Сабақ түрі
- жаңа сабақ
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Оқушыларды түгендеу.
- Сабаққа назар аударту, жұмыс ырғағын қалыптастыру.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- 273-жаттығу: берілген тіркестерге сөйлем құрау, көсемшелерді табу.
- Көсемше дегеніміз не?
- Көсемше қандай жұрнақтар арқылы жасалады?
III. Жаңа сабақ: Тұйық етістік
Негізгі түсінік
Тұйық етістік — етістіктің ерекше түрі. Ол басқа етістік тұлғаларындай шақпен де, жақпен де байланыспайды және қимылдың атауы ретінде қолданылады.
Мысал:
Мектепте және үйде тәртіпті болу керек.
«Бару», «жүру», «тұру» — қимыл атауын білдіреді.
Жасалу жолы
Тұйық етістік -у жұрнағы арқылы жасалады. Ол негізгі және туынды түбірге, етіс және болымсыз етістік тұлғаларына жалғанады.
Мысалдар
- келу
- барғызу
- сөйлесу
- бармау
Мағынасы
Қимыл мен іс-әрекеттің атын білдіріп, сол әрекеттің атауы болып қызмет етеді.
Зат есімге айналған тұйық етістіктер
Кейбір тұйық етістіктер белгілі бір заттың, көбіне құралдың атауына айналып, зат есім ретінде қолданылады. Бұл жағдайда олар әрі заттық, әрі қимылдық мағынада кездесуі мүмкін.
Егеу
- Заттық мағына: Ұсталар егеумен жұмыс істейді.
- Қимылдық мағына: Пышақты егеу керек.
Тұсау
- Заттық мағына: Тұсаумен малдың екі аяғын байлайды.
- Қимылдық мағына: Малдың аяғын тұсау керек.
Грамматикалық ерекшеліктері
- Тұйық етістік септеледі және тәуелденеді, бірақ жіктелмейді.
- Көптік жалғауы жалғанса, одан кейін тәуелдік жалғауы жалғанып қолданылады.
- Сөйлемде тұрлаулы да, тұрлаусыз да мүшенің қызметін атқара алады.
Мысалдар
- Қайталау — оқу анасы.
- Жастар техника тілін үйренуде.
- Ер жігіт Отанын қорғауға міндетті.
IV. Оқулықпен жұмыс
«Кітап — ақылға қуат беретін құрал» тақырыбы бойынша:
274-жаттығу: тұйық етістіктерді теріп жазу, түбірі мен қосымшасын ажырату.
V. Деңгейлік тапсырмалар
I деңгей
5 ұпайТөмендегі сөздерді тұйық етістікке айналдыр:
жүр, көр, оқы, тап, жап, ақ, жақ, тақ, төк
II деңгей
4 ұпайӨлеңнен тұйық етістіктерді тап:
Пайда ойлама, ар ойла.
Пайда қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қалай сабыр қыласың,
Жазықсыз күнде сөнуге?
III деңгей: Тест тапсырмалары
3 ұпай-
1) Тұйық етістікті тап:
- а) келген
- в) келу
- с) келді
- д) келмек
- е) келіпті
-
2) Етістіктің тұйық етістік тұлғасымен тіркескен тіркесті тап:
- а) отыра кетті
- в) барса игі еді
- с) отырғысы келді
- д) тез келу
- е) тексерді
-
3) Тұйық етістік жұрнағы жалғану арқылы заттық мағынаға ие болған сөз қай сөйлемде?
- а) Көрмегенге көсеу тақ.
- в) Ол бүгін келу керек.
- с) Оған сенуге болмайды.
- д) Мына ағаш қисықтау өсіпті.
- е) Демалысқа келді.
-
4) Тұйық етістікті тап:
- а) қуу
- в) құрар
- с) құрып
- д) қуды
- е) қуған
-
5) Тұйық етістік жұрнағы жалғанғанда соңғы дыбысы өзгеріске ұшырайтын сөзді тап:
- а) кел
- в) бар
- с) тап
- д) айт
- е) жүр
IV деңгей
«Ұлық болсаң — кішік бол» тақырыбында эссе жазу.
VI. Шығармашылық жұмыс
Берілген тақырыптар төңірегінде тұйық етістіктерді байланыстыра отырып сөйлемдер құрастыр:
- Оқушының міндеті.
- Адамға сөзіңізбен ұнау үшін не істеу керек?
- Өтірік сөз өрге баспас.
Ескерту:
Мәтін жаза білу — өнер.
VII. «Кім көп біледі?»
Берілген әріптерге тұйық етістік сөздер жаз: Б, К, Қ.
VIII. «Ойлан, тап»
Бір әріптен басталатын сөйлемдер ішінен тұйық етістікті тап:
- Көшеде кемтар кісіні көріп күлу — көргенсіздік.
- Айтыста ақиық атану — ақындардың арманы.
- Араласпау — ағайынның арасын алыстатады.
IX. «Кім тез табады?»
Жұмбақты шешіп, ішінен тұйық етістікті тап:
1-жұмбақ
Жүзуде бар,
Қалуда жоқ,
Күлуде бар,
Жылауда жоқ.
(.....)
2-жұмбақ
Бірі — ағаш кесу құралы,
Бірі — шырынды бал бұлағы.
(....)
X. «Сөз мәйегі — мақал»
Мақал-мәтелдер ішінен тұйық етістіктерді тап:
- Жуас түйе жүндеуге жақсы.
- Қысқа жіп күрмеуге келмейді.
- Оқу түбі — тоқу.
- Білім қымбат, білу қиын.
- Көрмегенге көсеу таң.
XI. Сабақты қорытындылау
- Тұйық етістік дегеніміз не?
- Тұйық етістік қандай жұрнақ арқылы жасалады?
XII. Үй тапсырмасы
- Тұйық етістік тақырыбы бойынша ережені оқу және жаттау.
- 276-жаттығу.
XIII. Бағалау
Оқушылардың тапсырмалар орындау нәтижесіне қарай білім деңгейі бағаланады.
Автор туралы
Қызылорда қаласы, №112 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Мирамбекқызы Жадыра.