Бірінші тапсырма

Тақырыбы

Жабайы аңдар және олардың төлдері

Мақсаты

Білімділік

Балаларды жабайы аңдармен және олардың төлдерімен таныстырып, түсінік қалыптастыру.

Дамытушылық

  • Түзету жаттығулары арқылы сөйлеу тілін дамыту.
  • Жабайы аңдарды атау, ажырату, сипаттау; төлдерін және азықтарын табу.
  • Есте сақтау, зейін, қабылдау және ұсақ қол моторикасын дамыту.

Тәрбиелік

Ауызбіршілікке баулу, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру және қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

1) Амандасу және артикуляциялық жаттығу

Балалар, бүгін бізде ұйымдастырылған оқу қызметі (АҰОҚ) өтеді. Бастамас бұрын артикуляциялық жаттығулар жасап алайық. Жаттығу арқылы тілімізді дұрыс сөйлеуге үйретеміз, солай ма?

Балалар: Иә.

2) Кіріспе: «Орман тұрғындарынан» хат

Балалар, жаңа келе жатып алдымнан үлкен хат тауып алдым. Оның ішінде не бар екенін білгілерің келе ме?

Балалар: Иә, білгіміз келеді.

Хат мәтіні

«Сәлеметсіңдер ме, балалар! Біз — орман тұрғындарымыз. Бізге көмектерің керек. Жалмауыз кемпір бізді торға қамап қойды. Қарнымыз аш, балаларымыз орманда адасып жүрген болуы мүмкін. Бізге сендерден басқа көмектесетін ешкім жоқ. Көмектесіңдерші!»

Балалар, орман тұрғындары кімдер екен? Суретке қарайық: аю, қасқыр, түлкі, тиін, қоян. Бұларды бір сөзбен жабайы аңдар деп атаймыз. Олар орманда мекендейді және өз азығын өздері тауып қоректенеді.

Балалар, жабайы аңдарға көмектесеміз бе?

Балалар: Иә!

3) Орманға сапар: лого-ырғақ жаттығуы (шаңғымен)

Орманға жаяу жете алмаймыз, сондықтан шаңғымен барайық. Қане, шаңғыны киіп, жолға шығайық!

Өлең

Бәріміз біргеміз,

Шаңғыны тебеміз.

Орманға жеткен соң,

Аңдарды көреміз!

Орманға жеттік. Айнала аппақ. Ештеңе көрінбейді — жалмауыз кемпір жабайы аңдарды біз білмейтін жерге жасырып қойған сияқты. Ендеше, оны шақырып көрейік.

Жалмауыз кемпір: О-о-о… Сендер жабайы аңдарды құтқаруға келдіңдер ме? Табасыңдар деп ойлайсыңдар ма? Ха-ха-ха! Мен оларды торға қамап қойдым!

Балалар: Біз құтқара аламыз!

Жалмауыз кемпір: Онда менің тапсырмаларымды орындаңдар. Дұрыс орындасаңдар, кілттің бөліктері шығады. Сол бөліктерден бір кілт құрастырып, торды ашасыңдар. Дайынсыңдар ма?

Балалар: Дайынбыз!

Жалмауыз кемпірдің тапсырмалары

Әр тапсырма — кілтке апаратын бір қадам. Дұрыс орындасақ, жабайы аңдарды құтқарамыз.

1-тапсырма: Жұмбақтар

Сүйетін қант, балды,
Білесің қандай аңды?
Күші десең, күші бар,
Тісі десең, тісі бар.
Торуылдап ауылды,
Түнде жортар ісі бар.

Жауабы: Қасқыр

Қалқиып ұзын құлағы,
Елеңдеп қорқып тұрады.

Жауабы: Қоян

Қыста жылы киіндім,
Қоймам толы жаңғаққа.
Іші жылы үйімнің.

Жауабы: Тиін

Өзі ширақ, өзі қу,
Жүрген жері айқай-шу.

Жауабы: Түлкі

Балалар, 1-тапсырманы өте жақсы орындадыңдар!

2-тапсырма: Мнемокесте бойынша сипаттау (қоян)

Сұрақ-жауап үлгісі

Мынау қандай аң?
Қоян.
Түсі қандай?
Сұр түсті.
Дене мүшелерін ата.
Екі құлағы, екі көзі, тұмсығы, аузы, денесі және аяқтары бар.
Төлін қалай атайды?
Көжек.
Азығы қандай?
Сәбізді сүйіп жейді.
Қай ертегілерде кездеседі?
«Бауырсақ», «Қоянның үйшігі».

Бұл тапсырма балалардың сипаттап сөйлеуін, сөздік қорын және байланыстырып сөйлеу дағдысын дамытуға бағытталған.

Нәтиже

Балалар тапсырманы сәтті орындады.

3-тапсырма: Сергіту және ойын «Азығын тап!» (шана)

Үшінші тапсырма үшін шанамен жолға шығамыз. Алдымыздан мұз айдыны шығады. Оның жан-жағында және үстінде жабайы аңдардың азықтары жатыр. Сол азықтарды тауып, жинауымыз керек.

Сергіту өлеңі

Шанаға біз отырайық,

Зырғып-зырғып алайық.

Тез межеге жеткен соң,

Азықтарды табайық.

Ойын шарты: балалар екі-екіден шығып, қар астында қалған азықтарды «қарды ұшырып» тазалап, жинайды және қай аңға тиесілі екенін айтады.

Жалмауыз кемпір: Ммм… Бұл тапсырманы да орындап қойдыңдар ма? Онда келесіге дайындалыңдар!

4-тапсырма: Ойын «Төлдерін тап!» (іздер арқылы)

Енді жолға жаяу шығамыз. Бірақ жай жүрмейміз — көңілді тақпақ айтып барамыз. Жолда аңдардың төлдерінің іздері кездеседі. Сол іздермен жүріп, төлдерді тауып, атап береміз.

Тақпақ

Ұзын құлақ сұр қоян,

Ұзын құлақ сұр қоян.

Естіп қалып сыбдырды,

Ойлы-қырлы жерлермен

Ытқып-ытқып жүгірді.

Қарап еді артына,

Қиығын салып көзінің —

Келе жатқан томпаңдап,

Көжегі екен өзінің.

Ойын шарты: іздер арқылы дұрыс бағытты анықтап, жабайы аңдардың төлдерін табу және атау.

Жалмауыз кемпір: Қап әттең… Сендерге еш кедергі болмады ғой! Тапсырмаларды дұрыс орындағандарың үшін мен тастың астына кілт қалдырып кеттім. Сол кілтпен торды ашып, аңдарды құтқарып алыңдар. Мен істеген ісіме өкініп отырмын. Бұдан былай ешкімге жамандық жасамаймын.

Қорытынды: кілтті табу және аңдарды құтқару

Балалар кілтті тауып, жабайы аңдарды іздейді. Бір кезде қасқырдың дауысы естіледі.

Тыныс алу жаттығуы: «Қасқырдың дауысы»

Балалар, естідіңдер ме? Қасқыр бізді шақырып тұр. Дыбыс қай жақтан шығып жатыр екен? Үңгірдің аузын ашып көрейік.

Балалар аңдардың үңгірін тауып, торды ашып, орман тұрғындарын құтқарады.

Автор туралы мәлімет

Ақтөбе қаласы, Нұр Сити ауданы, №51 «Жарқын бала» мектепке дейінгі ұйым.

Логопед: Утебаева Жазира Дулатқызы