Оқушының шығармашылықпен еркін іздеуіне жағдай туғызу
Қазіргі таңда Қазақстанда білім берудің өзіндік үлгісі қалыптасып келеді. Бұл үдеріс білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді: білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде.
Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың тек білім, білік, дағдысын емес, ең әуелі оның тұлғасын және білім арқылы жан-жақты дамуын қояды. Еліміз әлемнің іргелі елу елінің қатарына ену мақсатында қарқынды даму үстінде. Мұның дәлелі — экономикалық және әлеуметтік ахуалдың жақсаруы, жаңа технологиялардың күннен-күнге кеңінен енгізілуі.
Негізгі байқау
Қазіргі кезде компьютер, интернет және түрлі ақпарат құралдары баланың ой-өрісін дамытқанымен, рухани дүниесін қалыптастыруда гуманитарлық пәндердің, әсіресе әдебиеттің орны ерекше.
Мақсат, міндет, маңыз
Мақсат
Рухани ойлау деңгейі жоғары, елін, мәдениетін, тілін құрметтейтін, ойын жинақы әрі көркем тілмен жеткізе алатын шәкірт тәрбиелеу.
Міндет
Жан-жақты білімді, өмірге бейім, ой-талғамы бар, адамгершілігі жоғары қабілетті жеке тұлға қалыптастыру.
Маңыз
Оқушының шығармашылықпен еркін ізденуіне жағдай жасау, оқу үдерісінде дербестігін күшейту.
Оқушыны дамытуға бағытталған рухани күш — мұғалім
Жеке тұлға ұғымының мазмұны — адамның психикалық және рухани мәні, әртүрлі жинақталған қасиеттер жүйесі. Жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған негізгі рухани күш — мұғалім.
Қазіргі таңда мұғалім тек оқытушы әрі әлеуметтендіруші ғана емес, сонымен бірге психолог та болуы тиіс. Сондықтан үнемі назарда ұстайтын жағдайлар:
- Оқу-тәрбие жұмысындағы түрлі қиындықтардың себептерін анықтау.
- Оқушының интеллектуалдық және жеке дамуындағы ауытқулардың алдын алу.
- Күрделі мәселелер мен конфликт жағдайларда қолдау көрсету.
Мұғалімнің негізгі психологиялық міндеттері
Жаңа технологиямен оқыту оқушы психикасын терең түсінуді қажет етеді. Сондықтан оқу бағдарламасын міндетті деңгейде меңгерту үшін 6–7-сынып оқушыларының жас және дара ерекшеліктерін үнемі ескеремін.
Л. С. Выготский орта буын жасын шығармашылық мүмкіндігі жоғары, тұрақты белсенді әрекетке бейім кезең ретінде сипаттайды. Осыған сүйене отырып, сабақ барысында баланың психикалық үдерістерін, тұлғалық қасиеттерін және қарым-қатынас формаларын назарда ұстап, дамуына жағдай жасаймын.
Оқушыны жеке тұлға ретінде дамытуда халықтық педагогика мұраларының да ықпалы зор. Бұл бағыт Қ. Жарықбаев, Н. Елікбаев, Қ. Жүкеш еңбектерінде кеңінен қарастырылған.
Әдебиет пәні: сөз өнерін таныту және дағды қалыптастыру
Жаңа буын оқулығы оқушыны жеке тұлға ретінде дамыта оқыту қағидасына негізделген. Оқыту формасында ұстанатын басты бағдарларым төмендегідей:
- 1. Оқу жүктемесі жаттауға емес, ойлауға бағытталуы керек.
- 2. Материал жаттанды түрде емес, шығармашылықпен меңгерілуі тиіс.
- 3. Оқу материалы дайын күйінде берілмей, оқушы өз бетінше игеруі қажет.
- 4. Проблемалық оқытуда мәселені мұғалім емес, оқушы қойғаны тиімді.
- 5. Бағалауда бақылау, талдау, сараптау жұмыстарын мүмкіндігінше оқушының өзі атқаруы керек.
- 6. Оқушыны әрекетке мәжбүрлемей, өз еркімен қатысуына жағдай жасау маңызды.
- 7. Шығармашылық еркіндік беру арқылы оқу материалын еркін меңгертуге мүмкіндік ашылады.
Топтық жұмыс және сынып динамикасы
Әр сыныптың ауызбіршілігін үнемі бақылап отырамын: ұжымшылдық төмен болса, қажетті білім толық меңгерілмейді. Сол себепті сабақтарды топқа бөліп ұйымдастырамын және топ құрамын жиі алмастырамын. Бұл тәсіл арқылы оқушының бағытын, қабілетін, танымдық ерекшелігін де нақтырақ байқауға болады.
Дара ерекшелікті ескеру
Есте сақтау қарқыны
7 «Б» сыныбында Аманов Данияр, Көмекбай Айдана, Әбдіраман Гүлнәздың қысқа уақытта еркін есте сақтау қабілеті жақсы дамыған.
Зейін мен ойлау шапшаңдығы
Жақсыбай Айбек, Төрекеш Әсет, Кеңес Тимур, Әскебек Серік, Нағашыбай Рүстемде зейіннің тұрақтылығы мен ойлаудың шапшаңдығы байқалады.
Сонымен қатар оқушының темпераменті мен мінез ерекшеліктерін (сабақ үстінде де, сабақтан тыс уақытта да), функционалдық жағдайын, көңіл-күйі мен эмоциялық ахуалын, ерікті үдерістерін ескеріп отыру — дамытудың маңызды тетіктерінің бірі.
Мұғалім еңбегінің нәтижесі — оқушының шығармашылық өнімі
6–7-сынып оқушылары жас ерекшелігі жағынан қиялға, образды ойлауға бейім. Осы кезеңде шығармашылық қиялды дамытудың орны ерекше. Эстетикалық қабылдау мүмкіндігін жүйелі дамыта отырып, оқушыларды өлең жазудың әліппесімен таныстыруға мүмкіндік туады.
Осы жаста жиі байқалатын шығармашылық белгілер
- Өзіндік ойлау басымдығы, түрлі болжам жасауға бейімділік.
- Қиялы ұшқыр, өзін тануға құштарлық.
- Бейнелі ойлау, сезімталдық, лирикалық дүниетаным.
- Өз қызығушылығына сай іске ерекше ынтамен берілу.
- Мазмұндама, мінездемеден гөрі әңгіме, өлең жазуға икем.
Шығармашылықты тежейтін кедергілер
Кейбір оқушы «жаза алмаймын» деген үрейге беріледі, ал енді бірі өз жазғанына қанағаттанбай, тоқтап қалады. Сондықтан шығармашылыққа баулуда психологиялық дайындықтың маңызы зор.
Сенім қалыптастыру
«Сенің қолыңнан келеді», «Сен қабілеттісің», «Жаз, үйрен» деген қолдау сөздері оқушыны еркіндікке жетелейді.
Жетістікке сүйену
Кішкентай табыстың өзін бағалап, мадақтау; басылымға ұсынуға, жарық көруіне ықпал ету — мотивацияны күшейтеді.
Құптаушы орта
Шығармашылық сәтте құптаушылық көзқарас таныту, сезім күйін бақылау, қызықты әдеби оқиғаларды әңгімелеу көмектеседі.
Педагог тұлғасы
Оқушы үшін педагог өзін қарапайым, қолжетімді адам ретінде көрсете білуі маңызды; шығармашылық қуаныш әкелуі тиіс.
Тәжірибеден мысал: төрт түлік пен тұрмыстық тақырып
Біздің қозы қап-қара, Айдасам ол бара ма? Анасы бар қой деген, Қасынан ол қала ма?
Менің күшігім бар, Бірақ үйшігі тар. Кіре алмай жүр айналып, Қысылып, қайғыланып. Көріп қалдым мен оны, Жасап бердім кең қылып. Енді күшігім ойнайды, Еркелеп жерге аунайды.
Сөзді сүюді үйрету: әдеби ойын
Сөзді сүю — оның мән-мағынасын түсіну, әдемі әрі жүйелі сөйлеуге дағдылану. Бұл мақсатқа жету үшін мектепте тіл тәрбиесін жүргізудің сан алуан формаларын қолдану қажет. Соның бірі — өнер сайысы элементтері бар әдеби ойын.
Ойынның шарты
Екі топ берілген сөзге ұйқас сөздерді жарыса табады. Кейін сол ұйқастарды пайдаланып, кез келген тақырыпта өлең шығарады.
Берілген сөз
«күмбірлеген»
Оқушылар «күркіреген», «күмбірлеткен», «бөленген» сияқты ұйқастарды тапты.
Екінші сөз
«аспабым»
Оқушылар «асқағым», «киелі», «жүреді» тәрізді ұйқастармен түрлендіріп, шумақ құрастырды.
Домбырасы күмбірлеген, Аспаны күркіреген, Ән мен жырға бөленген, Қазақтың ол салтанаты.
Домбыра — менің аспабым, Шығады әннің асқағы. Домбыра — ол киелі, Ізімнен қалмай жүреді.
Мұндай ойындарды сабақ үстіндегі демалыс минуттарында өткізу оқушыларды сергітеді, өлеңге құштарлығын арттырады. Табиғи талантты дер кезінде танып, оны ұштауда бұл тәсілдердің ықпалы жоғары.
Нәтиже және шығармалардан үзінді
Бақылау нәтижелері
Ақындық қабілеті байқалған оқушылар саны — 15. Олардың ішінде аудан көлемінде өз өлеңдерін оқып жүрген, баспасөз беттерінде жарияланған, қалалық деңгейдегі іс-шараларға қатысқан, мектепішілік жиындарда тұрақты көрінетін және сыныптағы талапкер ақындар бар.
Ақ тілек күліп атқан ақ таңыңдай, Ақ тілек даланың ақ қарындай. Айтамыз құрбы-досқа ақ тілекті, Жарып шыққан, қашанда пәк жүректі. Жүрсін тек көңілдерің жаздай болып, Ән мен жыр жүректерге саздай қонып. Талмасын қанаттарың қыран құстай, Жүріңдер қатар ұшқан қаздай болып.
Жапалақтап қар жауып, Орман оған оранды. Тоны жылы — ол анық, Елемейді боранды. Балалар қар атысып, Сырғанайды жарысып. Тарта-тарта шанасын, Қалған қолы қарысып.
Менің қиялымдағы ең биік арманым — дәрігер болу. Егер дәрігер болсам, өлім алдында тұрған бүлдіршіндерді аман алып қалар едім. Дәрігерлік антымды ақтап, ел сүйіп емделетін атақты дәрігер болсам деймін. Сонда менің арманым орындалады.
Әлпештеген, әлдилеген, Бар қатемді кешірген. Күні-түні қорғайды, Кесапаттан, кесірден. Анам менің, ақ анам, Бес алғанда мақтаған. «Бес алдың ба?» — деп қуанып, Күнделігімді ақтарған. Еркелесем күлімдейтін, Реніші білінбейтін. Маңдайымнан сипап менің, «Айым менің, күнім» дейтін.
№17 мектеп, 6-сынып оқушысы, Қазалы ауданы