Дамыта оқыту технологиясының балаларды оқыту процесінде алатын орны

Қызылорда облысы • Қазалы ауданы • Әйтеке би кенті • №11 «Балапан» балабақшасы

Тәрбиеші: Маржанкүл Кемалова Тасмағамбетқызы

Тақырып: Мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту процесінде дамыта оқыту технологиясының әдістерін пайдалану

Кіріспе: Бүгінгі бала – ертеңгі жаңа әлем

Қазіргі кезеңде еліміздің білім беру жүйесіндегі ең өзекті міндеттердің бірі – қазақ мектебі түлегінің білім сапасын халықаралық деңгейге жақындату. Бұл мақсатқа жетудің бастауы мектепке дейінгі тәрбиеден басталады.

Бүгінгі бала – ертеңгі жаңа әлем. Сондықтан балаға жүйелі білім беріп, оның ынта-ықыласын дұрыс арнаға бағыттау, қабілет-қасиеттерін дамыту жұмыстарын балабақша кезеңінен жүйелі түрде ұйымдастыру қажет.

Мектепке дейінгі білім стандарты педагогикалық үдерісті жаңашыл тәсілдер арқылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе ересек топтарда бала тәжірибесі мен әлеуметтік жағдайларға сүйене отырып, сөйлеу әрекетін дамыту, мемлекеттік тілді меңгерту, сурет пен иллюстрациялар бойынша және жеке тәжірибесі негізінде әңгімелеуге үйрету, шығармашылық және танымдық әрекеттерді біріктіру маңызды.

Негізгі бөлім

Дамыта оқыту технологиясының оқыту процесіндегі орны

Осы талаптарды жүзеге асыру барысында өз тәжірибемде Д. Б. Эльконин мен В. В. Давыдов ұсынған дамыта оқыту технологиясын қолдандым.

Даму

Мөлшерлік өзгерістердің белгілі бір шектен шығып, сапалық өзгеріске айналуы.

Дамыта оқыту

Оқыту мазмұны, әдістері мен тәсілдері баланың даму заңдылықтарына сәйкестендірілген оқыту.

Сапа

Адамның таным үдерісінің мүмкіндігі кеңейіп, үздіксіз тереңдей түсуі.

Дамыта оқыту – күрделі құрылымды, тұтас педагогикалық жүйе. Оның негізгі нәтижесі – әр баланың өзін-өзі өзгертуші субъект деңгейіне көтерілуіне жағдай жасау.

Дамыта оқыту барысында бала тек тәрбиешінің айтқанын тыңдаумен шектелмейді. Тәрбиеші баламен бірлесіп шағын зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, баланың ойлауын, сезінуін, талдауын және қорытынды жасау қабілетін дамытады.

Профессор Д. Б. Элькониннің пікірінше, дамыта оқыту жүйесімен білім алған балалардың дүниетанымы тереңдейді және әлемді танудың жаңа тәсілдерін меңгереді. Яғни бала таным үдерісіне толық кірісіп, қызығушылық танытқан кезде ғана оқу әрекеті нәтижелі болады.

Қатынас (коммуникация) білім саласында қолдану әдісі

Дамыта оқытуда тәрбиешінің басты міндеті – оқу материалын балаға дайын күйінде бермеу, керісінше баламен бірлескен әрекет арқылы ортақ жұмыс ұйымдастыру. Мұнда тәрбиеші алға қойылған міндеттердің мәнін түсіндіріп, балаларды шешім табуға жетелейді.

  • Дамытуды дағдыға айналдыру: оқу барысында баланың бойындағы қабілеттерді тұрақты түрде қалыптастыру.
  • Сөздік қор мен тіл байланысы: тілдік бірліктерді мағынамен, тәжірибемен ұштастыру.
  • Сезім мен логикаға әсер ету: қызықты тапсырмалар арқылы ойлауды белсендіру.

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің құрылымы

  1. 1 Оқу мақсаттарын қою.
  2. 2 Шешу жолдарын бірлесе қарастыру.
  3. 3 Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.

Бұл құрылым – Д. Б. Эльконин мен В. В. Давыдов жасаған жүйенің негізгі компоненттері.

Негізгі қағида

Жоғары қиындықта оқыту принципі

Бұл қағида баланың күрделендірілген тапсырмаларды орындауға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Тәрбиеші баланы дайын жауапқа емес, ой қорытуға жетелейді; абстракт ойлау элементтерін біртіндеп нақты әрекетпен ұштастырады.

Мысал

«Мынау не? Түсі қандай? Түрі қандай?» сияқты бірсарынды сұрақтардан гөрі топтастыру әдісін қолданған тиімді: бала заттарды ұқсастығына, қызметіне, бөліктеріне немесе ортақ белгісіне қарай салыстырып, өз шешімін дәлелдеуге үйренеді.

Қорытынды

Дамыта оқыту технологиясы мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық белсенділігін арттырып, тілдік қатынасын, ойлауын және шығармашылық қабілетін жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді.

Баланың оқу үдерісіне қызығушылықпен араласуы, өз ойын дәлелдеуі және бірлескен әрекет арқылы шешім табуы – болашақтағы сапалы білімнің берік іргетасы. Сондықтан дамыта оқыту тәсілдерін балабақша тәжірибесіне мақсатты түрде енгізу – бүгінгі талапқа сай тиімді бағыт.