Мұғалімнің оқушыларға сыйы

Сабақ туралы

Бұл материал — 8-сыныпқа арналған «Өзін-өзі тану» сабағының жоспары. Негізгі ой — табиғатты аялау арқылы «қиянат жасамау» құндылығын терең түсіндіру және оны күнделікті әрекетке айналдыру.

Мектеп / Сынып

Мектеп:
Cвободный орта мектебі
Сынып:
8-сынып
Мұғалім:
Мұсатай Т. Ә.

Тақырып

Табиғат – тал бесігің, аялай біл!

Құндылық: қиянат жасамау Қамқорлық Жақсы азамат болу

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды табиғатты аялап, оны қорғауға тәрбиелеу арқылы қиянат жасамау құндылығының мағынасын ашу.

1) Білімділік

Қоршаған ортаға қамқорлық жасау туралы түсініктерін кеңейту.

2) Дамытушылық

Тіршілік иелеріне қиянат жасамау туралы білімдерін дамыту.

3) Тәрбиелік

Жақсы азамат болуға, жауапкершілікке баулу.

Ресурстар

  • Ватман қағаз
  • Маркерлер
  • Слайд
  • Видео-роликтер

Сабақ барысы

Сабақ құрылымы оқушының ішкі тыныштығын орнатудан басталып, табиғат пен адам арасындағы байланысқа ой жүгіртуге, мәтін арқылы сезіну мен талдауға, әрі қарай шығармашылық әрекетке ұласады.

1) Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалімнің сәлемдесуі: «Қайырлы күн, балалар! Осындай мейірімді, ақылды, қамқор, қайырымды оқушыларымды көргеніме қуаныштымын. Сәлемдесу — адамгершіліктің, инабаттылықтың, ізеттіліктің нышаны».

Тыныштық сәті

№3 «Орманға ойша серуен»

2) Үй тапсырмасын тексеру

Алтай О. Бөкей шығармашылығы аясында талқылау сұрақтары:

  1. 1. Алтай өлкесінің сұлулығын сезіне алдыңдар ма?
  2. 2. Табиғат тамашасын сезіну адамдарға қажет пе?
  3. 3. Табиғат сұлулығын қалай сақтап қалуға болады?

Дәйексөз

«Адам табиғатқа тәуелді болса, табиғат та оған тәуелді».

А. Франц

(Сыныппен бірге хормен қайталау.)

Талқылау

Табиғат пен адам арасындағы байланысты қалай түсінесіңдер?

Талқылау

Табиғатты қалай қорғаймыз?

Әңгімелеу (сұхбат): «Қайыңның қасіреті»

Қ. Толыбаев

Қар кетіп, жердің беті дегдіп, көктемнің жайма-шуақ күні туған шақ. Тау етегіндегі қалың ақ қайың орманын аралап серуендеп жүрміз. Зәулім ағаштың сала-сала бұтақтарын жапқан, жылқының жалындай жалбырап төмен төгіле саудырап тұрған шыбықтары бұйра шаштай.

Алайда әр жеріндегі жазылмай қалған жараның аузындай қабыршықтар ағаштың сұлу сипатын бұзып тұр. Денесіне түскен зақымның зардабын жария еткендей, айғыз-айғыз іздер бірден көзге түседі.

«Қарашы, мына жерге біреу пышақпен тіліп, “Н” әрпін жазыпты», — деп серігім қинала тұрып, қайыңның діңін сипады. Уақыт өте бұл жарақат үлкен даққа айналып, өшпей қалады.

Қайың діңдеріне көз жүгіртсем, шынында да аппақ денеге түскен тыртықтай шор-шор болып қарайып тұр. Кей тұстағы “М”, “С” деп ойып жазылған таңбалар қар мен жаңбыр суына еріп, езіліп кетсе де, баттиып қап-қара дақ болып жуан діңге жабысып қалған. Өмір бойы айықпайтын дерт секілді.

Сұхбаттан үзінді

Обал-ай... Қалпына келмес тыртық сияқты екен.

Ағаш — Жер-ананың құшағындағы бөбегі. Оны біз, адамдар, мәпелеуге міндеттіміз. Өйткені оның пайдасын көріп жүрміз.

Бір ақымақтың қылығына бола сонша күйгенің не?

Сол «ақымақтың» әрекеті қара шешектей жайылып кетсе, ем қонбайды... Тәрбие керек: ұрпақты кесірлі әдетке жібермеуге тиіспіз.

Мектепте де, үйде де туған табиғатты қорғау мәселесіне қатысты жан-жақты тәлім-тәрбие жүргізіледі. Бұлар кейбір «ақпа құлақтардың» қылығы шығар.

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, ойсыз әрекет күйедей жұғымтал болып кетпесіне кім кепіл?

Рас, жарақаттанған ағаш бірден өлмейді — сыны ғана бұзылады. Ал әріп ойғандар бұл дүниеден әлдеқашан өткен болар. Бірақ діңдегі дақтар өшпепті: майданнан қайтқан жауынгердің тәніндегі тыртық секілді, үнсіз куә болып қалған.

Мұғалімнің оқушыларға сыйы

Шағын видео-ролик: «Табиғатты аялайық»

Шығармашылық жұмыс (топтық)

«Табиғат — біздің анамыз, біз — табиғатқа панамыз» тақырыбында пікірталас өткізу. Топтар өз дәлелін мысалмен, өмірлік тәжірибемен және нақты әрекет жоспарымен негіздейді.

Үй тапсырмасы

Төмендегі үш тақырыптың біреуі бойынша жоба құрастыру (дәптерге орындау):

  1. 1. Өздерің тұратын жердің экологиясы
  2. 2. Арал теңізінің экологиялық проблемасы
  3. 3. Солтүстік Қазақстандағы киіктердің жойылу себептері

Топпен ән айту: «Саржайлау»

Сөзі: М. Мақатаев Әні: Н. Тілендиев

1-шумақ

Жазира, жасыл кілем өрнектеген, Туған жерге, дариға, жер жетпеген! Кең өлкем, әлдилей бер сен деп келем, Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем.

Қайырмасы

Саумал бұлақ — балдай дәрім, Салқын самал — баурайларың. Саялаған, беу, туған жер, Сағындырған, Саржайлауым.

2-шумақ

Армысың, ата-қоныс, жасыл мекен! Ұланыңмын, мен сенің қасыңда өтем. Басқаның жерұйығын не қылайын, Жерұйығы өзімнің қасымда екен!

3–4-шумақ

Жадырап, жұтайыншы тау самалын, Осы еді ғой сағынып аңсағаным. Гүлдерім, шыршаларым, аршаларым — Бәріңе арнап мен бүгін ән саламын. Жанымды жырға бөлеп таң атырған, Әкем едің ақ таңда жаратылған. Төліңнен айналайын, жаңа туған! Айналайын еліңнен дара тұрған!

Соңғы тыныштық сәті

Мұғалімнің сөзі: «Оқушылар, бүгінгі сабақтан қандай ой түйдіңіздер? Көздеріңізді жұмып, ой елегінен өткізіңіздер».

Оқушылар көздерін жұмып, сабақ мазмұнын іштей қорытады: табиғатқа жасалған әрбір қиянаттың ізі қалатынын, ал қамқорлықтың болашаққа үміт сыйлайтынын оймен бекітеді.