Қадірле ана тіліңді - Жүрегіңнің бөлшегін
Мақсаты мен міндеті
Тәрбиелік бағыт
Оқушыларды өз халқын, тілін, туған жерін сүюге, қадірлеуге, бағалап мақтан етуге тәрбиелеу.
Дамытушылық бағыт
Оқушылардың тілін, ой-өрісін дамыту; мәнерлеп оқуға машықтандырып, сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
Түйінді ой
Туған тілдің қадірін білу және сол жолда еңбек ету — әр ұрпақтың азаматтық парызы екенін ұғындыру.
Кіріспе сөз
Құрметті балалар! Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік тіліміз ретінде қазақ тілі бекітілді, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы күшіне енді. Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз — тіліміз.
Жүсіп Баласағұн:
«Адамға екі нәрсе тірек тегі: бірі — тіл, бірі — ділің жүректегі».
Кез келген мемлекеттің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де — сол елдің ана тілі. Біздің ана тіліміз — қазақ тілі, Отанымыз — Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз елтаңбасы, әнұраны, туы бар. Сонымен қатар өз тілі бар.
22 қыркүйек — Қазақстан Республикасының Тілдер мерекесіне орай «Тіл — тірегім, соғып тұрған жүрегім» атты кештің мазмұны төмендегідей ұйымдастырылады.
Шаттық шеңбері
- Оқушылар шеңбер құрып тұрады, бір-бірімен және мұғаліммен сәлемдеседі.
- Мұғалім сабақтың тақырыбын таныстырады.
- Оқушылар ортаға шығып, бір-біріне ізгі тілек айтады.
Оқушылардың тіл туралы өлең жолдары
1-оқушы
Ең бірінші бақытым — халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса мен бармын, қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.
2-оқушы
Ал екінші бақытым — тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
3-оқушы
Бақытым бар үшінші — Отан деген,
«Құдай» деген кім десе, Отан дер ем!
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен.
4-оқушы
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
Мені мұндай бақытты жаратар ма?!
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!
5-оқушы
Ана тілім — ұраным,
Ана тілім — құралым.
Ана тілім болмаса,
Болмас еді жыр-әнім.
6-оқушы
Ана тілім — елдігім,
Ана тілім — ерлігім.
Ана тілім болмаса,
Бүтінделмес кемдігім.
7-оқушы
Туған тілім — бабам тілі — өз тілім,
Туған тілім — анам тілі — өз тілім.
Туған тілім — далам тілі — өз тілім,
Туған тілім — адам тілі — өз тілім.
8-оқушы
Ана тілің — ертегің,
Ана тілің — өркенің,
Ана тілің — ертеңің.
Қадірле ана тіліңді —
Жүрегіңнің бөлшегін.
9-оқушы
Ана тілім — бәрін сөйлер шежірем,
Тілсіз нені білдіре алам, не білем?!
Тілім барда ғана мынау ғаламның
Кілтін табар саналысы сезінем.
О, адамдар, қадіріне жетіңдер,
Ана тілің — анаң, сыйлап өтіңдер!
Сайыс кезеңдері
1-кезең: «Білгенге маржан» (грамматикалық сұрақтар)
Оқушыларға әртүрлі сұрақтар қойылады:
- Қазақ әліпбиінде неше әріп бар? (42 әріп)
- Неше дауысты дыбыс бар? (9)
- Жіңішке дауысты дыбыстарды ата. (е, і, ө, ү)
- Дауыссыз дыбыс нешеге бөлінеді? (3)
- Жуан дауысты дыбыстарды ата. (а, о, ы, ұ, у)
- Қазақ тілі сабағында біз қай тілде сөйлесеміз?
- Жыл мезгілдерін ата.
- Бір жылда неше ай бар?
- Қазақша апта күндерін ата.
2-кезең: Музыкалық үзіліс
Өнер арқылы тілдің әуезі мен ұлттық рухты сезіндіретін шағын музыкалық номер орындалады.
3-кезең: «Кім көп біледі?» (мақал-мәтелдер сайысы)
Тіл туралы мақал-мәтелдерді жатқа айту:
- Жылы сөз жан жібітер.
- Өнер алды — қызыл тіл.
- Тіл тас жарады, тас жармаса — бас жарады.
- Тіл қылыштан өткір.
- Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.
4-кезең: «Ойлан, тап» (сөз құрау)
«Қазақстандықтар» сөзінен мүмкіндігінше көп жаңа сөздер құрастыру тапсырмасы беріледі.
Қорытынды ой
9-оқушының жалғасы
Ана тілі — асыл күні бабамның,
Қуатымсың ақ сүтіндей анамның.
Сәби шақтан бесігіме жыр тыңдап,
Туған тілді жаттап өскен баламын.
Оң жол ізде өмірде көп ойланып,
Алдыңнан атар таңың арайлап.
Азаматы бар ел деп — бұл қазақтың,
Талай жұрт құрметтесін қарайлап.
Бауыржан Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтінен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген. Ана тілімізді құрметтеп, сүйе білейік. Мемлекеттік тілде көп оқып, бір-бірімізбен қазақша сөйлесейік.