Оқушыларды екі топқа бөліп, сабаққа жұмылдыру
Кинематика негіздерін қайталау: мультимедиялық аукцион-сабақ
Бұл сабақ — кинематика тарауы бойынша білімді жүйелеуге арналған ойын формасындағы қайталау. Аукцион үлгісі оқушыларды белсенділікке, жылдам ойлауға, есеп шығаруға және топпен жұмыс істеуге ынталандырады.
Дамытушылық мақсаты
- Тарау бойынша алған білімді жүйелеу және қорытындылау.
- Жадта сақтауды күшейту, логикалық ойлауды дамыту.
- Тез шешім қабылдауға және дәлелдеуге үйрету.
Білімділік мақсаты
- Сандық және сапалық есептер арқылы ой-өрісті кеңейту.
- Шығармашылық ізденіске баулу.
- Компьютерді қолдану арқылы ғылымға қызығушылықты арттыру.
Тәрбиелік мақсаты
- Ұйымшылдық пен жауапкершілікке тәрбиелеу.
- Физика заңдарының қоршаған ортада нақты көрініс табатынына көз жеткізу.
- Әділ бәсеке мен өзара қолдауды қалыптастыру.
Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу, түгендеу, сыныптың тазалығын қадағалау.
- Оқушыларды екі топқа бөліп, сабаққа жұмылдыру.
- Сабақтың ережесі мен бағалау шарттарын нақтылау.
Ойынның қаржылық моделі: «банк» және «несие»
ХХІ ғасыр — ғылым мен білім ғана емес, экономиканың да қарқынды дамыған ғасыры. Сабақ барысында жиі қолданылатын ұғымдардың бірі — несие. Ойынның логикасын түсіну үшін негізгі түсініктерді қысқаша анықтаймыз.
Банк
Қаржы сақталатын және айналымға түсетін орын.
Несие
Қарызға берілген қаржы.
Капитал
Адамның, мекеменің немесе мемлекеттің жинақ қоры.
Бастапқы шарт
Ойынды бастамас бұрын әр топ банктен 2000 теңге несие алады. Жылдық үстеме — 25%. Сабақ соңында банкке 2500 теңге қайтарылады.
І тур: Музыкалық тапсырма
Аукцион ережесі
Әр лотереяның бастапқы бағасы — 1000 теңге, ал сату қадамы — 100 теңге. Бір команда 200 теңге ұсынса, қарсы команда 300 теңге ұсына алады және осылай жалғасады.
Тапсырма: өлең жолдарынан қандай қозғалыс түрін байқауға болады?
1) «Су тасушы қыз әні»
Таңертең бір сұлу қыз суға келеді... Ат жетектеп бір жас жігіт еріп келеді...
2) «Желдірме»
Қырандай аспанда самғайтын, екпіні самолеттей заулайтын...
3) «Ақ жаңбыр»
Бақыт болып жаушы жаңбыр, менің әсем қалама... менің әсем далама...
4) «Айгөлек»
Айдың жүзі дөңгелек... Би билеймін дөңгелеп...
ІІ тур: «Көкпар» — жылдам сұрақтар
Әр лотереяның бағасы — 2000 теңге. Бұл турда көкпаршыларға тән жылдамдық пен алғырлық қажет.
1) Траектория дегеніміз не?
Қозғалып жатқан дененің артында қалдырған үздіксіз сызығы траектория деп аталады.
2) Материялық нүкте дегеніміз не?
Қарастырылып отырған жағдайда өлшемі мен пішінін ескермеуге болатын дене материялық нүкте деп аталады.
3) Үдеу деп нені айтамыз?
Жылдамдықтың өзгеру шапшаңдығын сипаттайтын физикалық векторлық шама үдеу деп аталады.
4) Бірқалыпты қозғалыс дегеніміз не?
Дене кез келген тең уақыт аралығында бірдей қашықтық жүрсе, ол бірқалыпты қозғалыс деп аталады.
ІІІ тур: «Сақина салу» — есептер аукционы
Бұл турда топ есептің түрін алдын ала білмейді: арнайы қалталарға сақина салу арқылы есеп таңдалады. Әр қалтаның үстінде есептің бағасы көрсетілген. Егер есеп дұрыс шығарылмаса, 500–1500 теңге аралығында айыппұл банкке қайтарылады. Қателікті түзеткен қарсы топқа есеп «берілуі» мүмкін.
2000 теңгелік есептер
- Велосипедші радиусы 30 м шеңбер бойымен 15,7 м/с жылдамдықпен қозғалады. 12 с ішінде жүрген жолын, орын ауыстыруын және центрге тартқыш үдеуін анықтаңыз.
- Сайыс кезінде екі шабандоз бір-біріне қарай 20 км/сағ және 16 км/сағ жылдамдықпен шауып келеді. Бастапқы арақашықтық 120 м. Олар қанша уақыттан кейін кездеседі?
- Мұнай қозғалтқышының маховигінің бұрыштық жылдамдығы 300 айн/мин. Қозғалтқыштың периодын және жиілігін анықтаңыз.
3000 теңгелік есептер
- Аэростат Жер бетінен вертикаль жоғары 2 м/с² үдеумен көтеріледі. Көтерілу басталғаннан кейін 5 с өткенде одан тас түсіп кетті. Тас Жерге қанша уақытта түседі? Ауаның кедергісін ескермеңіз. Еркін түсу үдеуі 10 м/с².
- 28 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан катер су шаңғысы спортшысын тіркеп келеді. Спортшы ұстаған трос катер қозғалыс бағытымен 135°, ал троспен спортшы арасындағы бұрыш 60°. Осы мезеттегі спортшы жылдамдығының модулін табыңыз.
- Дене 100 м биіктіктен бастапқы жылдамдықсыз еркін құлайды. Ауаның кедергісін ескермей, құлаудың соңғы секундында қандай жол жүретінін және оны қанша уақытта жүретінін анықтаңыз.
Қорытынды және бағалау
Ойын аяқталғаннан кейін аукционшы барлық қатысушыларға қолдағы ақшасын санатады және банктен алынған несиені 25% өсіммен қайтаруды сұрайды (яғни 2500 теңге).
Қай топтың қорытынды қаржысы көп болса, сол топ «өте жақсы» баға алады. Сонымен қатар қарсы топтағы белсенді әрі дұрыс жауап берген оқушылар да жеке бағаланады.