Жұмбақтың шешуіндегі сөздер қандай сөздер

Сабақтың тақырыбы: Біріккен сөздер

Сабақтың мақсаты

  • а) Білімділік

    Кейбір сөздердің бірнеше түбірден құралып, бірігіп жазылатынын мысалдар арқылы түсіндіру. Жер-су атауларын білдіретін біріккен сөздердегі қатар келген екі дауысты дыбыстың сақталып жазылатынын меңгерту. Екі сөзден тұратын кісі аттарындағы қатар келген екі дауысты дыбыстың біреуі түсіріліп жазылатынын түсіндіру.

  • ә) Дамытушылық

    Оқушылардың ауызша және жазбаша тілін дамыту, сөздік қорын молайту, байланыстырып сөйлеу дағдысын және шығармашылық қабілетін арттыру. Топпен шығармашылық жұмыс істеуге үйрету.

  • б) Тәрбиелілік

    Оқушыларды ұқыптылыққа, ізденімпаздыққа, жинақылыққа, сауаттылыққа және көркем жазуға тәрбиелеу.

Сабақ туралы мәлімет

Сабақтың типі
Жаңа сабақ
Сабақтың түрі
Жарыс сабақ
Сабақтың әдісі
Сұрақ-жауап, түсіндіру, әңгімелеу, баяндау
Пәнаралық байланыс
Математика, дүниетану, бейнелеу өнері, ана тілі

Көрнекіліктер

  • Арнау сөз
  • Ғ. Мұстафиннің портреті
  • Мазмұнды суреттер
  • Плакат
  • Дидактикалық ойындар

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгелдеу.
  • Оқу құралдарын дайындау.
  • Назарын сабаққа аудару.

II. Психологиялық дайындық

Күлімдеп күн бүгін, (қолдарын көтереді).

Қарады маған да! (қолдарын кеудесіне қояды).

Күлімдеп күн бүгін,

Қарады саған да! (қасындағы балаға қарайды)

Сәлем деймін достарға!

Сәлем барша ұстазға!

Тату болып халықтар,

Аман болсын балалар!

III. Үй тапсырмасын пысықтау

36-жаттығу

Көп нүктенің орнына тиісті біріккен сөздерді тауып жаз.

  • I топ: Аңдар — …; Құстар — …
  • II топ: Өсімдіктер — …; Жер-су аттары — …

Ережені еске түсіру

Кейбір сөздер екі түбірден құралады. Екі түбірден жасалған сөз біріккен сөз деп аталады. Біріккен сөзді құрайтын түбірлер бірігіп жазылады, өйткені ол бір ғана мағынаны білдіреді және бір ғана сұраққа жауап береді.

Ережені хормен оқыту.

IV. Жаңа сабақ

Эпиграф

Білем деме, балам, білмейтінің көп шығар.
Бұл дүниеде, сірә, бәрін білген жоқ шығар.

Біздің білетініміз — бір тоғыз, білмейтініміз — тоқсан тоғыз. Сондықтан бүгінгі мақсатымыз — білімімізді тереңдету, оны жадымызда сақтап, орынды қолдана білу және сауатты әрі көркем жазу дағдысын қалыптастыру.

Ғабиден Мұстафин (1902–1985)

Қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері

Арнау сөз

Мұралардың ең қымбаты — сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады. Күн жылытпас суық көңілді жылытады. Асылы, адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Ал асыл сөз мәңгі жасайды.

— Ғ. Мұстафин

Мұғалімнің түсіндірмесі

Өткен сабақта ертеде Сөзстан деген ақсақал өмір сүргенін айтқан едік. Оның төрт ұлы болған: Күрделі сөз, Біріккен сөз, Қос сөз, Қысқарған сөз. Біріккен сөз ынтымақ пен бірлікте, татулықта өмір сүріпті. Біз бүгін осы ұлдың «өмір тарихымен» тереңірек танысамыз.

Қызығушылықты ояту

Оқушыларға жұмбақ жасырылады (аудио тыңдату). Жауап арқылы сынып екі топқа бөлінеді: «Күрделі сөздер» және «Біріккен сөздер».

Жұмбақ 1

Тастамайды бір елі, үйін сүйреп жүреді.

Жауабы: тасбақа

Жұмбақ 2

Сақталар терең олжасы, алқымында бар дорбасы.

Жауабы: бірқазан

Жұмбақтардың шешіміндегі сөздер — біріккен сөздер. Бүгін біз біріккен сөздерге қатысты жаттығулар орындаймыз.

Топтық тапсырмалар

I топ

38-жаттығу

Мәтінді оқып, біріккен сөздерді теріп жазу. Айтылуы мен жазылуын салыстыру: Жаркент, халықаралық, Сарыөзек.

Түсіндірме

  • Жаркент атты екі қала бар: бірі — Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесінде. Бұл — көне қалалардың бірі. 1858 жылы Шоқан Уәлиханов Құлжа сапарында осы өңірде болған.
  • Шекара сөзінің дұрыс айтылуы — шегара. Үндестік заңына сәйкес к/қ дыбыстары дауыстыдан кейін жұмсарады. Шекара — ел мен елдің шектескен аралығы.
  • Халықаралық — халықтар арасында, барша халыққа ортақ. Мысалы: халықаралық мереке, халықаралық конференция.

II топ

39-жаттығу

Мәтінге ат қойып, көшіріп жазу. Біріккен сөздерді тауып, қалай жасалғанын айту.

Бурабай көлі

Бурабай көлдеріне Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қотыркөл жатады. Бұл көлдер Сарыарқаның Көкшетау тауларының аралығында орналасқан. Олар суының тазалығымен, тауларымен, қарағайлы-қайыңды ормандарымен ерекшеленеді.

Бурабай — Көкшетау қыратындағы тұйық көл. Көлдің солтүстік-батыс бөлігінде жартасты-жарқабақты келген кішігірім Жұмбақтас аралы орналасқан. Оның шоқтығы айдын бетінен 20 м көтерілген. Бұл арал Бурабайға ерекше көрік береді. Мұнда Бурабай курорты, Оқжетпес демалыс үйлері бар.

Сарыарқа туралы қысқаша

Сарыарқа — халықтық атау. Сарыарқаға Қарағанды мен Астана облыстарының жері толықтай, сондай-ақ Торғай, Семей, Павлодар облыстарының бір бөлігі кіреді. Халық бұл өңірді ежелден Сарыарқа, Арқа даласы деп атаған. Атауы кең де үлкен жонды, жалпақ үстіртті, сансыз адырлы қырқаны білдіреді.

Негізгі ереже

Жер-су атауларын білдіретін біріккен сөздердегі қатар келген екі дауысты дыбыс сақталып жазылады: Сарыөзек, Сарыағаш, Сарыарқа.

Ережені түсіндіру және хормен оқыту.

«Аңдатпа» ойыны

«Балапан» арнасынан үзінді (аудио) тыңдалады. Кестедегі атаулардан біріккен сөзді естігенде, оқушылар қол шапалақтайды.

Бағдарламалар

  • 08:00 — Әнұран
  • 08:20 — Тілашар
  • 09:15 — Балбұлақ
  • 10:10 — Баламен бетпе-бет
  • 11:20 — Толағай
  • 15:10 — Тұсаукесер
  • 15:45 — Мультфильм «Айжұлдыз»
  • 18:40 — Баспасөз-2014
  • 19:40 — Еркетай
  • 20:20 — Алпамыс
  • 21:05 — Телехикая «Томпақ»

Тыңдағандарыңызға көп рақмет!

Жаттығулар

I топ

40-жаттығу

Сөйлемдерді көшіріп жазып, біріккен сөздердің астын сызу.

  • Көгорай шалғын жерлерден көптеген әдемі көбелектерді көруге болады.
  • Көкөністер адамдардың денсаулығын сақтап қана қоймай, сырқаттардың тезірек сауығуына да көмектеседі.
  • Халық аққуды киелі құс деп есептейді.

II топ

42-жаттығу

Жұмбақты оқып, шешуін табу.

Аты оның екі-үш заттан құралады,
Ұят қой бұл қаланы білмегенің.
Ол берген көмірменен, жылуменен,
Сан қала, өндірістер нұрланады.

Жауабы: Екібастұз

Шығармашылық тапсырмалар

I топ

Біріккен құс атауларын тауып жаз.

II топ

Біріккен сөзден жасалған қала атауларын жаз.

43-жаттығу: «Сен білесің бе?»

Біріккен сөздерді теріп жазып, олардың мағынасын түсіндіру (ауызша).

Адамның күтіп-баптауының нәтижесінде көкөністер көп өзгерістерге ұшырады. Сәбіз қызыл түске енді. Оның тамыржемісі де мейлінше үлкейді. Жабайы шомырдың жуандығы бұрын егеуқұйрықтың құйрығындай ғана болса, қазір жапон шомыры 30 килограмм тартады. Оны қолға ұстап тұрудың өзі қиын. Алып асқабақтардың салмағы бұдан да асып түседі. Кейбір асқабақтар 100 килограммға дейін жетеді. Жер шарында асқабақтан үлкен көкөніс жоқ.

Біріккен сөздер

көкөніс, егеуқұйрық, асқабақ, килограмм

Жабайы шомыр

Бір жылдық шөптесін өсімдік. Жаз бойы және күзде гүлдейді. Өспеу үшін астық тұқымын тазартады, егіс алмастырылады, күздік қарабидай егіледі. Тұқымы пісіп-жетіле бастағанда улы болады. Жас күйінде мал жақсы жейді, сүрлемге қосуға болады.

Алып асқабақ

Өскеменнің тұрғыны Татьяна Черепанова саяжайында салмағы 80 келіге, көлемі 2 метрге жуық алып асқабақ өсірген.

Ойындар мен бекіту

«Кім көп біледі?»

  • Жер-су атаулары: Жезқазған, …
  • Кісі аттары: Ботагөз, …
  • Дене мүшелері: Асқазан, …

Өзіндік жұмыс: сәйкестендіру

Берілген сөздерден біріккен сөз құрастырып, сәйкестендір.

мүйіз бақан суық қазан көл барыс жол қу алты торғай ақ қарақшы жеті тұмсық бір сүйек ақ бақа

Топтық жұмыс: «Жоғалған сөздер»

Төмендегі сөздерден біріккен сөздер жаса:

Жез қорған талды тау көк ала өніс ақ су төбе теке қазған қозы тас құйрық көз қазық қала бота темір құмалақ қазақ ас тоғыз ұл сүйек табар гүл ай сай қара бас екі тұз

Қорытынды

Күн мен ай суреттері беріледі. Сол суреттерден басталатын біріккен сөздерді жазу.

Бағалау

Оқушыларға «Бәйтерек» суреті таратылады (жұмыс нәтижесіне қарай бағалау жүргізіледі).

Үйге тапсырма

41-жаттығу: біріккен сөздерді қатыстырып сөйлем құрастыру.