Сенің құқығың - менің құқығым
Құқық туралы не білеміз?
Бұл іс-шараның басты мақсаты — оқушыларға құқықтық білім беру және құқықтық тәрбие арқылы заңға құрмет сезімін қалыптастыру, өз құқығын білетін әрі Конституцияда көрсетілген міндеттерін орындайтын азамат тәрбиелеу. Сонымен қатар шыншыл, әділетті, парасатты тұлғаны қалыптастыруға бағытталады.
Түрі
Дөңгелек үстел
Көрнекілігі
Интерактивті тақта, қанатты сөздер, мемлекеттік рәміздер, презентация
Жоспар
- Психологиялық тренинг
- Құқық туралы жалпы түсінік
- «Сенің құқығың – менің құқығым» (оқушы құқығы)
- «Тығырықтан шығар жол қайсы?» (ситуациялық жағдай)
- «Жалғасын тап» (мақал-мәтел)
- Қорытынды
«Қолыңда болса бір билік,
Қарғаға залым болмаңыз.
Алдыңа келсе бітпес дау,
Әділін айтып қорғаңыз.»
«Жер бетіндегі адамдар арасындағы тәртіп орнату үшін заңды қолдану — шөлге жауған жаңбырдай қайырымды.»
I. Психологиялық тренинг
Пікірталасымызды бастамас бұрын бір-бірімізге деген қарым-қатынасты ізгілендіру мақсатында шағын тренинг жүргіземіз.
1) «Адами қасиеттер» тапсырмасы
Әр оқушыға екі ақ парақ беріледі. Бірінші параққа өзіңіз аса жоғары бағалайтын адами қасиеттерді жазып, келесі топқа беріңіз. Кейін кезектесіп, алған парақта жазылған қасиеттерді дауыстап оқыңыз.
2) «Нені бірінші көрдің?» тапсырмасы
Ақ парақтың дәл ортасында қара ноқат болады. Сол суреттен нені көріп тұрғаныңызды сипаттаңыз.
Түсіндірме: көбіне аққа қарағанда қара түс тез көзге шалынады. Алайда ақ түс — жақсылықтың белгісі. Демек, жақсылықты көре білу — маңызды дағды.
II. Құқық туралы жалпы түсінік
Құқық ұғымын тереңірек түсіну үшін қысқаша тарихи шегініс жасайық. XV ғасырдың орта шенінде Қазақ мемлекетінің негізі қаланды. Жәнібек ханның ұлы Қасым хан тұсында Қазақ хандығы қуатты мемлекетке айналып, құқықтық ғұрыптар мен нормалар жүйеге келтірілді. Халық бұл заңдар жиынтығын «Қасым ханның қасқа жолы» деп атады.
Қасым ханның «қасқа жолы»
- Мүлік заңы: жер дауы, мал-мүлік дауы.
- Қылмыс заңы: кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық.
- Әскери заң: аламан міндеті, қосын жасақтау, «қара қазан», ердің құны, тұлпар ат.
- Елшілік жоралары: шешендік, халықаралық қарым-қатынастағы сыпайылық, әдеп, иба.
- Жұртшылық заңы: ас, той, мереке, думан ережелері; ат жарыс, бәйге тәртібі; жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері.
Есім хан және Тәуке хан заңдары
Қасым ханнан кейін құқықтық жүйені дамытуға Есім хан елеулі үлес қосты. Ол әскери міндетті атқару ережелерін күшейтіп, әскери тәртіп бұзушыларға қолданылатын жазаны қатайтты. Қалған мәселелерде бұрынғы құқықтық ғұрыптар сақталғандықтан, халық бұл жүйені «Есім ханның ескі жолы» деп атады.
Қазақ құқық жүйесіне үшінші әрі соңғы ірі өзгерістерді Тәуке хан (1680–1718) енгізді. Нормалар жазба түрде жинақталып, «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атаумен белгілі болды.
Сондай-ақ қазақ даласында сот қызметін билер атқарды. Тарихта Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би әділдігімен және шешендігімен ерекшеленді.
Құқық дегеніміз не?
Құқық — заң рұқсат ететін, адам табиғатына сай әрекет ету мүмкіндігі. Қазақстан Республикасының Конституциясы — елдің басты саяси-құқықтық құжаты. «Конституция» сөзі латынның constitutio — «құрылым» деген мағынаны білдіреді.
ҚР Конституциясы
1993 ж. 28 қаңтарда қабылданды
Қазіргі Конституция
1995 ж. 30 тамызда қабылданды
Құрылымы
9 бөлім, 98 бап. Заңдарды Парламент қабылдайды.
Бала құқықтары туралы конвенция
1989 ж. 20 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдады. 2 бөлімнен, 54 баптан тұрады.
III. «Сенің құқығың – менің құқығым» (оқушы құқығы)
Бұл бөлімде оқушылар өз құқықтары туралы ой бөлісіп, күнделікті өмірдегі маңызын талқылайды.
Негізгі құқықтар
-
1) Өмір сүру, бостандық, қадір-қасиет және жеке өмірге қол сұқпаушылық
Мемлекет баланың жеке басына қол сұғылмауын қамтамасыз етеді; тәні мен жанын жаралаудан, дөрекілік пен қорлаудан, сондай-ақ құқықтары мен бостандықтарына қысым жасаудың өзге түрлерінен қорғауды жүзеге асырады.
-
2) Даралықты сақтау
Бала туған сәтінен бастап аты-жөні, ұлты, азаматтығы болуға құқылы. Ұлтына, тіліне, біліміне, денсаулығына, ата-анасына қатысты жағдайларға қарамастан, әр бала тең құқықты.
-
3) Сөз бостандығы және пікір айту
Әр бала өз пікірін айтуға, ар-ождан бостандығына, коммерциялық емес ұйымдарға қатысуға және заңмен рұқсат етілген бейбіт жиналыстарға қатысуға құқылы.
Жеке өмір мен білімге қатысты кепілдіктер
4) Жеке өмірге қол сұқпау
Ешкімнің біреудің атына кір келтіруге, жеке өміріне араласуға, рұқсатсыз үйіне кіруге немесе хат-хабарын оқуға құқығы жоқ.
Ана тілі, мәдениет және білім алу
Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауға құқығы бар.
Азаматтарға тегін орта білім алуға кепілдік беріледі, орта білім алу міндетті. Республика азаматтарының конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар.
Әрбір адам өз ойын еркін айтуға және жеке пікірінің болуына құқылы.
Құқықпен қатар жүретін міндет
Оқушылар өз құқықтарын атап өткеннен кейін, қандай міндеттері бар екенін талқылайды (оқушылар жауап береді). Қосымша түсінік беру үшін құқықтық құжаттар туралы мәлімет ұсынылып, құжаттардың суреттері арқылы шағын тапсырма орындалады.
IV. «Тығырықтан шығар жол қайсы?» (ситуациялық жағдай)
Төмендегі жағдаятты оқып, кейіпкерлердің әрекетін құқық пен қауіпсіздік тұрғысынан бағалаңыз. Қай әрекет дұрыс? Неліктен?
1-жағдаят
Алмат: Айболат, бүгін Камалдың баласының тойы ғой, білесің бе?
Айболат: Иә, иә. Айтпақшы, Дамирлер бүгін жиналайық, тойды қызықтаймыз деген. Саған хабарласқан жоқ па?
Алмат: Жүр, ендеше солай барайық, қызықтан құр қалмайық.
Айболат: Кеттік. Жолшыбай Бекжолға соға кетейік, ол да баруы мүмкін.
Алмат: Бекжол, біз той болып жатқан жаққа бара жатырмыз. Балалар да сол жақта, бізбен бірге жүрші.
Бекжол: Жоқ, мен алдымен ата-анама ескертуім керек, әйтпесе алаңдайды.
Айболат: Ту, ата-анаңа ескертіп не істейсің? Біз сияқты айтпай кете салмайсың ба? Сұрансаң, жібермей қалады.
Бекжол: Жоқ, балалар, мені жібермейді, бара алмаймын. Оның үстіне ол жақта ішімдік ішкен адамдар кездесуі мүмкін, бір жағдайға ұрынып қалармыз.
Алмат: Онда өзің біл. Ертең «көп қызықтан қалдым» деп өкініп жүрме.
Айболат: Осы кезден бастап көшеге үйрене бермейсің бе?
V. «Жалғасын тап» (мақал-мәтел)
Мақал-мәтелдің жалғасын табыңыз және мағынасын түсіндіріңіз.
Жалғасын тап
- Біреуге ор қазба — өзің түсесің.
- Заңның құрығы — бәрінен ұзын.
- Ұрлық түбі — қорлық.
- Өтірікшінің құрығы — бір-ақ тұтам.
- Тура биде — туған жоқ.
- Досы көпті жау алмайды — ақылы көпті дау алмайды.
- Қолыңмен істегенді — мойныңмен көтер.
- Тек жүрсең — тоқ жүресің.
- Заңды сыйлаған — еркін жүреді.
Топтық ой-түйін
1-топ
Әкімің әділ болмаса, жұрт бұзылады; саудаң әділ болмаса, нарық бұзылады.
2-топ
Шындық бар жерде өтірік байқап жүреді, шындық жоқ жерде шіреніп, шайқап жүреді.
3-топ
Әділ айтсаң, ағайынға жақпайсың; әзіл айтсаң, маңайыңа жақпайсың.
VI. Қорытынды
Құқықты білу — өзіңді қорғаудың және қоғамдағы тәртіпті сақтаудың маңызды шарты. Ал заңды құрметтеу — әділдікке бастайтын жол. Әр адам өз құқығын пайдалана отырып, өз міндетін де ұмытпауы тиіс.