Үйшікте қанша жануарлар

Сабақ жоспары

Қызықты математика әлемінде

Бұл сабақта балалар ойын арқылы санайды, салыстырады және геометриялық пішіндер туралы білімін көрсетеді. Негізгі мазмұн орыс халық ертегісі «Үйшік» желісімен ұйымдастырылады.

Түзете-білімділік

  • Геометриялық пішіндер туралы білімді бекіту: дөңгелек, шаршы, үшбұрыш.
  • Балаларды 5-ке дейін санауға жаттықтыру.
  • Түстерді ажырату және сәйкестендіру дағдыларын дамыту.
  • Ұзын–қысқа ұғымдарын дұрыс қолдануға үйрету.

Түзете-дамытушылық

  • Психикалық үдерістерді дамыту: қабылдау, есте сақтау, ойлау.
  • Қол қимылдарының үйлесімділігін жетілдіру.
  • Ойын дағдыларын қалыптастыру.
  • Сенсорлық дамуды қолдау.

Түзете-тәрбиелік

  • Ұқыптылыққа тәрбиелеу.
  • Бірлік пен ынтымақтастыққа баулу.
  • Жағымды қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.

Әдіс-тәсілдер мен көрнекіліктер

Әдіс-тәсілдер

Информациялық-рецепциялық әдіс: әңгімелесу, сұрақ-жауап, көрсету, түсіндіру, ойнату, көмек беру.

Көрнекіліктер

Суреттер, ойыншықтар, слайд, компьютерлік ойындар, логикалық Дьенеш блоктары.

Сабақ барысы

«Жылулық шеңбері» (өлең)

Қайда екен қолымыз,
Оңымыз бен солымыз.
Білеміз бе оны біз?
Міне, оң мен солымыз!
Міне, алақай, қолымыз!
Қол соғайық: бір, екі!

ІІ. Жаңа сабақ

Балалар, бүгін біз ойнаймыз, санаймыз және геометриялық пішіндер туралы білімімізді көрсетеміз. Сонымен қатар мен сендерге орыс халық ертегісі «Үйшік» туралы айтып беремін.

Ертегі желісі

Жазық далада бір үйшік тұрады. Шиқылдауық тышқан келіп: «Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады?» — деп сұрайды. Ешкім үн қатпайды.

Үйшікке апаратын екі жол бар: ұзын және қысқа. Тышқан қай жолды таңдаса тез жететінін білмей тұрады.

Сұрақ

Қандай жолмен үйшікке тез барады?

1-тапсырма: Ұзын–қысқа жолақша

  • Балалардың алдында екі жолақша жатады.
  • Айырмашылығы: түсі мен өлшемі.
  • Ұзындығын анықтау тәсілі: жолақшаларды беттестіріп салыстыру.
  • Тышқанды қысқа жолақшаға орналастыру.

Тышқан үйшікке кіріп, өмір сүре бастайды. Үйшікте 1 жануар — «1» санын қоямыз.

2-тапсырма: Геометриялық пішіндерді дұрыс орналастыру

Секеңдеп қоян келеді де сұрайды: «Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады?». Тышқан қоянға бірге тұру үшін тапсырманы орындауды ұсынады.

Шарт

Геометриялық пішіндерді берілген орындарға дұрыс орналастыру.

Нәтиже

Тышқан мен қоян бірге тұрады. Үйшікте 2 жануар — «2» санын қоямыз.

Қайталаймыз

Дөңгелек, шаршы, үшбұрыш; санау 1–2.

Бақа келеді

Бақылдап бақа келіп: «Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады?» — дейді. Тышқан мен қоян оны да шақырады. Енді үшеуі бірге тұрады — 3 саны.

ІІІ. Сергіту сәті

Қимылды ойын: «Бақа»

Бақа-бақа, балпақ,
Басың неден жалпақ?
Темір телпек көп киіп,
Басым содан жалпақ!

Бақа-бақа, балпақ,
Көзің неге тостақ?
Қарауылға көп қарап,
Көзім содан тостақ!

Көзге жаттығу: «Шар қайда ұшты?»

Шар сендермен ойнағысы келеді. Оның қалай ұшатынын бақылап, көздеріңмен артынан ілесіңдер.

  • Жоғары — көзді жоғары бағыттау
  • Төмен — көзді төмен түсіру
  • Оңға — оң жаққа қарау
  • Солға — сол жаққа қарау

Түлкі келеді

Терезені түлкі тоқылдатады: «Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады?». Кейіпкерлер түлкіге де тапсырма орындаса бірге тұруға болатынын айтады.

IV. Бекіту

3-тапсырма: «Сиқырлы пішіндер»

Балалар пішіндерді пайдаланып, суреттер құрастырады.

Түлкі тапсырманы орындайды. Енді үйшікте төртеу — 4 саны.

Қасқыр келеді

Жүгіріп келіп сұр қасқыр: «Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады?» — деп сұрайды. Оны да бірге тұруға шақырады. Енді бесеуі бірге тұрады — 5 саны.

Барлығы көңілді өмір сүреді.

V. Қорытынды

4-тапсырма: Сұрақ-жауап

  • Үйшікте жасырынған жануарларды ата.
  • Үйшікте қанша жануар болды?
  • Үйшікке бірінші болып кім келді?
  • Екінші болып қандай жануар келді?
  • Үшінші болып қандай кейіпкер келді?
  • Төртінші болып қандай жануар келді?
  • Бесінші болып қандай жануар келді?
  • Ертегіде қанша кейіпкер болды?
  • Кейіпкерлерге үйшікке кіруге кім көмектесті?
  • Қандай тапсырма сендерге көбірек ұнады?

VI. Бағалау

Балалар, бүгінгі сабаққа бәрің де белсенді қатыстыңдар. Жарайсыңдар!

Қорытынды «Жылулық шеңбері»

Аспанымыз ашық болсын,
Күніміз жарық болсын.
Деніміз сау болсын,
Бәріміз тату, дос болайық.