Бұрымды қыз сайысын

БҚ

Байқау тұжырымдамасы

«Бұрымды қыз» — қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік және сұлулық сияқты қасиеттерді жан-жақты танытатын тәрбиелік-эстетикалық байқау.

Мақсаты

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу

  • Қазақ халқының ұлттық өнерін, салт-дәстүрін насихаттау.
  • Қазақ қызына тән инабаттылық пен әдептілікті құрметтеуге баулу.

Даму және тәрбиелік бағыт

  • Оқушылардың танымдық және шығармашылық қабілетін дамыту.
  • Эстетикалық талғам мен шеберлікті жетілдіру.
  • Көпшілік алдында өзін ұстай білуге, мейірімділікке тәрбиелеу.

Кіріспе: Бұрым — қыз көркі

Қазақ халқы «қыз» сөзінің өзінен-ақ әдептілік пен әдеміліктің, инабат пен сұлулықтың нышанын таныған. Әсіресе қыз баланың көрікті болып өсуіне анасы ерекше мән берген. «Аттың көркі — жалы, қыздың көркі — шашы» деген тәмсіл де содан.

Бұрымды күтіп өсіру — өнер саналған: шашты айранмен, қынамен жудырып, қос бұрым немесе бестемше етіп өрген. Жыр-дастандарда да қазақ қызының қолаң шашы айрықша суреттеледі.

Жырдан үзінді

Шашының ұзындығы ізін басқан,

Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген,

Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты.

Байқау барысы

Мектепішілік байқауға қатысатын арулар ортаға кезекпен шақырылады. Қазылар алқасы таныстырылып, бағалау кезеңдері рет-ретімен өткізіледі.

Қазылар бағалайтын бөлімдер

  1. Эстетикалық талғам — киім үйлесімі, шаш өрімі, жүріс-тұрыс, сахна мәдениеті.
  2. «Мен қазақтың қызымын, дара туған» — таныстыру, өзін ұсыну мәдениеті.
  3. Шаш күтімі — ұзын шаш өсірудің қағидалары, күтім құпиялары, сусабынға шағын жарнама.
  4. «Ас — адамның арқауы» — картопты қабығын үзбей аршу (ептілік пен ұқыптылық).
  5. Шаш үлгісін жасау — өрім түрлерін көрсету, үлгіні жасап, қорғау.
  6. Салт-дәстүрге байланысты сұрақтар — сұрақ-жауап бөлімі.

Жүргізушілер сөзі (ықшамдалған)

І жүргізуші: Құрметті ұстаздар, аяулы ата-аналар, оқушылар! «Бұрымды қыз» байқауына қош келдіңіздер! Көңілдеріңіз шат болып, өнер кешінен әсер алыңыздар.

ІІ жүргізуші: Қазақ қызы — әдеп пен әсемдіктің айнасы. Бұрым — нәзіктіктің нышаны. Бүгінгі сайысымызда арулардың өнері мен тәрбиесі, талғамы мен шеберлігі сыналады.

Абайдан: «Білектей арқасында өрген бұрым, шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын…»

Салт-дәстүр сұрақтары (үлгі)

Бұл бөлімде қатысушылар қазақтың танымдық ұғымдары мен дәстүрлі түсініктеріне қатысты сұрақтарға жауап береді.

1-топ

Бес қару

Мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта.

Жеті қазына

Ер жігіт, сұлу әйел, ілім-білім, жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт, берен мылтық.

2-топ

Үш арсыз

Тамақ, ұйқы, күлкі.

Қыз туралы мақал-мәтелдер (мысал)

«Қызға қырық үйден тыйым». «Дәулетіңнің қадірін ұлың өскенде білерсің, абыройыңның қадірін қызың өскенде білерсің».

3-топ

Жеті ата

Ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене.

Бес дұшпан

Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ.

4-топ

Үш даусыз

Мінез, кәрілік, ажал.

Үш би

Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би.

5-топ

Үш мақсат

Жол мақсаты — жету, қыз мақсаты — кету, сауда мақсаты — ұту.

Өнердегі ұлттық байлық (мысал)

Ою-өрнек.

6-топ

Ұзатылған қыздың төркіндеуі

Қазақ салты бойынша ұзатылған қыздың бір жылдан кейін төркініне баруы — төркіндеу деп аталады.

Үш байлық

Денсаулық, ақ жаулық, он саулық.

Қорытынды және марапаттау

Кеш соңында әділқазылар алқасы қорытынды шығарып, қатысушыларды өнеріне қарай арнайы аталымдармен марапаттайды. Жеңімпазға «Бұрымды қыз» лентасы мен диплом табысталады.

Аталымдар

Өнерлі қыз Ерке қыз Шебер қыз Сұлу қыз Білімді қыз Ибалы қыз

Сонымен қатар, сынып ұлдары атынан сынып жетекшіге және аруларға сыйлықтар табыс етіледі.

Қоштасу

І жүргізуші: Қазағымның салт-дәстүрін сақтаған қыздарымызбен мақтанамыз. Бұрымға тағылған шашбау жарасып, инабат пен көргенділік айқын көрінсін.

ІІ жүргізуші: Сау болыңыздар! Келесі кездескенше аман-есен болыңыздар. Осындай тәрбиелі, мәнді кештерге жиі келіп тұрыңыздар.

«Бұрымды қыз» — ұлттық тәрбиені, талғам мен сұлулықты ұштастыратын игі дәстүр.