Астанам - жас қалам

Іс-шара мазмұны

Бұл сыныптан тыс іс-шара «Астанам — айбыным» авторлық өлеңдер кеші форматында өтеді. Кеш барысында оқушылар елорда тарихын еске алып, өз шығармаларын оқып, Отанға деген сүйіспеншілігін өлең арқылы жеткізеді.

Түрі

Сыныптан тыс іс-шара

Көрнекілігі

Интерактив тақта слайдтары, плакаттар, оқушылардың шығармашылық суреттері

Негізгі ой

Елорда — ел дамуының саяси, экономикалық, мәдени өзегі

Мақсаты

Білімділік

Оқушыларға Астананың жаңа елорданың саяси, экономикалық және мәдени дамуының орталығы екенін түсіндіру.

Дамытушылық

Астана жылнамасын құрастыру және жаттау арқылы есте сақтау қабілетін дамыту; Астана тарихын насихаттау арқылы тіл байлығын, сөз саптауын, ойын жүйелі жеткізу дағдыларын жетілдіру.

Тәрбиелік

Астананың мәдени жетістіктері мен Азия ойындары мысалында оқушыларды отансүйгіштікке, әсемдікке, салауатты өмір салтына баулу.

Өту барысы

  1. 1

    Оқушыларды сапқа тұрғызу.

  2. 2

    Тақырып пен мақсатты таныстыру.

  3. 3

    Әнұран орындау.

  4. 4

    Астана тарихына шолу.

  5. 5

    Қорытынды және әсем ән.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Сәлеметсіздер ме, құрметті ұстаздар мен қадірлі қонақтар! Бүгінгі «Астанам — айбыным» атты авторлық өлеңдер кешіне қош келдіңіздер! Алғашқы сөзді мектеп директоры Әбумәліков Ерлан Қанатбайұлына береміз. Болашақ ақындарымызға ізгі тілегін білдіріп, кешіміздің ашылуына рұқсат етсін.

2-жүргізуші

Балалар, Астана — еліміздің бас қаласы. Әр елдің баласы өз Отаны мен туған жері туралы біліп, оны көркейтіп, қадірлей білуі керек. Біз — осы елдің болашақ патриотымыз. Үлкендеріміз салған жолды жалғастыратын — біздер, кейінгі ұрпақ. Ендеше, бүгін Астана туралы жырлап, әңгімелеп, мақтанышпен айтайық.

Астана тарихынан қысқаша жылнама

  • 1920 жылдан бастап Қазақстанның тұңғыш астанасы белгіленді.
  • 1925 жылы астана Қызылорда қаласына көшірілді.
  • Түрксіб құрылысы астананы Алматыға көшірудің негізгі себептерінің бірі болды; шешім 1927 жылғы 3 сәуірде заң жүзінде бекітіліп, іс жүзінде 1929 жылы жүзеге асты.
  • Астана (1998 жылғы 6 мамырға дейін — Ақмола) Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен және Парламенттің мақұлдауымен 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды.
  • Қазақстанның жаңа елордасы — Астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.
  • Бүгінде Астана халықаралық іскерлік және мәдени орталыққа айналып келеді: әкімшілік ғимараттар, бизнес орталықтар, тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік-мәдени нысандар қарқынды дамуда.

Әкімшілік орталық

ҚР Президентінің резиденциясы, Парламент пен Үкімет ғимараттары.

Іскерлік орталық

Кеңселер мен компаниялар, сауда орталықтары, мейманханалар.

Әлеуметтік-мәдени орта

Театрлар, мұражайлар, демалыс орындары, спорт және ойын-сауық кешендері.

Елордаға арналған арнаулар

Астана — күн санап көркейіп келе жатқан қала. Оның өсіп-өркендеуі — мемлекетіміздің абыройы. Аз уақыт ішінде елорда келбетіне ішкі сұлулық үйлесіп, қанат жайды: сырттан келгенді де, іштен барғанды да тамсандыратын ғажайып шаһарға айналды.

1-жүргізуші

Астана — арман қала,
Бағы бар жанған қала.
Тұрады ол жап-жас болып,
Мен үлкен болғанда да.

Астана — сұлу қала,
Біз оны анамыздай
Шын сүйеміз, шынында да.

2-жүргізуші

Сәулесі түскен Есілге,
Сарыарқа төсінде —
Армандай әсем қала бар,
Бір көрсең, мәңгі қалар есіңде.

Астанам, саған табынам,
Аңсаймын, сағынам.
Таңдарың қандай жарқын,
Жандарың қандай алтын —
Бақытқа бастаған Астанам.

Биікте болсын байрағың,
Мақтаным, айбарым.
Күн өткен сайын құлпырып,
Көктемгі әсем гүлдей жайнағын.

Елордам менің еңселі,
Ерліктің өлшемі.
Арудай қала, аяулым,
Мәңгілік сүйіп өтем мен сені.

1-жүргізуші

Оқушылар шығармашылығы

Астана туралы қанша жырласақ та аз. Ендігі кезекте оқушыларымыздың жүрегінен шыққан өлеңдер ұсынылады.

«Бәйтерек»

Өтті-кетті азап күн, Жетті бізге азат күн. Аспанымда тіреп тұр Бәйтерегі қазақтың. Нағыз бақыт — осы да, Көңілімнің қошы да. Ұя салған бақ құсы Бәйтеректің басына.

«Ана тілім»

Сайлау Бекзат 7 «Б» сыныбы

Сен мына қызыққа қарашы, Жоқ бұған ешкімнің таласы: Қай тілде сөйлесе анасы, Сол тілде сөйлейді баласы. Сондықтан өз тіліңді қадірлеп, «Барым» деп, «жырым» деп, Ата оны — ана тілім деп!

«Астана»

Қойшыбай Темірлан 8 «А» сыныбы

Астана — бас қала ғой, арман қала, Онда бар Сарыарқадай аппақ дала. Самал жел, таза ауа көкжиектен Еседі Сарыарқаның баурайында. Адамды баурап алар кереметі, Бар жанды бір шаттыққа кенелтеді. Он үш жылдың ішінде Елбасымыз Астананы бақытқа жетеледі. Есіл өзен жағалары — Астана, Қазақстанның алаулары — Астана. Бәйтерек, Ханшатырлар, тағы басқа — Көркеюдің бастаулары — Астана. Астана, Астанадай бар ма қала? Астана — тебірентер жазық дала. Осындай шаттық, бақыт Қазақстанның Кетпесін, мәңгі тұрсын жолдарында.

«Астанам — айбыным»

Төлбаева Ақбота 8 «А» сыныбы

Астанам — бас қалам, Жайнайсың сен, жас қалам. Бәйтерегің бар жайнаған, Бүкіл халық сайлаған. Жайнай бер, Астанам, Гүлденген бас қалам! Жастардың болашағы — қолыңда, Қазақстанның мақтанышы сен, Мәртебелі Астанам!

«Астанам — айбыным»

Мырхеева Әсел 8 «А» сыныбы

Астана — Еуразияның жүрегісің, Астана — әр адамның тірегісің. Астанадай жер болмас бұл әлемде, Көз тартарлық сұлулығы бір қараса. Бәйтерегі жайқалған үніменен, Ақ Ордасы жайқалған гүліменен. Астана сұлулықтан сыр шертеді, Айта берсең, көп еді-ау сұлулығы. Сенен мен ештеңені аямаймын, Сен тұрғанда ештеңеден аянбаймын. Қазақтың керегесі кең емес пе, Шаңырағы теңескен бұлтпенен. Жаздым саған, Астана, арнап өлең, Аспанымдай көгілдір ту елімде. Бұл күнде халқымда бар ма арман, Астанадай сұлу, көркем жер тұрғанда! Тәуелсіз Қазақстаным менің, Ең алдымен бас иемін еліме, Содан кейін алғыс айтам жеріме. Топырағыңнан айналайын, қара жер, Қуанамын тәуелсіз болған еліме. Жиырма жылың құтты болсын алдымен, Егеменді, тәуелсіз ел — Қазақстан. Әр адамның жүрегінде тұрсың сен, Аспандағы ай секілді тербелген. Кеше ғана зар қақсадың, жыладың, Бүгін міне әуеніңді тыңдадым. Бөленіп тұрмын, кенеліп тұрмын бақытқа, Елімнің жарқын ертеңін көріп алыстан. Неге мен қуанбайын елім барда? Неге мен зар қақсайын жерім барда? Елімнің желбіреген туы тұрса, Жүрегімде қалмайды еш күдігім. Міне, таңы атты жиырма жылдың — Тәуелсіздік алғанына қазағымның. Бұл күнді тойлап жатыр барлығы да, Еуразия жүрегі — Астанада. Қазағым, гүлі болшы бәрінің де, Туыңды желбіретші бәріне де. Жүрегім сен деп соғады дүрсілдеп, Мақтанам мен, қазағым — мақтанышым. Қазағым — сенсің менің асқар тауым, Самғасам — сенсің менің ұшар әнім. Арманым да, тағдырым да қазақ елі, Анам да, әкем де сенсің менің. Жаса мәңгі, қазақ елі, жаса мәңгі, Қастерлеп сені мәңгі мен өтермін. Ешқашанда мен сенен бас тартпаймын, Ана тілім, қазақ тілім — дана тілім. Сан ғасырлар аңсаған асыл арман — Тәуелсіздік алу болды басты арман. Болашаққа үңіліп бір қарасақ, Мақсат-мұрат өркениетпен табысқан. Жастармыз — болашақтың түлектері, Армандар орындалған тілектегі. Бойдағы талап, жігер, қайрат, еңбек Тұрғандай аяғымнан тіреп мені. Елімнің патриоты мен боламын, Үлесімді еліме мен қосамын. Қазақстан — Отаным, еркіндікке бөленген, Жер бетінде сәуле шашқан өз елім.

«Астанам — айбыным»

Мырзаев Қайсар 8 «Б» сыныбы

Дәуірлердің көшінде, Елбасы кеп шешімге, Отау тіккен Астана — Сарыарқаның төсінде. Наурызда нұр тұнған, Сәуірімде сыр тұнған. Жас Астана көктемде Кілемдейін құлпырған. Барлық бояу қанықты, Сол кілемге дарыпты. Мың бұралған Есілмен Ою-өрнек салыпты. Тыныштықпен таң атқан, Әсем әуен таратқан. Әз Астанам өзіне Әлем жұртын қаратқан.

«Астанам — айбыным»

Қанатбек Бақыт 9 «Б» сыныбы

Астанам — менің айбыным, Өзіңнен аспас ай-күнім. Жарыққа шыққан кезіңнен Мен сені айға теңедім. Аспандағы ай-күнді Бақытқа мен теңедім, Аспандағы бақ құсын Батырға мен теңедім. Елді жаудан қорғайтын — Даналарға теңедім, Алға елін жетелеген — Есілге мен теңедім. Айдай әсем жағасын Болашаққа теңедім: Елді алға бастайтын, Бар әлемге танытқан. Жасай берсін Нұрсұлтан, Әнге қосар ойым бар, Асқақтата думанды — Тәуелсіз ел, ұл-қызың мақтанды!

«Астанам — айбыным»

Арқабаева Ділбара 9 «Б» сыныбы

Астанам — айбыным, Тамсанып қараймын. Көркіңе көз тоймай, Өскеніңді қалаймын. Астанам — жас қалам! Астанам — бас қалам! Қазақстанды көркейткен, Әсем әлем — Астанам! Астанам, Астанам... Жетілген бас қалам. Нұрсұлтан ағам отырған Ақ Ордам — Астанам! Мен қарап мақтанам Жарқын жарық қаламмен, Кең байтақ даламмен, Биік-биік тауыммен, Ұшы-қиыр тасыммен, Мөлдір бұлақ суыммен, Көгілдір көк туыммен, Өйткені мен — қазақпын! Отанды қорғап қалмақпын! Біздің өмір, біздің көңіл — Әрине, біз қазақпыз. Қазақстанды дамытып, Жүлделі орын алмақпыз. Қазақстанда — Астана, Жайнаған бас қала. Бәйтерек орналасқан Нұрлы қала — Астана! Астанам — айбыным, Өтпес сенсіз жай-күйім. Бір көріп ғашықпын, Сен ғой менің байлығым. Астанам — жайнаған гүлім, Аспанға жарық төгіп, Жарқыраған күнім. Астанам — гүлденген қалам, Бағынады саған қазақ далам! Астана — жұмақтайсың, Көргеннің көзі тоймайды. Көрмегенге жұмбақтайсың, Сені күні-түні ойлайды.

«Астанам — айбыным»

Өміржанова Әсел 9 «Б» сыныбы

Арқаның байтақ төрінен Бой түзеп, әсем гүлдедің. Жанымнан үзіп өзіңе Келеді жарық нұр бергім. Қуанам әсем көркіңе, Ертеңге қарап талпынған. Өзгерер қалпым жоқ менің — Өзіңді сүйген қалпымнан. Қызығып саған қараймын, Өзіңсің ақ таң, арайлым. Өзіңді сүйген жүрекпен Бәріне тіпті барамын. Бәйтерегіңнен көз салып, Есілге ерке тамсанып, Ақ Орда сұлу, Ханшатыр — Жүремін әр кез мақтанып. Жиырма жыл өтті зымырап, Тәуелсіз елім — шаттанам. Ғажайып көркем жас қалам, Айбыным менің — Астанам!

«Тәуелсіздік»

Тәуелсіздік біздерге Оңайлықпен келген жоқ. 16 желтоқсанның Қасіреті болған көп. Қызық көрмей бұл өмірден Қырылды талай жас қыршын, Тәуелсіздік аламыз деп Аямады өз жанын. Қайрат сынды ағалар, Сабирадай сұлулар — Құрбан болған жер үшін, Қалың қазақ ел үшін! Еске аламыз 16 желтоқсанды, Терін төккен ағалар мен даналарды. Ұмытпайсың ешқашанда Қадірлі бұл тұлғаларды. Жеңіске жетіп бұл таңда Тәуелсіз ел атандық. Көк байрақты желбіретіп Қазақтың байтақ жерінде. Жаңа әлемдегі Қазақстаным — Дамыған ел қатарында. Жетіп талай жетістікке, Көрінсін биік шыңдардан!

Қорытынды

Құрметті көрермен! Болашақ ақындарымыздың жүрегінен шыққан туындыларын тыңдадыңыздар. Енді өз еліміз, жеріміз, астанамыз туралы әсем әнді қабыл алыңыздар!